Accessibility links

Bellingcat зерттеуі: Навальныйды Ресей қауіпсіздік қызметі улаған


Уланған Алексей Навальныйды Германияға емдеуге алып кетіп барады.
Уланған Алексей Навальныйды Германияға емдеуге алып кетіп барады.

Bellingcat зерттеу ұйымының бірнеше басылыммен бірлесе жүргізген зерттеуі Ресейдің оппозициялық саясаткері Алексей Навальныйды Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) улады дейді.

Ресейлік The Insider, германиялық Der Spiegel және америкалық CNN ақпарат құралдарымен бірге жүргізілген зерттеу Кремль сыншысының 2020 жылғы тамызда улануы ең бері дегенде 2017 жылдың басынан бастап ұйымдастырылғанын көрсетіп отыр.

"2017 жылдың басынан 2020 жылдың тамызына дейін ФСБ-ның улы заттарға маманданған бөлімінің қызметкерлері Навальныйдың Ресейдегі сапарларына саясаткермен бірге барып жүрген. Олар 30-дан аса рейсте бірге ұшқан және Томскідегі операцияға дейін оны кемі екі рет улауға тырысқан" дейді зерттеушілер 14 желтоқсан күні жарияланған ортақ мәлімдемесінде.

Навальный қазір Германияда, "Новичок" уының салдарынан емделіп жатыр. Ол осыған дейін улауға тапсырма берген Ресей президенті Владимир Путин деп мәлімдеген.

Bellingcat зерттеушілері ФСБ қызметкерлері деген үш адамның тобын зерттеген. Олардың үшеуі де биыл тамызда Навальный жүрген Томск қаласында болған. Зерттеушілер бұл үшеудің бірі Владимир Паняев ФСБ-ның "Новичок" уымен айналысатын тобына кіреді дейді.

Навальныйды улауға қатысы бар деген ФСБ қызметкерлері.
Навальныйды улауға қатысы бар деген ФСБ қызметкерлері.

Зерттеуде бұл үшеуінің жұмысын ФСБ-да жұмыс істейтін кемі бес адамның қадағалағаны, кейбірінің Навальный мінген ұшақ шұғыл қонған Омск қаласына барғаны айтылады.

Поняевтан өзге екі қызметкердің аты-жөні Алексей Александров және Иван Осипов дейді зерттеу авторлары.

"Топтың мүшелер операциясының басынан аяғына дейін бір-бірімен байланыста болған, бұл байланыс улауға дейін және Алексей Навальный қонақүйден шығып, Томск әуежайына бағыт алғанда кенет күшейген" делінген зерттеуде.

Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатқанда Навальныйдың халі нашарлаған. Ұшақ төтенше жағдаймен Омск қаласына қонып, жедел жәрдем қызметі саясаткерді ауруханаға алып кеткен. Санаулы күннен соң ес-түссіз Навальныйды Германияға жөнелтті. Германиялық дәрігерлер науқастың арнайы умен уланғанын айтты.

Bellingcat зерттеуінен екі күн бұрын британиялық Times басылымы Батыс барлау қызметтеріне сілтей отырып, Навальныйды Германияға ұшақпен алып кетпес бұрын оны екінші рет улауға әрекет жасалғанын мәлімдеді.

Bellingcat-тың жазуынша, ФСБ-ға жұмыс істейтін 12 қызметкерге тиесілі телефондардың мета мәліметтері ФСБ-ның химиялық қарумен улауға маманданған орталығы бар екенін көрсетеді. КГБ-ның шетелге қашқан бұрынғы қызметкерлері Совет одағының осыған ұқсас зертханалары болғанын айтқан.

ФСБ – Совет одағының атышулы құпия полициясы саналатын КГБ-ның ізбасары.

Bellingcat фото коллажы.
Bellingcat фото коллажы.

"Телефон қоңырауларының мета мәліметтерін, ортақ рейстерді және осыған дейін интернетке шығып кеткен оффлайн дерек базаларын талдай отырып, біз ФСБ Криминалистика институтының улау жөніндегі құпия бөлімшесінде жұмыс істейтін кемі 15 адамды анықтадық. Солардың ішінде кемінде сегіз адам (жетекшісі [Станислав] Макшаков бар) Алексей Навальныйды уламақ болған бірнеше әрекетке тікелей қатысты" дейлінген зерттеуде.

"Улау тобының" мүшелері Навальныйды бері дегенде 2017 жылғы 16 қаңтардан бастап аңдып жүрген деп жазады Bellingcat. Яғни, аңдуды бастаудан бір ай ғана бұрын Навальный 2018 жылғы президент сайлауына қатысатынын мәлімдеген.

ФСБ қызметкерлері түрлі есімді қолданған. Кейде барар жерінен бір есіммен, ораларда басқа есіммен қайтып жүрген. Бірақ олар Навальный ұшқан бағыттармен ұшып жүрген.

Зерттеушілердің сөзінше, олар мұны Навальный мен оның командасы ізінен аңдып жүргенін байқап қоймас үшін істеген. Топ мүшелерінің 37 сапары Навальныйдың сапарымен дәлме-дәл келген дейді зерттеу авторлары.

Еуроодақ пен Ұлыбритания Ресейдің Навальныйды улауға қатысы бар деген сегіз жоғары лауазымды тұлғасына санкция салып, олардың өз аумағындағы мүлкін бұғаттап, виза алуына тыйым салды. Санкцияға іліккендер арасында "Новичок" уын әзірлеу бағдарламасына қатысы бар деген заңды тұлға да бар.

Навальныйға қарсы қолданылған улы зат Ресейдің бұрынғы құпия агенті Сергей Скрипаль мен қызы Юлияны улауда қолданылған химиялық затқа ұқсас болып шықты. Скрипальдар 2018 жылы Ұлыбританиядағы Солсбери деген қалада уланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG