28 желтоқсанда кешке Балқаш қаласында белсенді Азамат Раев үйінің жанында соққыға жығылған. Facebook-тағы парақшасында соққыдан кейінгі суретін жариялаған тұрғын екі күн бұрын сайлау мәселесін талқылау үшін Қарағанды қаласына барып, бірқатар белсенділермен кездескенін жазып, оқиға сонымен байланысты болуы мүмкін деп топшылаған.
"28 желтоқсанда кешкі сағат сегіздер шамасында жұмыстан шықтым. Содан бастап артымнан қара түсті белгісіз жеңіл көлік аңдып келе жатқанын көріп, аялдамаға тезірек жетіп, автобусқа мініп кеттім. Үйіме жақын аялдамадан түсіп үйге қарай бет алған кезде қараңғыдан танымайтын ер адам шығып, шылым сұрады. "Шекпеймін" дегенім сол еді, "ұялы телефоныңды әкел" деп арпалыса кеттік. Сол мезетте маған бірнеше рет соққы беріп, менің айғайымнан тұра қаша жөнелді" деп жазды тұрғын Facebook-тағы парақшасында.
Үйіне шақыртылған жедел жәрдем қызметкерлері мен 29 желтоқсанда денсаулығын тексерген дәрігерлер оның жеңіл түрде "миы шайқалғанын" анықтаған. Раевтың айтуынша, түнде келген полиция қызметкерлері оқиғаны "бұзақылық" бойынша тергейтінін айтқан.
Балқаш полициясы Азаттық тілшісіне әзірге жауап бермеді.
Қарағандылық белсенді Айтқожа Фазылов бірнеше сағат бұрын Facebook-тағы жазбасында Азамат Раевтың Қарағандыға келіп, байқаушы ретінде тіркелуге ниет білдіргенін жазды. Азаттық тілшісіне Раев байқаушыларға куәлік беретін "Мұқалмас" ұйымының Балқаш қаласы бойынша үйлестірушісі ретінде тіркелгенін айтты.
Ол елде "митинг болады" деген күні полицияның үйін үнемі торуылдап, сыртқа шығармайтынын да айтты. Жазда Ақмола облысы Талапкер ауылындағы марқұм Дулат Ағаділдің асына барып келгеннен кейін бөлімшеге шақырып, "әңгіме" өткізген.
Осыған дейін бірқатар тәуелсіз байқаушылар қысымға ұшырағанын хабарлаған.
Қарай отырыңыз: "Билік таза сайлау өткізуге мүдделі емес" (25 желтоқсан 2020 жыл).
Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді.
Желтоқсан айының басында орталық сайлау комиссиясы тәуелсіз байқаушылар туралы қаулы қабылдаған. Құжатта сайлауды бақылауға құқығы бар ұйымдар ғана сайлау учаскесіндегі дауыс беруді қадағалай алатыны, ал фото-видеоға түсіру үшін сайлау комиссиясының рұқсаты керек екені айтылған. Тәуелсіз байқаушылар бұл талап заңға қайшы деген. Осыған дейін бірқатар белсенділер жоғарғы соттан "заңсыз қаулының" күшін жоюды талап еткенмен өтініштері қанағаттандырылмады.
ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен сайлаулардың ешқайсысын "демократиялық талаптарға сай" деп мойындамаған. Былтыр өткен президент сайлауында да ЕҚЫҰ "бюллетеньді топтап салу", "байқаушыға қысым жасау" сияқты заңсыз әрекеттер көп болды деп бағалаған. 2019 жылы президент сайлауы кезінде жұрт жаппай наразылық акциясына шығып, сайлауға қарсылық білдірген. Құқық қорғаушылар сайлау кезінде биліктің бейбіт митингіге шыққан азаматтарды жосықсыз қудалап, жазалағанын айтқан.
ПІКІРЛЕР