5 қаңтарда Алматыдағы Әуезов аудандық сотында судья Данияр Сембаев ресейшіл блогер Ермек Тайшыбековтің ісі бойынша сотта айыпталушының тергеу изоляторындағы қамау уақытын тағы бір айға созды. Бұған қоса, судья айыптау актісін қайта қарастыру үшін прокуратураға жолдады. Судьяның пайымдауынша, айыптау актісін аудандық прокурор емес процессуальдық прокурор мақұлдаған. Бұл туралы Азаттыққа 42 жастағы Тайшыбековтің адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады.
Сот прокурор 15 күннің ішінде судьяның айыптау актісіне қатысты шығарған анықтамасына шағым түсіре алатынын ескертті.
Келесі сот отырысы қашан өтетіні айтылған жоқ.
Блогер Тайшыбеков 2020 жылы 23 қыркүйекте Алматыда Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабымен күдікке ілініп, қамауға алынған. 26 қыркүйекте тергеу соты оны екі айға қамауға алған.
1 қазанда Алматы аппеляциялық соты тергеу сотының шешімін күшінде қалдырып, Тайшыбековті қамаудан босатпады.
Ресейшіл ұстанымымен танылған қазақстандық блогер Ермек Тайшыбеков 2015 жылы желтоқсанда Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбалары арқылы ұлтаралық араздық тудырды деп төрт жылға сотталған.
Саяси көзқарастары үшін Тайшыбековті "арандатушы", "Қазақстан тәуелсіздігіне қарсы адам" деп санайтындар бар. Оның мәлімдемелері Қазақстан парламенті депутаттарының, ұлттық патриоттық қозғалыстардың наразылығын туғызған. Тайшыбеков өзіне тағылған айыптарды мойындамай, істің саяси астары бар деген.
2016 жылы ЕҚЫҰ өкілі Қазақстандағы блогерлерге қатысты үкімдерді сынға алды. Ал 2017 жылы Тайшыбек мерзімінен бұрын босап шықты.
Халықаралық ұйымдар Қазақстанның Қылмыстық кодексіндегі "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабын жиі сынайды. Олар билік бұл бапты өзін сынайтын белсенділер, журналистер, блогерлерді, дін ұстанатындарды қудалауға қолданады деп санайды.
ПІКІРЛЕР