Accessibility links

Белсенділер кеттлингке байланысты Алматы полициясын сотқа беретінін хабарлады


Полиция қоршауында қалған наразылардың бірі. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Полиция қоршауында қалған наразылардың бірі. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

10 қаңтарда Алматыдағы орталық алаңда әділ сайлауды талап етіп, 7-10 сағат аралығында полиция құрсауында қалған белсенділер қалалық полиция департаментін сотқа беретінін мәлімдеді. 18 қаңтар күнгі баспасөз жиынында белсенділер мен құқық қорғаушылар полицияның адамдарды аязда ас-сусыз ұстап, дәретханаға да жібермей, заңсыз қоршап, "азаптағанын" айтты.

"Заңнама бойынша, полиция адамдарды ұстағаннан кейін міндетті түрде не үшін ұстағанын түсіндіріп, хаттама толтыруы керек. Бірақ бізге оны көрсеткен жоқ. Ол аздай бірнеше сағаттан соң өздерінің "титушкаларын" жіберді" деді белсенді Жанболат Мамай.

Ол құқық қорғаушылар Евгений Жовтис, Ерлан Қалиевтің көмегімен Алматы қалалық полиция департаментіне қарсы шағым дайындап қойғанын айтты. "Біз әрине, билік өздерін қорғаған арнайы жасақты жазалайды деп ойламаймыз. Бірақ Қазақстанда барлық сот инстанцияларынан өткеннен кейін міндетті түрде БҰҰ-ның Адам құқығы комитетіне шағымданамыз" деді Мамай.

Oyan, Qаzaqstan белсендісі Әсем Жәпішева "біздің бас бостандық еркіндігіміз, азаптауға ұшырамау, еркін қозғалу құқықтарымыз бұзылды. Бізге айып тағылған жоқ, адвокаттарды кіргізбеді, құқықтарымызды түсіндірмеді" деп, полиция қызметкерлерін үш бап бойынша сотқа тартуды талап ететінін айтты.

Жиынға скайп арқылы қатысқан құқық қорғаушы Евгений Жовтис полиция кеттлингін "азаптаумен астасып жатқан қатаң күш қолдану" деп атап, халықаралық стандарт бойынша полиция кеттлинг әдісін наразылардың күш қолдануын тоқтату үшін қысқа уақыт аралығында қолдана алады. Бірақ нақты жағдайда бейбіт демонстранттарға қолдануы заңсыз, өкілетін асыра пайдаланғаны деді. Жовтистің айтуынша, полиция Қылмыстық кодекстің 414-бабы ("Қызметтік өкілетін асыра пайдалану") жазаланатын әрекет жасаған.

10 қаңтарда Алматыда Жанболат Мамай бастаған демократиялық партия құрғысы келетін бастама топ өкілдері мен Oyan, Qazaqstan қозғалысы сайлауға наразылық білдіру үшін орталық алаңға келген кезде арнайы жасақ құрсауында қалған. СОБР жасақтары Oyan, Qazaqstan белсенділерін - 7 сағатқа жуық, Мамай жақтастарын 10 сағатқа жуық аязда ас-сусыз ұстады. Белсенділер кейінірек түнде босатылған. Үсік шалған кейбірі ауруханаға түскен.

Видео: Полиция қоршаудағы белсенділерге бір кесе шәй ішуге, дәретханаға баруға мұрша бермеген (10 қаңтар 2021 жыл).

Полиция қоршаудағы белсенділерге бір кесе шәй ішуге, дәретханаға баруға мұрша бермеген
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:14 0:00

Бұған дейін халықаралық Amnesty International ұйымы арнайы жасақтың адамдарды алаңда бірнеше сағат ұстауын айыптап, оларды жылжытпау үшін қолданған әдіс - кеттлингті "бейбіт демонстранттарға бағытталған репрессивті тактика" деп атаған.

Полиция кеттлинг әдісін алғаш рет пайдаланып отырған жоқ. 16 желтоқсан күнгі наразылық кезінде Oyan, Qazaqstan мен Мамай жақтастары үш сағатқа жуық полиция құрсауында болған.

  • Қазақстан билігі жексенбіде өткен мәжіліс және мәслихат сайлауын әділ әрі таза сайлау деп бағалады. ЕҚЫҰ-ның бақылаушылар миссиясы сайлаудың бәсекесіз өткенін, конституция кепілдік берген еркіндіктерге жүйелі түрде шектеу қойылғандықтан, сайлаушылардың шынайы таңдау мүмкіндігі болмағанын мәлімдеді. ЕҚЫҰ демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының миссиясы сайлау күні наразылыққа шыққандарды ұстау әрекетін де сынға алды. Еуроодақ бұл сайлауда президент Тоқаев уәде берген реформаларды жүзеге асыру мүмкіндігі болмады деп санайды.
  • ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен сайлаулардың ешқайсысын "демократиялық талаптарға сай" деп мойындамаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG