Accessibility links

Владивостоктан Мәскеуге дейін. Ресейде Навальныйды босатуды талап еткен митингілер өтті


Полиция жасағы митинг кезінде Кремль сыншысы Алексей Навальныйдың жақтастарын ығыстыруға тырысып жатыр. Мәскеу, 23 қаңтар 2021 жыл.
Полиция жасағы митинг кезінде Кремль сыншысы Алексей Навальныйдың жақтастарын ығыстыруға тырысып жатыр. Мәскеу, 23 қаңтар 2021 жыл.

23 қаңтар күні Ресейдің көптеген қаласында Кремль сыншысы Алексей Навальныйды босатуды талап еткен митингілер өтті. Полиция жасағы бейбіт шерушілерді аяусыз жаншыды. Шерулер тізбегі кейінгі жылдардағы билікке қарсы ең ірі наразылық саналып отыр.

Reuters агенттігінің бағалауынша, Мәскеуде наразылыққа 40 мыңнан астам адам шыққан. Ресей билігі акцияға бар болғаны төрт мыңға жуық адам қатысты деді.

AFP агенттігі арнайы жасақ пен шерушілер арасында өрескел қақтығыс болғанын хабарлады.

Мәскеу орталығында Алексей Навальныйдың әйелі Юлия Навальнаяны, саясаткердің серігі Любовь Собольді ұстап әкетті.

"ОФД-Инфо" басылымының мәліметінше, 23 қаңтар күні Ресейдің 111 қаласында 3296 адамды ұсталған. Оның 1294-і Мәскеуде және 489-ы Санкт-Петербургте.

Халықаралық Amnesty International ұйымы Ресей полициясының шерушілерді жаппай ұстап әкетуін айыптады.

"Ресей билігі бейбіт шерушілерге қарсы репрессия жүргізіп отыр. Біздің бүгін көргеніміз мұны растап отыр. Полиция бейбіт жиын өткізуге деген құқыққа кепіл болу міндетін елеусіз қалдырып, оның орнына наразыларды ұрып-соғып, ұстап әкетіп жатты" деді ұйымның Ресей бойынша директоры Наталья Звягина.

Бейбіт шерушілерге қатыгездік танытып, оларды ұстап әкетуді Вашингтон мен Брюссель де сынға алды.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Нед Прайс Навальныйдың қамауға алынуы мен оның жақтастарының жаншылуы "азаматтық қоғам мен басты еркіндіктерге төнген шектеулердің күшейгенін" көрсетеді деді.

Прайс Ресей билігін ұсталған адамдардың бәрін босатуға шақырып, АҚШ-тың Навальныйды тез арада ешқандай шартсыз босатуд талап ететінін қайталады.

Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель де Ресей билігінің реакциясына алаңдаушылық білдірді.

"Мен жаппай ұстап әкетуді, күшті әсіре қолдануды, интернет пен телефон байланысын өшіруді айыптаймын. Дүйсенбі күні Еуроодақ сыртқы істер министрлерімен келесі қадамдарды талқылаймыз" деп жазды ол Twitter-де.

Ресейдегі жағдайға алаңдаушылық білдіріп, қамауға алынғандарды дереу босатқандар қатарында Канада да бар.

Митингтер ауа температурасы өте төмен Қиыр Шығыс пен Сібірдегі Хабаровск, Владивосток, Новосибирск секілді қалалардан басталды.

Мәскеу мен Санкт-Петербургте митингтер басталмас бұрын "МБХ Медиа" басылымы Қиыр Шығыс пен Сібірде наразылыққа 15 мыңнан астам адам шықты деп хабарлады. Хабаровскіде полицияның ұсталғандарды ұрып-соққаны туралы ақпар тарады. Twitter-де жарияланған видеода арнайы жасақтың шерушілерді шабуылдап, кейбірін сойылмен соққаны көрінеді.

Якутскіде адамдар наразылыққа ауа температурасы -50 градус болып, қатты жел тұрғанына қарамастан шықты.

Азаттықтың Татар-башқұр қызметі Ресейдің құрамындағы Башқұртстан астанасы Уфа қаласында билікке қарсы наразылыққа үш мыңға жуық адамның шыққанын хабарлады. Полиция шерушілерді ұстап әкетті. Қамауға алынғандардың қатарында "Эхо Москвы" басылымының бас редакторы Руслан Валиев пен Навальныйдың Уфадағы штабын басқаратын Лилия Чанысева бар.

Ауа температурасы -30 градус болған Екатеринбургте полиция жасағы мен шерушілер арасында қақтығыс болған. Twitter-де жарияланған видеода Навальныйды талап еткен шерушілердің полицейлерге қар лақтырғаны көрінеді.

Митингілер қарсаңында Ресей билігі Навальныйдың 65 қаладағы жақтастарын ұстап әкетіп, әлеуметтік желі әкімшілерінен "рұқсат етілмеген митингілерге шақыратын" жазбаларды өшіруді талап етті.

"Кремль митингтің алдын алу жөніндегі ессіз науқанымен өз аяғына оқ атты" деді "Настоящее время" телеарнасына Навальныйдың Жемқорлықпен күрес қорының (ФБК) координаторы Леонид Волков. "Егер 23 қаңтардағы шеру жылдам нәтижеге, яғни Алексей Навальныйдың босатылуына әкелмесе, мұндай акциялардың тағы да өте беретініне сенімдімін".

Билік кейінгі күндері Навальный жақтастарын ұстап әкетіп, тінтіп, оларға деген қысымды күшейтті. Кремль одан қатты шара қолданатынын меңзеді. Бірақ Навальный командасы биліктің наразылыққа шықпау туралы ескертулерін елемеуге шақырды.

Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш ресейліктерді митингіге шақырғаны үшін тоғыз тәулікке қамалды.

Наразылық қарсаңында бүкіл Ресей бойынша университеттер мен колледждер студенттерден митингіге шықпауға шақырған. Кейбірінде талапқа бағынбаған студенттерді оқудан шығаратынын айтқан.

Ресейдегі ең ірі әлеуметтік желі "Вконтакте" бас прокуратураның талабы мен Роскомнадзордың ескертуінен кейін наразылыққа шақырған парақшалардың бәрін бұғаттап тастаған.

Акция қарсаңында сондай-ақ Ресей оқушыларының сынып бөлмелеріндегі Путиннің портреттерін алып тастап, орнына Навальныйдың суретін іліп жатқаны туралы видеолар кең тарады. Мұндай видеолар TikTok желісінде тез тарайтын вирустық роликке айналды.

Ресей оқушыларының Ресей президенті Владимир Путиннің суретін алып тастап, орнына Алексей Навальныйдың суретін ілуі. Видео кескіні.
Ресей оқушыларының Ресей президенті Владимир Путиннің суретін алып тастап, орнына Алексей Навальныйдың суретін ілуі. Видео кескіні.

Халықты көшеге шығып наразылық білдіруге Алексей Навальныйдың өзі шақырған. Ол мұны 18 қаңтар күні Мәскеу полициясы кеңсесінде өткен сот отырысы алдында айтты. Содан бір күн бұрын ол Германиядан Мәскеуге оралып, әуежайдың кедендік бақылау бекетінен өтер кезде полиция қамауына алынған. Өткен жылдың тамыз айында Томскіден Мәскеуге бара жатып, есінен танған Навальный кейінгі бес айда Германияда емделген. Ресми Берлин Навальныйдың химиялық қару саналатын "Новичок" уымен уланғанын мәлімдеді. Ал саясаткердің өзі мұны тек Ресей президенті Путин ғана ұйымдастыра алады деді.

Желтоқсан айында Ресей жазаны атқару федералдық қызметі Навальныйдан дереу оралуды талап етіп, әйтпесе қамалатынын айтқан. Қаңтардың ортасына қарай Кремль сыншысы Навальный 17 қаңтар күні Мәскеуге "Победа" әуе компаниясының рейсімен оралатынын мәлімдеді. Оппозициялық саясаткердің жақтастары оны ұшақ қонады деген "Внуково" әуежайынан күтіп алғысы келген. Бірақ Ресей билігі алдымен әуежайды қоршауға алып, саясаткер жақтастарының әуежайға келуіне тыйым салды. Осыдан кейін қонар сәт таяғанда ұшақты Мәскеудің өзге әуежайы "Шереметьевоға" бұрған.

Навальныйдың қамауға алынуын көптеген ел мен халықаралық ұйым айыптады. Ал Amnesty International оны "ар-ұждан тұтқыны" деп танып, Мәскеуден оны босатуды талап етті.

Навальный жақтастары қоғамда оппозиционердің қамауға алынуына наразылықтың күшейіп келе жатқанын айтады. Сарапшылар Ресей президенті Владимир Путиннің 44 жастағы заңгер Навальныйдан қатты қауіптенетінін айтады.

18 қаңтар күні өткен сот отырысында судья Навальныйды 30 күнге қамау туралы үкім шығарды. Осы мерзім ішінде саясаткердің шартты жазасын қамауға ауыстыру мәселесі қаралады.

22 қаңтар күні Навальный адвокаты арқылы үндеу жолдады.

"Терезедегі торға асылу, қайралған қасықпен тамырымды жару не кеңірдегімді кесу жоспарда жоқ. Баспалдақпен өте сақ жүремін. Қан қысымымды күнде өлшейді – ғарышкердікіндей, демек жүректің кенет ұстап қалуы екіталай. Түрменің сыртында жақсы адамдардың көп екеніне, көмектің келетініне сенімдімін" деді ол.

Навальныйдың қамауға алынуын айыптаған Батыс елдері жаңа санкциялардың салынуын қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Навальныйдың қамауға алынуын айыптаған Батыс елдері жаңа санкциялардың салынуын қарастырып жатқанын мәлімдеді.

22 қаңтар күні Human Rights Watch ұйымы Ресей билігін «сөз еркіндігіне заңсыз қол сұғуды» тоқтатып, оның орнына бейбіт жиналғысы келетіндердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ден қоюға шақырды.

"Өткен жылы Ресей билігі саяси оппозицияның барлық дерлік бейбіт қарсылық акциясын тыйды, бағынудан бас тартқандарды қудалады" деді Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия жөніндегі директоры Хью Уильямсон.

Ресейдің ондаған беделді тұлғасы Навальныйды қолдайтын мәлімдеме жасады. Олардың арасында актерлер, музыканттар, журналистер, жазушылар, спортшылар және танымал блогерлер бар. Олардың кейбірі шеруге қатысатынын айтқан.

Bloomber агенттігі 22 қаңтар күні Ресей билігіне жақын екі дереккөзіне сілтей отырып Кремльдің Навальныйды "бірнеше жылға соттағалы" отырғанын хабарлады.

Кремль Навальныйды 2014 жылғы үкімнің шарттарын бұзды деп айыптап отыр. Ол үкім аясында оппозициялық саясаткер қаржылық бұзушылық жасады деп айыпталған. Навальный мен оның жақтастары айыптарды терістеп, олардың саяси астары бар деп мәлімдеді.

19 қаңтар күні, Навальный қамауға алынғаннан екі күн өткен соң Жемқорықпен күрес қоры Қара теңіз бойындағы құны шамамен 1,36 миллиард доллар болатын, Путинге тиесілі деген сарай туралы екі сағаттық зерттеу фильмін жариялады. Youtube желісінде жарияланған зерттеуді осы уақытқа дейін 77 миллион көрілім жинады. ФБК-ның Youtube-тегі көрілім жөнінен осыған дейінгі рекорды «Он вам не Димон» фильміне тиесілі болатын. Үш жыл бұрын жарияланған зерттеу осы күнге дейін 39 миллион көрілім жинаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG