Accessibility links

"Үрей сейіліп барады". Ресейлік сарапшылар 23 қаңтардағы наразылық жайлы


Қарсылық акциясы кезінде "Бұдан әрі төзбейміз. Біз қорықпаймыз" деген жазуы бар плакатты ұстап тұрған наразы. Мәскеу, 23 қаңтар 2021 жыл.
Қарсылық акциясы кезінде "Бұдан әрі төзбейміз. Біз қорықпаймыз" деген жазуы бар плакатты ұстап тұрған наразы. Мәскеу, 23 қаңтар 2021 жыл.

23 қаңтар күні Ресейдің жүзден астам қаласында Кремль сыншысы Алексейдің Навальныйдың қамауға алынуына наразылық акциясы өтті. Сарапшылар бір ауыздан шерушілер санының әдеттегіден көп болғанын, жаппай ұстап әкету мен қамау биліктің үрейленіп, сенімсіздік танытып отырғанын, сол арқылы қоғамдағы наразылықты одан әрі күшейтіп жатқанын айтады. Олардың сөзінше, қарсылық акцияларына осыған дейін саясатқа бейжай қарап келген адамдар қосыла бастаған.

"ҚАТЫСУШЫЛАР САНЫ БҰРЫН-СОҢДЫ МҰНША КӨП БОЛМАҒАН"

Саясаттанушы Александр Кынев.
Саясаттанушы Александр Кынев.

Қарсылық акцияларын қатыгездікпен жаншу билікке деген наразылықты күшейтеді, ал шерушілерді қудалау қарсылық білдірушілер қатарын арттырады дейді саясаттанушы Александр Кынев.

Билік Навальныйдың қамалуына наразылық акциясын не үшін тыйғысы келді? Рұқсат беріп, қоғамның наразылығын бәсеңдету қисындырақ емес пе еді?

– Билік қисынсыз реакциясын 23 қаңтардағы қарсылық акцияларына дейін-ақ көрсетіп қойған. Навальнаыйдың улануы төңірегіндегі шоуды да, оралуы кезіндегі циркті де жасау қажет емес еді. Оралатын адам оралды. Кез келген шу немесе ерекше назарда ұстау адамдардың қызығушылығын оятатыны анық қой. Осыған дейін саясатқа қызыға қоймаған адамдардың да назарын аударды.

Нәтижесінде 23 қаңтардағы акцияға тыйым салу, күлкілі ескертулер, оларды төменгі сынып оқушыларына дейін таратуы – осының бәрі қатысушылар санын арттырып жіберді. Осы себепті қатысушылар саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Билік елдегі экономикалық және әлеуметтік жағдайға көңілі толмай жүрген халықтың іштегі наразылығын сыртқа шығаруға мүмкіндік бермеді.

Ресей құрамындағы Бурятия республикасының астанасы Улан-Удэ қаласында өткен қарсылық акциясы. 23 қаңтар 2021 жыл.
Ресей құрамындағы Бурятия республикасының астанасы Улан-Удэ қаласында өткен қарсылық акциясы. 23 қаңтар 2021 жыл.

– Бұл неге әкеледі?

– Наразылық күшейеді, күш құрылымдарының тыйымдары мен қатыгез әрекеттеріне деген ашу-ыза артады. Ал егер қарсылық кезінде ұсталғандарды қылмыстық баптармен қудалайтын болса, саясатқа араласатындар қатары бірнеше есе артады. Қудалауға ұшыраған әрбір адамның туыстары мен достары қанша болса, сонша адамға артады. Олар саясатқа билікке наразылығы бар адам ретінде қызыға бастайды.

Биліктің саяз қадамдары дүрлігуге ұқсайды. Федералдық биліктің саяси технологтарын сөзсіз ауыстыру керек. Өйткені билікке наразыларды жоқ жерден осылай көбейтіп жіберу "дарынды" қажет етеді. Көшеге қаншама адам шықты! Олардың саны таңғаларлық. Олар жай ғана жарты сағат тұрып, кетіп қалған жоқ, шерулетті, онысы кей жерлерде бірнеше сағатқа созылды. Мұның қыс мезгілінде, аязды күнде болғаны және бар.

"ПУТИН НАВАЛЬНЫЙДАН СЕСКЕНЕДІ"

Әлеуметтанушы Игорь Эйдман.
Әлеуметтанушы Игорь Эйдман.

Әлеуметтанушы Игорь Эйдман болса, 23 қаңтар күні наразылықтың жасарғаны, адамдардың қорқудан қалғаны белгілі болды дейді.

– Ресей билігінің осыған дейінгі әрекетіне сүйенсек, акцияға тыйым салу және жаппай ұстап әкету күтілген жағдай болды. Қанша дегенмен Ресейде бұқаралық іс-шараларға тыйым салу кеше басталған жоқ және кейінгі уақытта тыйымдар күшейе берді. Қазір жалғыз адамның пикеті де "заңсыз" болып қалды.

Навальныйға келсек, Путиннің одан сескенетіні анық. Оның үндеуі қаншама адамды көшеге шығара алады. Сол себепті оның қамауға алынуы, тыйымдар күтілген жағдай болды.

Пермь қаласындағы наразылық. 23 қаңтар 2021 жыл.
Пермь қаласындағы наразылық. 23 қаңтар 2021 жыл.

– Осы тыйымға деген реакция сізді таңғалдырды ма?

– Қатты таңғалдырды дей алмаймын. Бірнеше жыл бұрын Госдума сайлауындағы бұрмалауға қарсы наразылық кезінде де Мәскеу көшелеріне көптеген адам шыққан. Шыққан адамдар мен ұсталған адамдардың арақатынасы да сол деңгейде. Бірақ меніңше, бұл жолы бір жаңа тренд айқалды – жастардың үлесі көбірек болды. Егер 7-10 жыл бұрын саясатқа қызығу сән болмай, наразылар арасында жастардың үлесі төмен болса, қазір жастардың үлесі жоғары.

Бұл да күтпеген жағдай емес. Жастардың осы елдегі өмірі әлі алда. Олар демократия жоқ жағдайда жақсы әрі жайлы өмірге деген үміттің әлсіз екенін түсініп отыр. Әлеуметтік лифт мүлдем жұмыс істемейді. Квазитаптық қоғамдағы қазір лауазымды қызметтер – мейлі ол мемлекеттік құрылым болсын, мейлі ірі корпорация болсын – мұрагерлікке беріліп жатыр. Шенеуніктер мен олигархтардың балалары өсіп қалды. Олардың әкелері бұл мұрагерлікті жоққа шығармайды да. Мұндай болашақ қарапайым отбасыдан шыққан жастардың көңілінен шықпайды.

Олардың "Саяси тұтқындарға бостандық" деген сияқты саяси ұранмен шығуын да Ресейдегі қазіргі ахуалмен түсіндіруге болады. Қазір әлеуметтік желідегі репост үшін ғана түрмеге отыруға не шартты жаза алуға болады. Ресейде жаңа саяси тұтқындар көп, олардың арасында жастар да бар. Мұны байқамау мүмкін емес.

Мәскеудегі қарсылық акциясы. 23 қаңтар 2021 жыл.
Мәскеудегі қарсылық акциясы. 23 қаңтар 2021 жыл.

– 23 қаңтардағы қарсылық пен биліктің оған деген реакциясы неге әкеледі?

– Билік пен қоғам арасындағы қайшылықтың артуына әкеледі. Жаңа қарсылық акциялары мен қақтығыстардың ықтималдығы артты. Кешегі акциялар көптеген адамның қорқудан қалғанын, үрейдің сейіліп жатқанын, адамдардың көшеге шығып, өздерін жазалаушылардан физикалық тұрғыда қорғауға дайын екенін көрсетті.

"БИЛІК ТЕРЕҢ ҚОРҒАНЫСҚА КЕТТІ"

Саясаттанушы Аббас Галлямов.
Саясаттанушы Аббас Галлямов.

Саясаттанушы Аббас Галлямовтың пікірінше, 2020 жылдың соңында наразылықтың мұншалық қатты болатынын болжау қиын еді. Бәрін өзгерткен – Алексей Навальныйдың елге оралуы және оны әуежайда ұстап әкетуі.

Егер федералды деңгейдегі жағдайды қарастырсақ, Ресейде кейінгі жарты жылда ауқымды қарсылық акциясы болмады. Хабаровск өлкесі есепке алынбайды, себебі ол жергілікті оқиға. Ол оқиға өзге өңірлердегі наразылықты күшейте алмады. Тек жекелеген қолдау акциялары болды, сонымен бітті.

Ал Навальный болса, сөзінің өтімді болғаны сонша оппозиция оның бастамасын іліп әкетті, билік терең қорғанысқа кетті. Алдымен Навальныйды улау әрекеті, одан кейін биліктің күлкілі түсіндірмесі, сосын Bellingcat зерттеуі және Навальныйдың улаушысына қоңырау шалуы, биліктің оппозиционерді қамауға алатыны жөнінде белгі беруі, Навальныйдың жауап ретінде биліктен қорықтпайтынын айтып, батыр ретінде оралуы, биліктің бейберекет әрекеті – осының бәрі биліктің оппозиционер мен оны әуежайдан күтіп алуға келген екі мың адамнан қорқатынын көрсетті. Бұл оппозицияны жігерлендіреді. Оппозиция тұрғысынан "билік әлсіреп отыр", ал бұл – ресейліктердің жаппай наразылығы кезінде ұтымды жағдай.

– Адамдар неге наразы?

– Өмір деңгейінің түсіп кеткеніне. Тарихи оптимизмнің жоғалуына. Адамдар болашағынан қорқады. Ал Путиннің сарайы жөніндегі зерттеу фильмі халық наразылығын одан әрі күшейтті. Кейінгі жылдары көптеген ресейліктің табысы төмендеді. Осындай жағдайда өз лидеріңнің адам айтқысыз байлығы мен жемқорлығы расталса, бұл жай ғана диссонанс емес, бұл – қорлау. Оның үстіне Навальный [фильмді] ахуалы жақсы Германияда емес, Ресей түрмесінде, Путиннің қолында тұрған кезде шығаруы, оны сөзсіз батыл адам ретінде көрсетті.

"Жақсы өмір сүруіміз керек еді, бірақ неге екені белгісіз, тұрмысымыз төмен" деген сәйкессіздік көшеге оппозицияның әрдайым қолдайтын қаладағы орта тапты ғана емес, қарапайым адамдарды да шығарды. Сол себепті қарсылық акцияларына көп адам шықты. Полицияның кей жерлерде аяусыз күш қолдануы да содан. Наразылыққа бұрынғыдай сыпайы интеллигенттер емес, жаңа адамдар шықты.

Полиция наразылыққа шыққан адамдарды ұстап әкетіп жатыр. Мәскеу, 23 қаңтар 2021 жыл.
Полиция наразылыққа шыққан адамдарды ұстап әкетіп жатыр. Мәскеу, 23 қаңтар 2021 жыл.

– Кімді айтып тұрсыз?

– Аймақтың, шағын қалалардың тұрғындарын. Қарсылық акциялары қанша қалада өтті? 112. Ал Ресейде халқының саны миллионнан асатын қалалар саны 15-ке әрең жетеді. Бұл – билік үшін өте қауіпті белгі. Бұл наразылар автозакка алып кеткенше жай ғана тосып тұрмайды, олардың реакциясы басқа.

– Бұл қаншалық қауіпті белгі? 23 қаңтардағы қарсылық неге әкеледі?

– Егер оппозиция осы наразылықты күзге дейін ұстап тұрып, қыркүйекте сәл күшейте алса, Госдумадан көбірек алуы мүмкін (қыркүйекте Госдума сайлауы болады – ред.). Егер олар халықты көшеге шығаруын жалғастырса және халықтың наразылығы сейілмесе, билікке қарсылардың дауыс беру деңгейі мен бақылаушылар саны да жоғары болады.

– Дауыс беру нәтижесін бұрмалау болса ше?

– Егер саясатқа деген қызығушылық төмендемесе, билік бұрмалау ауқымын төмендетуге мәжбүр болады. Егер олар нәтижені ашықтан ашық бұрмалауға барса, халық екінші "Болотная наразылығын" (2011-2013 жылдар аралығында наразылықтар тізбегі. Қарсылық акциялары Мәскеудегі "Болотная" алаңында өткен – ред.) қайталайды.

– Қарсылық акцияларының қатысушыларын ұрып-соғу мен ұстап әкетудің ауқымы таңғалдырмады ма?

– Таңғалдырмады. Ресей билігі 2019 жылдан бері оппозициямен қылымсып жүрмейтінін көрсетіп келеді. Олар басқа не істей алады? Саяси тұрғыда жеңіліп қалды. Пропаганда жөнінде ұтылды. Қорғанысты күшпен ұстап тұру ғана қалды.

Азаттықтың Орыс қызметі мен "Сибирь.Реалии" жобасының тілшісі Мария Чернованың мақаласынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG