Accessibility links

Еуроодаққа ұмтылатын Украина мен Молдова өзара ынтымақтастықты нығайтуға келісті


Украина президенті Владимир Зеленский (оң жақта) және Молдова президенті Майя Санду. 12 қаңтар 2021 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский (оң жақта) және Молдова президенті Майя Санду. 12 қаңтар 2021 жыл.

Еуропамен қатынасты нығайтуды көздейтін, ресейшіл сепаратистер шоғырланған аумағында территориялық тұтастық мәселесіне алаңдайтын екі көрші Украина мен Молдова басшылары өзара әріптестікті нығайтуды жоспарлап отыр.

Молдованың жаңа президенті Майя Санду 12 қаңтарда Киевке сапарлап, Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездесті. Жемқорлықпен күрес бағдарламасы арқылы ресейшіл кандидат Игорь Додонды сайлауда басымдықпен жеңіп, өткен айда инаугурациясы өткен еуропашыл Санду президент ретінде өзінің алғашқы сапарын Украинадан бастаған.

Додон тұсында Молдованың Украина және Румыниямен қарым-қатынасы әлсіреген. Зеленскиймен кездесу кезінде Молдова басшысы “достықты қайта жаңғырту” туралы айтты.

“Украина Молдованың стратегиялық әріптесі екенін тағы еске салғым келеді. Молдова Украинамен тұрақты әрі прагматикалық қатынасты дамытуға басымдық береді. Біз бүгін қарым-қатынасты жаңа бір деңгейге – стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру туралы келіскенімізді қуанышпен хабарлаймын” деді Санду.

Екі ел арасындағы екіжақты әріптестікті дамыту үшін мемлекет басшысы деңгейінде кеңес те құрылған. Дүниежүзілік банктің бұрынғы экономисі бұған дейін ресейшіл сепаратистер шоғырланған Приднестровьеден Ресей әскерін әкетуге шақырып, Кремльді алаңдатқан.

Украина да Еуропамен тығыз қарым-қатынасты қолдайды. 2014 жылы Ресей Қырым түбегін басып алып, Украина шығысындағы сепаратистерді қолдағаннан кейін Киев пен Мәскеу арасы салқындаған.

Кездесуден кейін Зеленский тараптардың Еуроодаққа қосылуды ортақ стратегиялық мақсат ретінде талқылағанын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG