Шыңжаңдағы мұсылмандардың қудалануы жайлы айтып жүрген белсенді Серікжан Біләш Қазақстанда "қысымға ұшырап", елден кетуге мәжбүр болды. 28 желтоқсанда Біләш туралы мақала жариялаған Financial Times газеті осылай деп жазды.
46 жастағы белсенді қыркүйек айынан бері Стамбулда тұрып жатыр. Ол басылымға Шыңжаңдағы ұйғырлар мен мұсылман топтардың құқығын қорғағаным үшін қысымға ұшырадым деп айтқан.
"Менің әрекетім Қытайдағы көптеген адамдарды құтқарады деп сенемін. Бірақ өз елімде қала алмаймын. Бұл трагедия" деді белсенді.
Біләш сұхбатында Нұр-Сұлтанның ірі инвесторы "Қытай билігі Қазақстан саясатына қатты ықпал етіп отыр, сол себепті Қазақстанның арнайы қызметі қайта-қайта ізіме түсті" деп айтқан. Былтырғы қамалуын да сонымен байланыстырған.
"Шыңжаң құрбандарының дерекқоры" жобасының авторы Евгений Бунин Біләш негізін қалаған "Атажұрт еріктілері" тобы Қытайдағы қудалаулар туралы халықаралық қауымдастыққа жеткізуге теңдессіз үлес қосты деген.
Біләш сұхбатында осыдан үш жыл бұрын Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері келіп, "геноцид", "этникалық тазарту" сөздерін пайдаланбау қажеттігін, бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы достыққа салқынын тигізеді деп ескертіп кеткенін еске салады.
Үш айдан астам уақыттан бері Түркияда тұрып келе жатқан Біләш ол жақта да өзін қауіпсіз сезінбейтінін, себебі кейінгі кезде Анкараның да Пекинмен тығыз қарым-қатынас орната бастағанын байқағанын айтқан.
Вашингтон университетінің ғалымы Шон Робертс басылымға "Қытайдағы қуғындаулар Нұр-Сұлтанды қиын жағдайда қалдырды: бір жағынан ол сауда-саттық саласындағы ірі әріптесін сақтап қалғысы келсе, екіншіден елде Қытайға қарсы көңіл-күй өршіді" деген. Сарапшы Қазақстан билігі "бәлкім, мәселенің жоғалғанын қалаған болар" деп топшылаған.
Азаттық тілшісі әзірге Серікжан Біләшпен хабарласа алмады.
Шамамен 20 жыл бұрын Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң өлкесінен Қазақстанға көшіп келген Серікжан Біләш былтыр наурыз айында Алматыдағы қонақ үйде ұсталып, ізінше Нұр-Сұлтанға жеткізілген. Ол жақта үйқамақта 5 айдан астам уақыт отырды.
2019 жылы 15 тамызда Біләштің ісі басқа қалаға ауыстырылып, белсенді қамауға дейін отбасымен тұрған Алматы қаласына оралды. Екі күннен соң Әуезов аудандық соты оған айыппұл салып, жеті жыл қоғамдық ұйымды басқаруға тыйым салды. Бірақ өзіне тағылған айыпты мойындамаған Біләштің прокурормен келісім жасағаны да сол күні белгілі болды. Соттан кейін Азаттыққа сұхбат берген Біләш "келісім жасауға мәжбүр болдым" деп айтқан.
Бұл сот ел ішінде және халықаралық қауымдастықтың назарын аударған. Құқық қорғаушылар “билік Біләшті жауапқа тарту арқылы Қытай қазақтарының мәселесін көтеріп жүрген белсенділердің жұмысына кедергі келтіріп жатыр” деп сынаған.
24 қарашада БҰҰ-ның жұмыс тобы Серікжан Біләштің ісін қарап, ол заңсыз ұсталған деген шешім шығарған.
Серікжан Біләш тіркелмеген “Атажұрт еріктілері” ұйымын басқарып тұрғанда Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеріп, олардың құқығын қорғаумен айналысқан.
Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман "қайта саяси тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалған. Пекин бұл орындарды "терроризммен күрес орталығы" деп атаған. Құқық қорғаушылар мен куәгерлер лагерьлерде азаптау, қысым жасау, зорлық-зомбылық, мәжбүрлі түрде жұмыс істету сияқты адам құқығын өрескел бұзу фактілері барын айтады.
ПІКІРЛЕР