Accessibility links

"Қысым күшейген сайын рухтана түстік". Полиция қоршауында қалған белсенділердің әңгімесі


25 жастағы Айзат Әбілсейіт: Әлім құрып, жерге отыра кеттім. Ішімнен "Қайда жата кетсем екен?" деп ойлаумен болдым. Азаттыққа фотоны HOLA News сайты берді.
25 жастағы Айзат Әбілсейіт: Әлім құрып, жерге отыра кеттім. Ішімнен "Қайда жата кетсем екен?" деп ойлаумен болдым. Азаттыққа фотоны HOLA News сайты берді.

10 қаңтар – сайлау күні Алматыда Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашыл топтың ондаған белсендісі және "Oyan, Qazaqstan!" қозғалысының өкілдері наразылық акциясына шығып, арнайы жасақ өкілдерінің қоршауына түсті. Белсенділер "Сайлауға бойкот!", "Назарбаев, кет!" деп ұрандатты. Түскі 13:00-ден кейін полиция Назарбаев және Сәтпаев көшелерінің қиылысы маңында алаңға беттеген адамдарды ұстай бастады. Бұл – қоршауға түскен белсенділерді қолдауға келген азаматтар еді. Белсенділер суық күнде алты-тоғыз сағаттай полиция қоршауында тұрды. Оппозициялық қозғалыс белсенділері Азаттыққа аязды күні ас-сусыз және әжетханаға бару мүмкіндігінсіз наразылық акциясын қалай өткізгендерін әңгімелеп берді.

Айзат Әбілсейіт, 25 жаста: "Өзімді нашар сезіне бастадым. Ішімнен "Қайда жатсам болады?" деп ойлаумен болдым

Айзат медицина саласы бойынша білім алып жүрген студент. Оқуынан бөлек, медициналық бұйымдар сататын компанияда маркетинг бөлімінің директоры болып істейді. Ол саяси реформаларды талап ететін "Oyan, Qazaqstan!" қозғалысының мүшесі ретінде бұған дейін де бірнеше рет митингілерге қатысқан. Айзат 10 қаңтарда 25 жасқа толды. Ол туған күнін кешкі жетіге дейін арнаулы жасақтың қоршауында көзқарасы ортақ замандастарымен бірге өткізді.

Түскі 12-лер шамасында "Оянға" мүше жастармен бірге алаңға бару үшін [Республика алаңына жақын маңдағы] "Рамстор" дүкеніне жиналдық. Бізді азаматтық киімдегі 12-15, тіпті одан да көп адам сырттай бақылап жүрді. Полиция қоршауға алған аумақты айналып өтіп, Достық даңғылынан Сәтбаев көшесі арқылы алаңға барамыз деп шештік. Бұл кезде алаңда Қазақстанның демократиялық партиясын құру жөніндегі топ мүшелері қоршауда тұр екен. Біз Сәтбаев көшесімен жүрдік. Сағат 13:22-де бізді арнаулы жасақ қоршауға алды. Олар бізді шеңберге қамап, жүргіншілер жолынан әрі қарай ығыстыра бастады. Турасын айтқанда, жермен сырғанатып сүйреді. Біз кезде қолым сынған шығар деп ойладым, өйткені жан шыдатпай ауырды. Айсана құлап қалды, Айғақтың аяқкиімі жыртылды. Жылдам болғаны сонша, не болып жатқанын түсініп те үлгермедік. Ешкім ұрандатқан жоқ, біз жай ғана бейбіт жүріп келе жатқанбыз.

Полиция қоршаудағы белсенділерге бір кесе шәй ішуге, дәретханаға баруға мұрша бермеген
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:14 0:00

Өзімізді не үшін ұстағанын түсіндіруді сұрадық. "Алаңда емеспіз, қолымызда плакат жоқ, ешқандай ұрансыз, ешкімге тимей тыныш келе жатыр едік" дегенді жеткізуге тырыстық. Бірақ бізге ешкім жауап бермеді және бәрімізді шеңберден шығармай ұстап тұрды. Бізді заңсыз ұстады, сондықтан журналистерге (Азаттық тілшілері бірден келді. — Ред.) және барлық таныстарымызға хабарласа бастадық. Мобильді байланыс болмады, бірнеше километр жерге дейін интернет істемеді. Бірнеше минуттан кейін "Әділ сайлау үшін" және тағы басқа ұрандарымызды айта бастадық. Қоршауда тұрып, дауыс зорайтқышпен "Босат!", "Масқара!" деп айқайладық.

Шамамен бір сағаттан кейін біз тұрған ғимараттың төбесінен Айнұрдың үстіне мұз құлады. Мұздың бір бөлігі Айдосқа да тиді. Айнұр бірден көзін ұстап, жерге құлады. Бәріміз қорқып кеттік, жедел жәрдем шақыруды сұрадық. Жедел жәрдемді Vlast.kz басылымының журналистері шақырды, ол жеті-он минуттан кейін келді. Айнұр дәрігерлерге қаралғаннан кейін, арыз-шағым бермей, қайтадан қатарымызға қосылды.

Арнайы жасақ қоршауында тұрған белсенді Айзат Әбілсейіт. Алматы, Қазақстан. 10 қаңтар, 2021 жыл.
Арнайы жасақ қоршауында тұрған белсенді Айзат Әбілсейіт. Алматы, Қазақстан. 10 қаңтар, 2021 жыл.

Сәтбаев [көшесіндегі] аялдама жақтан 20-30 шақты адам шығып, "п***ры, ЛГБТ" деп айқайлап, төбелес шығару мақсатымен бізге қарай ұмтылды. Біз мұны арандату деп түсіндік. Полиция оларды тоқтатқан сыңай танытты, кейіннен оларды автобусқа отырғызып, белгісіз бағытқа қарай алып кетті. Бізге МИСК (Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі – Ред.) ұйымының өкілдері, белсенділердің ұсталғаны туралы хабар естіген азаматтар және достарымыз киім, тамақ пен сусын әкеліп берді. Қоршауда тұрғанымызға бес сағат болғанда әкімдік өкілдері келіп, бізді бір адамнан босатып, үйімізге жеткізіп салатындарын айтты. Біз бұл ұсыныстан бас тартып, "Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін!" деп айқайладық. Қоршауда тұрғанда өз позициямызды білдіріп, сайлауға қарсы екенімізді, әділ сайлауды қолдайтынымызды айттық.

Қоршауда өте көп уақыт тұрдық. Дархан мен Әсем қатты тоңып қалды. Жедел жәрдем шақырдық, оларды үсік шалған деп ауруханаға алып кетті. Өзімді нашар сезіне бастадым, салқын тиіп, басым ауырды. Жылыну үшін шеңберді айналып жүргенімізде, есімнен танып қалатын шығармын деп ойладым. Әлім құрып, жерге отыра кеттім. Ішімнен "Қайда жата кетсем екен?" деп ойлаумен болдым.

Осылай тағы бірнеше сағат тұрдық. Осы уақыт ішінде бізге жағдайды түсіндіріп ешкім келген жоқ. Суық күнде далада тұрдық, әжетханаға баруға да рұқсат бермеді. Біз де, құқық қорғаушылар да қоймай талап еткен соң, екі қызды ғана әжетханаға жіберді. Қалғандары соңына дейін шыдады. Жігіттер бөтелкелер мен сусыннан босаған ыдыстарға дәрет сындырды. Бір жігіт дәрет сындырған кезде, үш-төртеуі оны сырт көзден жасырып, сыртынан қоршады. Олардың артында арнаулы жасақ тұрды. Осылай қолымыздан келгенше бір-бірімізге қолдау көрсеттік. Суық күнде көпшіліктің ортасында дәрет сындыру кімге болсын жағымсыз ғой.

Арнайы жасақ қоршауындағы Айзат Әбілсейіт. Алматы, Қазақстан. 16 желтоқсан, 2020 жыл.
Арнайы жасақ қоршауындағы Айзат Әбілсейіт. Алматы, Қазақстан. 16 желтоқсан, 2020 жыл.

Соңында екі жедел жәрдем көлігі келген кезде жай киім киген бір адам келіп, "бәрін таратыңдар, бірақ тура үйлеріне қайтсын" деді. Осыдан кейін қоршаудан босадық. Жерге төселген картондар мен қоқысты жинап, әжетханаға барып, жылыну үшін "Колибриге" кірдік. Осы кезде бір қыз келді. Ол белсенді емес, біздің ұсталғанымыз туралы жаңалықтан біліп, кофе әкеліпті. Кофені ҚДП белсенділеріне апарамыз деп шештік. Олар Фурманов [қазіргі Назарбаев] даңғылында қоршауда тұрды. Полиция бізді ол жаққа өткізбеді. Біз айналып, Байсейітова көшесі жақтан кірдік. Нағашыбек журналист кеудешесін киіп алды. Соның өзінде оған белсенділерге кофе апарып беруге әзер рұқсат етті.

Белсенділер үшін әрбір митинг физикалық және психологиялық тұрғыдан өте ауыр. Алты сағат суықта тұру қиын болды: әлі қанша уақыт ұстайтындарын білмейсің, әжетханаға барғың келеді, өзіңді нашар сезінесің, айналаңда жай киінген адамдар видеоға түсіріп, арандатады, осының бәрі қатты әсер етеді. "Әділ сайлау үшін!", "Босат!", "Масқара!" деп айқайлаған кезде айналамыздағы адамдарға өз ойымызды жеткізуге тырыстық. Қазір айтудың өзі қиын. Бәрі аяқталып, бізді босатқан кезде ұзақ уақыт суықта бір орында тұрғаннан жүру қиындап, аяғымызды сезуден қалдық. Біз қоршауда тұрған кезде арнайы жасақ өкілдері әр сағат сайын ауысып отырғанын атап өткім келеді. Жолдың жиегінде олардың автобусы тұрды. Кеттлинг [күш құрылымы өкілдерінің наразыларды төрт жақтан қоршап, шеңбердің ортасында ұстайтын әдісі], үш жедел жәрдем [көлігі], арандату және алты сағат қоршауда тұруды наразылықтағы негізгі дүниелер деп атауға болады. Кездесу орнын жай киінген адамдардан (ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері шығар) құпия ұстасақ та, үйімізден белсенділер жиналған жерге дейін ізімізден аңдып барып, бейбіт кетіп бара жатқан жерімізден, еш себепсіз, алаңда емес, жүргіншілер жолында ұстағаны ақылға сыймайды.

Айгерім Тілеужан, 35 жаста: "Полицейлер қоршауында дәретке отырғаннан асқан қорлық жоқ екен"

Айгерім – қазақ және орыс тілдерінен аудармашы. Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашыл топ мүшесі. Топ құрамында митингіге жиі шығады.

Арнайы жасақ қоршауындағы Айерім Тілеужан. Алматы, 10 қаңтар, 2021 жыл.
Арнайы жасақ қоршауындағы Айерім Тілеужан. Алматы, 10 қаңтар, 2021 жыл.

Сыртымыздан түні бойы бақылады. Сағат 11:00-де Сейфуллин мен Шевченко көшелерінің қиылысында кездестік. Қатарымызға Әсем Жәпішева қосылды. 11:30-да алаңға барған едік, бізді бірден қоршап алды. Фурманов (Назарбаев даңғылы – Ред.) қиылысында "ояндықтар" ("Oyan, Qazaqstan!" қозғалысының мүшелері Ред.) тұрды. Олар бізге қосылғысы келген, бірақ оған мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, екі топ бөлек екі қоршауда қалдық.

Басында біз [Демпартия белсенділері] 10 әйел, 15 еркек – барлығы 25 адам болдық,. Қоршауда тұрған алғашқы сағаттарда бізге тамақ беруге болатын, бірақ кейін адамдарды мүлде өткізбей қойды. Сағат 12-лерде Ермахан (бокстан Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов – Ред.) келіп "Мәселелеріңді шешіп беремін" деді. Біздің адамдар кетуін сұрады, ол төбелес тудыруға талпынды. Ол Абзалды ұруға оқталғанда, қолы бетіме тиіп кетті. Боксер ғой, қолы қатты екен. Оны бізге әдейі жібергені анық. Әйтпесе несіне келеді? [Белсенді] Талғат Рысқұлбековпен де солай. Ол да төбелес бастағысы келді. Мақсаттары – төбелес ұйымдастырып, бізді маргинал етіп көрсету. Мені ұрған кезде полицейлер, полицияның арнайы жасағы жай қарап тұра берді.

Арнайы жасақ әскері жай тұрмады. Біреуі байқатпай Диананы теуіп қалды. Біз тұрған шеңбер өте тар болды. "Бұл қайсысың, түріңді көрсет" деп барып едік, қолымды қайырып, қатты итеріп жіберді, жерге құлап түстім. Қазір бүкіл денем ауырып тұр, кеше ет қызуымен ауырғанын сезбеген сияқтымын. Бұйрық келсе, бізді ұрып тастауға дайын екенін көздерінен көрдім.

Бір күн бұрын Әсем Жәпішева билік біздің митингіге "титушкаларды" жіберетінін айтқан. Арнайы жасақ шеңберді ашып бізге үш арандатушыны кіргізіп жіберді, олар қолымыздан дыбыс күшейткішті тартып алмақ болды. Үш рет бетін қайтардық. Олар рупорға ұмтылып, төбелеске шақырды. Екеуі рупорға жармасса, үшіншісі жұдырығын сермей берді. Біз оны қоршаудан шығарып жібердік. Ермахан шеңберден шыққан соң өз рупорын алып келген топ бізге қарап "Мамай – сатқын!" деп айқайлай бастады. Біз олардан қатты айқайладық. Арасында қарт әйел мен мығым денелі ер кісі болды, оны суретке түсірейін деп едік, маскасын көзіне дейін тағып, бас киімін төмен түсіріп алған екен. Олар сәкіге шығып айқайлай берді, бірақ ұзаққа шыдамады. Нәтиже шықпаған соң қатты музыка қойып қойды. Басында әуенге ілесіп ән айтып тұрдық. Бірақ оны қайталап қоя берді, қоя берді, колонканың батареясы отырғанда ғана үні өшті.

Бізді он сағаттай ұстады. Таңға дейін ұстайды дегенді де естідім. Арнайы жасақ шеңберді тым тарылтып жіберді, карантин уақыттында қашықтық сақтау деген әңгіме жайына қалды. Олар екі шеңбермен қоршап тұрды. Екінші шеңберден байқатпай жұдырықпен ұрып, теуіп жатты. Бұлайша жақын тұру мүмкін емес болған соң өзіміз оларды сыртқа ығыстыра бастадық. Қатты қысқан кезде Әсем [Жәпішева] жарақат алды.

Айгерім Тілеужан, Алматы, 10 қаңтар, 2021 жыл.
Айгерім Тілеужан, Алматы, 10 қаңтар, 2021 жыл.

Арнайы жасақ қоршап, тесіліп қарап тұрғанда дәретке отыру – өте ауыр сезім. "Жарайды, барып келіңіз" деген біреуі болса ше? Кешке қарай екіқабат әйелді босат деп қанша сұрадық. Босатпады. Содан соң Аружанның қан қысымы көтеріліп, жағдайы нашарлады, таңертеңнен нәр татпағаннан басы айналды. Сосын ол суық жерге отыра қалды. Аяғы қалшылдап кетті. Жасы небәрі 21-де. Оған жедел жәрдем шақырғанда ғана Диананы бірге босатты. Оның жағдайын тексеру керек болатын, ал "жедел жәрдем" алып кетпеді. Аружанды әкетті, содан соң оны үйінің қасында күтіп тұрып, "қылмыстық іске куәгер" ретінде Медеу аудандық ішкі істер бөліміне апарып, үш сағат ұстады.

Бұл жүйе оппозицияның қатысынсыз өзі-ақ өзгереді деп үміт күтіп жүргендер болса, осының бәрі мұның бос қиял екенін көрсетеді. Әсіресе Тоқаевты Назарбаевқа қарсы қойып, оны қолдап жүргендер. Ол да жүйенің өз адамы, Назарбаевтың ізбасары. Диктатурада, фашистік режимде өмір сүріп жатқанымызды [түсіндік]. Жас қыздарды, жасамыс апайларды дәретханаға да жібермей аязда ұстап тұрған соң мұны басқаша атау мүмкін емес. Бұл – фашизм, бұл – қорлау.

Бізге тіпті дәрет сындыруға тыйым салды. Үш әйел сол жерде дәретке отырды. Ер адамдар соңына дейін шыдап тұрды. Сағат тоғыздарға қарай ғана командир бір-бірлеп ағаштың түбіне дәретке отыруға рұқсат берді. Олар шеңберден шығып, ағаштың түбіне барып жатты...

Кеше [наразылардың қатарына] жаңа адамдар қосылған. Оларды ұстап, аудандық ішкі істер бөліміне жіберіп жатты. Меніңше, жаңа қосылғандарды ұстап, қорқытып отыру деген тактика болған сияқты. Оларға біздің жақтастарымызға қосылуға мүмкіндік бермеді. Кейбіреуін ұстады, кейбірі ескі алаңға кеткенде сол жақта ұстады. Желтоқсан [көшесі] жағынан келген жақтастарымызды да қатарымызға жібермеді.

Алғаш ұстаған кезде бізге әкімдіктен Бекжан деген кісі келді (фамилиясы есімде жоқ). "Заңсыз митинг өткіздіңдер" деп айыптады. Одан соң әкімдіктен бірде-бір адам келмеді, аулақ қашып жүрді. Тек аттандаған "титушкалар" ғана болды. Соңында, тағы дәретханаға сұранғанымызды Елдар мен Бекжан келіп, "не керек?" деп сұрады. Біз "босатыңдар, әрі қарай қайда баратынымызды өзіміз шешеміз" дедік.

Сағат 11:30-дан кешкі 9:30-ға дейін тұрдық. Бұл мен үшін ең ауыр митинг болды. Дәрменсіздік сезімі болмады, себебі бізді ұстайтынын түстен кейін-ақ түсіндік. Таңға дейін тұруға да дайын болдық. Арнайы жасақтың адамдарынан айырмашылығымыз – біз принцип үшін шықтық. Ал жасақ әр жарты сағат сайын ауысып тұрды. Кешкі алтыға дейін олар сегіз мәрте ауысты. Әрі қарай санай алмай қалдық. Олар рухымызды сындыруға тырысқан сайын соңына дейін тұруға құлшындық. Бізді босатқан себебі – арнайы жасақ шаршап кетті. Соңғыларын бір жарым сағат бойы ауыстырмады, бұл – олар үшін өте ұзақ. Оның үстіне олар арнайы жасақта адам аз екенін түсінді. Жартысын ішкі істер бөлімдеріне, автозактарға жіберді.

Арнайы жасақ қоршауындағы белсенді Айгерім Тілеужан. Алматы, 10 қаңтар, 2021 жыл.
Арнайы жасақ қоршауындағы белсенді Айгерім Тілеужан. Алматы, 10 қаңтар, 2021 жыл.

Бірақ дәретханаға бара алмаудан қиын нәрсе жоқ екен. Менің балам жоқ, суықта тұру және дәрет сындыру – бала көтермеген әйел үшін өте қауіпті, ол бедеу болып қалуы мүмкін. Суықта тоғыз сағат тұру сондай қорқынышты емес. Физикалық тұрғыда бұдан да ұзақ шыдауға дайын едік, бірақ моральдық тұрғыда өте ауыр болды. Біздің құқығымыз тапталды. Бізді қорғайды деген, біздің салығымыздың арқасында өмір сүріп жүрген адамдар құқығымызды таптады. Кейбіреуі өкінген де болар, бірақ кейбіреуінің көзінен зомби болып кеткенін байқадық. Олар тіпті бізді ұруға бұйрық берілсе, оны да орындауға дайын тұрғандай көрінді.

Алматылық белсенділер кеттлингті бұрын да басынан кешкен. 16 желтоқсан, Тәуелсіздік күні болған наразылық кезінде "Oyan, Qazaqstan!" қозғалысы мен Жанболат Мамайдың жақтастары арнайы жасақ қоршауында үш сағаттай тұрған. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының Орталық Азия бойынша кеңесшісі, құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль адамдарды арнайы жасақ қоршауында ұстауды адам құқықтарын бұзу деп атады.

Халықаралық адам құқықтары ұйымдары парламент сайлауы болған 10 қаңтар күні митингіге шыққан белсенділерді полицейдің арнайы жасағы құрсауында сағаттап ұстауды сынға алды. Олар наразылыққа қатысушылардың жолын бөгеу үшін қолданылған кеттлинг әдісін бейбіт демонстранттарға қарсы жасалған "репрессиялық" стратегия және тактика деп атады.

10 қаңтардағы ішкі істер министрлігі мен бас прокуратураның брифингінде кеттлинг және белсенділерді қудалау әрекеттері туралы Азаттық радиосының сұрақтары жауапсыз қалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG