11 желтоқсанда журналист Айгүл Өтепова Нұр-Сұлтандағы психиатрия орталығынан шықты. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады.
Билікті сынап жүрген журналист Өтепованың үстінен қозғалған қылмыстық іс аясында тергеушілер өтінішімен оның "ақыл-есін тексеру мақсатында" медициналық сараптама тағайындалып, журналист қараша соңында психдиспансерге жіберілген еді. Жақтастары мен құқық қорғаушылар істің саяси астары барын айтады.
- Бүгін "психика саулығы орталығына" бардым. Сол жерден оны үйіне жеткіздім. Қазір ол үйде. Бірақ оны үйқамаққа қамау туралы (17 қаңтарға дейін) сот санкциясы күшінде. Оның денсаулығын тексерген дәрігерлер ақыл-есі сау деген қорытынды шығарды. Ол қорытындыны тергеушілерге береді. Осыған дейін саяси себеппен оның ақыл-есі сау емес деп шешім шығарады деп уайымдағанбыз, - деді Ғалым Нұрпейісов.
Қыркүйек айында Айгүл Өтепованың үстінен 405-бап бойынша ("тыйым салынған ұйымның жұмысына араласу") қылмыстық іс қозғалып, үйқамаққа алынған еді. Журналистке "Facebook желісінде билікті сынаған жазбалары үшін" айып тағылып отыр. Блогер Facebook желісінде соңғы жазбаларының бірінде биліктің індетпен күрес шараларын сынап, карантинде отырған жарты жыл ішіндегі "өзгерістер" туралы айтқан еді.
Қараша айында тергеу соты журналистің "психикасының дұрыстығына көз жеткізу үшін" психдиспансерде тексеруден өткізу туралы тергеушінің арызын қанағаттандырған еді. Апелляциялық сот шешімнің негізсіз екенін айтқан қорғау тарабының өтінішін қанағаттандырмады. Айгүл Өтепова психдиспансерде 23 қарашадан бері болған.
Қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары Айгүл Өтепова ісіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Халықаралық Amnesty International (AI) құқық қорғау ұйымы Айгүл Өтепованы "ар-ұждан тұтқыны"деп атады. Ұйым Өтепованың "пікірін бейбіт түрде ашық айтқаны үшін қуғындалып отырғанын" сынап, оны босатуға шақырған.
Қазақстандық кей құқық қорғаушылар Өтепованың үстінен қозғалған істі биліктің сот шешімімен тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы жақтастарын қудалау ісімен байланыстырады. Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
50 жастағы Айгүл Өтепова newtimes.kz басылымында журналист болып еңбек еткен. 2015 жылы Қазақстан президенттігіне өзін үміткер ретінде ұсынып, кейін бас тартқан еді.
ПІКІРЛЕР