Аяз бен полицияның қысымына қарамастан, Ресей қалаларында мыңдаған адам оппозициядағы саясаткер Алексей Навальныйды қамаудан босатуды талап етіп, митингіге шықты.
Кремльді өткір сынап жүрген Навальный Германияда емделіп келген бетте, 17 қаңтарда Мәскеу әуежайында ұсталған. Былтыр тамызда "Новичок" уымен уланып, ес-түссіз күйінде Германияға жеткізілген ол сонда ұзақ уақыт емделіп, еліне қайтқан еді.
Полиция белсенділігіне бақылау жасап отыратын "ОВД-инфо" тобының мәліметі бойынша, Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі жиындар басталмай жатып, Ресейдің 30 қаласында өткен митингілерде кемінде 237 адам ұсталған. Хабаровскіде полицейлер ұсталғандардың кейбірін ұрып-соққан.
Владивостокта түсірілген видеода арнайы киім киіп, резеңке шоқпар ұстаған полицейлер наразыларды күшпен таратуға тырысып жатқаны байқалады.