Accessibility links

Еуроодақ Қазақстандағы сайлау туралы: Сайлаушылар таңдау мүмкіндігінен айырылды


Еуропа одағының ресми өкілі Қазақстандағы сайлауды "жүйелі кемшіліктер түзетілмеген" "орындалмаған мүмкіндіктер" науқаны деп бағалады және жеті жылдан бері бірде-бір партияны тіркемеген биліктің "азаматтарды таңдау мүмкіндігінен айырғанын" айтты.

Еуропа одағы Қазақстанда коронавирус пандемиясы жағдайында 10 қаңтарда өткен парламент сайлауының тиімді ұйымдастырылғанын, Қазақстан басшылығының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының (ЕҚЫҰ ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясымен тығыз ынтымақтаса жұмыс істегенін айтты. Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі басты өкілі Питер Станоның мәлімдеуінше, "Қазақстан соңғы парламент сайлауынан кейін аздаған саяси реформа жүргізіп, модернизация процесін өткізгенімен, бұл сайлау – оларды тиімді жүзеге асырудың орындалмаған мүмкіндігі болды".

"ЕҚЫҰ ДИАҚБ-ның бірнеше мәселеге қатысты бұрыннан келе жатқан ұсыныстары да ескерусіз қалды" делінген Еуроодақ өкілінің мәлімдемесінде.

ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар бюросы мен ЕҚЫҰ парламент ассамблеясының алдын ала тұжырымына сәйкес, Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай сайлау өткізуге құқықтық база дайын емес. "Сайлау күні жалпы тыныш өткенімен, сол күні адамдардың негізгі құқықтарын шектеумен, соның ішінде бейбіт демонстранттарды ұстаумен, есте қалды. Қолға алынған шаралар кей жергілікті бақылаушылардың тиімді бақылау жүргізуіне кедергі жасады. Ұйымдарға бірігу, жиын өткізу және пікір білдіру еркіндіктеріндегі жүйелі кемшіліктер саяси ландшафтты шектеп, сайлауға кері әсерін тигізді" делінген Еуроодақ өкілі мәлімдемесінде.

Еуропа одағы өкілі сайлауда шынайы бәсекенің болмағанын да атап өтті. "Оның үстіне, 2013 жылдан бері бірде-бір партия тіркелмей, бәсекенің аз болуы сайлаушыларды таңдау мүмкіндігінен айырды" деді Питер Стано.

Еуроодақ өкілі Қазақстанды мойнына алған халықаралық міндеттемелерді орындауға шақырды. "Кеңейтілген әріптестік келіісіміне сәйкес, Еуроодақ Қазақстанды жүйелі кемшіліктерді түзетуге, ЕҚЫҰ ДИАҚБ-ның ұсыныстардын толық жүзеге асыру үшін бұл ұйыммен конструктивті түрде қарым-қатынасты жалғастыруға шақырады" делінген мәлімдемеде.

Еуроодақ демократия, тұрақтылық және инклюзивтілік жолында реформа жүргізіп, модернизацияны жүзеге асыруда Қазақстанға қолдау көрсететін айтты.

Қазақстандағы парламент мәжілісі және мәслихат сайлауын қадағалаған ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау миссиясы елдегі саяси науқанда "шынайы бәсеке болмады, сайлау демократиялық талаптарға сай болмады" деп бағалаған. Халықаралық ұйым "Конституцияда көрсетілген еркіндіктерді жүйелі түрде шектеу сайлаушыларды шынайы таңдаудан айырды" деп мәлімдеген.

11 қаңтарда Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің алдын ала нәтижесін жариялады. Ол бойынша, парламентке елдің экс-басшысы, президенттіктен кетсе де билікке әсер етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясы, билікшіл "Ақ жол" және "Қазақстан халық партиясы" (бұрынғы коммунистік партия) өткен. Ресми дерек бойынша, сайлаушылардың 63 пайызы дауыс берген. Қазақстан заңы бойынша, 7 пайыздан жоғары дауыс алған партияларға ғана мәжілістен орын тиеді.

  • "Нұр Отан" - 71,09 пайыз;
  • "Ақ жол" - 10,95 пайыз;
  • Қазақстан халық партиясы - 9,10 пайыз;
  • "Ауыл" - 5,29 пайыз;
  • ADAL - 3,57 пайыз.

10 қаңтардағы сайлау - Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келгелі бері алғаш рет өтіп отырған парламент сайлауы. Бірақ сарапшылар оның Назарбаев кезеңіндегі сайлаулардан айырмашылығы аз деп бағалайды.

Құқық қорғау ұйымдары сайлау қарсаңында және дауыс беру күні тәуелсіз бақылаушылардың сайлауды бақылауына кедергі көп болғанын айтты. Сайлау күні Қазақстанның көп қаласында наразылық жиындары өтіп, 200-ге жуық адам қамауға алынды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG