12 желтоқсанда Алматы әуежайында белсенді Диана Баймағамбетова ұстап, қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына отырғызған. Бұл туралы Азаттыққа адвокат Ғалым Нұрпейісов хабарлады.
– Бүгін полиция департаментінде тергеу ісі аясында Асхат Жексебаев, Қайрат Қылышев пен Абай Бегімбетовтен жауап алды, олардың адвокаты ретінде мен де қатыстым. Сол кезде көрші кабинетке Диана Баймағамбетованы әкелді. Оған Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша күдікті екенін, өзіне адвокат қажет болатынын айтқан. Ол бірден мені атап, мен дереу оны қорғауға кірістім, – деді Нұрпейісов.
Оның сөзінше, Диана Баймағамбетова "Көше партиясы" қозғалысының іс-әрекетіне қатысқан деген күдікпен Қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-бөлімі ("Тыйым салынған ұйымға қатысу") және 182-бабының 2-бөлімі ("Экстремистік топқа қатысу") бойынша қозғалған істер бойынша айыптар тағылған. Хаттама толтырылғаннан кейін Баймағамбетованы уақытша ұстау изоляторына қамаған. Енді белсенді тергеу соты оған бұлтартпау шарасын қолдануға байланысты шешім шығарғанша сол жерде отырады дейді адвокат Нұрпейісов.
Биыл бірнеше наразылық акциясына қатысқан белсенді Диана Баймағамбетова осы кезге дейін жиынтығы 45 күн (15 тәуліктен үш рет) әкімшілік қамауда отырып шыққан. Маусым айында "субботаж" шарасына, тамызда – белсенді Дулат Ағаділдің туған ауылында билік рұқсат етпеген акцияға қатысқаны, ал қазанда Алматыда жұртты митингіге шақырған деген айыппен әкімшілік жауапқа тартылған. Адвокат Нұрпейісов Азаттыққа сот қаулыларының көшірмесін көрсетті.
"Тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу заңда онша ауыр емес қылмыс түріне жатқызылған, ал "экстремистік топқа қатысқан" деген айып ауыр қылмыс саналады, ол бойынша айыпталған адам 8 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамалуы мүмкін" деп түсіндірді адвокат Ғалым Нұрпейісов.
Қазақстандық құқық қорғаушылардың мәліметінше, қазіргі кезде елде тыйым салынған ұйымның ("Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының (ҚДТ) немесе "Көше партиясының") қызметіне немесе құруға қатысқан деген күдікпен сотталған және тергеліп жатқан кемінде 110 адам бар. 2018 жылы сот шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылып, тыйым салынған ҚДТ қозғалысын 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан қуғындағы оппозиционер Мұхтар Әблязов құрған. Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
Биылғы мамырда Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық соты Бас прокуратурының өтінішін қанағаттандырып, тіркелмеген "Көше партиясы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Прокуратура ҚДТ атауын өзгертіп, "Көше партиясына" айналған деп санайды.
Қазақстан билігі ҚДТ мен "Көше партиясына" тыйым салу туралы шешімін көпшілікке жариялаған жоқ. Елде бұл екі қозғалысты қолдайтын азаматтар қылмыстық жауапқа тартылып, кейбірі әртүрлі мерзімге түрмеге қамалған.
ПІКІРЛЕР