Қазақстанның экс-басшысы, президенттіктен кетсе де билікке ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясы ресми сайтында мәжіліске баратын 76 депутаттың тізімін жариялады. Тізімге Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева енген.
Бұдан бөлек "Нұр Отан" тізімінде қазіргі мәжілістің спикері, Назарбаевтың маңында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан Нұрлан Нығматуллин; мемлекеттік газеттерде бас редактор болған журналист Жанарбек Әшімжан; партияның жастар қанаты "Жас Отанды" басқарған Елнұр Бейсенбаев; жастар атынан Назарбаевқа ескерткіш орнатуды ұсынған 25 жастағы Мәди Ахметов; алтыншы шақырылым депутаттары Бекболат Тілеухан, Бақыт Смағұл және Геннадий Шиповских бар.
Сондай-ақ "Нұр Отан" атынан партия жақтастары лигасының жетекшісі Ерлан Сайыров, саясаттанушы Айдос Сарым, Назарбаевтың алдында өлең оқыған ақын Мақпал Тәжмағамбетова (Мақпал Мыса) да депутат болмақ.
Қазақстан орталық сайлау комиссиясы Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясы 10 қаңтарда өткен мәжіліс сайлауында 71 пайыз дауыс алғанын мәлімдеді. Бұл партия мәжілістегі 98 орынның 76-сын иеленетіні хабарланған. Жеті пайыздық межеден өткен билікшіл "Ақ жол" 12 орын, Қазақстан халық партиясы (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы) 10 орын алды. Мәжілістегі тоғыз орын Назарбаев өмірлік төрағасы саналатын Қазақстан халықтары ассамблеясына тиесілі.
Қазақстандағы дауыс беруді қадағалаған ЕҚЫҰ-ның сайлауды бақылау миссиясы елдегі саяси науқанды "шынайы бәсеке болмады, сайлау демократиялық талаптарға сай болмады" деп бағалады. Халықаралық ұйым "Конституцияда көрсетілген еркіндіктерді жүйелі түрде шектеу сайлаушыларды шынайы таңдаудан айырды" деп мәлімдеді.
"Нұр Отаннан" мәжіліске баратын тізімге енген Дариға Назарбаева 2012-2015 жылдары мәжіліс депутаты болған. Ол 2016 жылы сенатқа депутат болып келіп, 2019 жылы наурызда сенат спикері қызметіне тағайындалды. 2020 жылы 2 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оны сенат спикерлігінен алып тастаған. Содан кейін ол біраз уақыт жұрт көзінен таса болған еді. Биылғы сайлау алдында ол әкесінің партиясының атынан депутаттыққа ұсынылды.
10 қаңтардағы сайлауға елдегі оппозициялық топтар бойкот жариялап, дауыс беру күні билікті сынап жүрген топтар наразылыққа шықты.
Жұртты митингіге "Демпартия" құрығысы келетін бастамашыл топ, шетелдегі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың ҚДТ қозғалысы (бұл ұйымды Қазақстан "экстремистік" деп таныған, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған) шақырған еді.
Дауыс беру күні "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының жас белсенділері де наразылық білдірді. Оларды арнайы жасақ пен полиция алты-жеті сағаттай қоршап, аязда босатпай ұстап тұрды.
10 қаңтарда наразылыққа шыққандар сайлауға бойкот жариялауды, Назарбаевтың толық биліктен кетуін талап етті. Азаттық тілшілерінің есебінше, сол күні полиция Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Орал, Шымкентте жүзден аса адамды ұстап әкеткен.
ПІКІРЛЕР