Accessibility links

Ресейде Навальный жақтастарының екінші наразылығы қалай өтті?


Мәскеудегі митинг: Навальный жақтастарының көшеге шығуы, қаптаған полицей және жаппай ұстап әкету
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:11 0:00

Мәскеудегі митинг: Навальный жақтастарының көшеге шығуы, қаптаған полицей және жаппай ұстап әкету

31 қаңтар күні Ресейдің түкпір-түкпірінде Кремль сыншысы Алексей Навальныйдың босатылуын талап еткен наразылық акциясы өтті. Митинг өтеді деген жерлерді полиция қаптап, ел бойынша 2 мыңнан астам адамды ұстап әкетті.

Полиция тарапынан сүйреп әкету, ұрып-соғу фактілері осы жолы да тіркелді. Навальныйды қолдайтын бүкілхалықтық қарсылық акциясы осымен екінші рет өтіп отыр. Бірінші наразылық 23 қаңтарда болған.

ҚИЫР ШЫҒЫС ПЕН СІБІРДЕН БАСТАЛҒАН НАРАЗЫЛЫҚ

Наразылық акциялары әдеттегідей Қиыр Шығыс пен Сібірден басталды. Ауа температурасы 0 градустан төмен бұл өңірдегі қарсылық акцияларында полиция жасағының саны көбірек болып, наразыларды ұстап әкетіп жатты. Полиция Владивостокта кемі 120 адамды, Красноярскіде кемі 190 адамды ұстап әкеткен. Басқа қалаларда да осындай жағдай болған. Полиция алып кеткен адамдар қатарында бірқатар журналист бар.

"ОВД-Инфо" басылымының хабарлауынша, ел бойынша 2834 (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 19:17-дегі ақпарат, бұл сан тұрақты түрде жаңарып жатыр) адам ұсталған. Басылым сондай-ақ бірнеше қалада полиция белсенділерге наразылық басталмай тұрып келгенін хабарлады.

Владивостокта жүздеген шеруші қала орталығына кіре алмай, Амур шығанағындағы су бетіндегі мұздың үстінде "Путин ұры", "Ресей түрмеде" деп ұрандатып, шеңбермен айналып жүрді. Бұл акция екі сағатқа созылды.


Татарстан астанасы Қазанда митинг полициясы шерушілерді шабуылдап, қақтығыс болды.


"Настоящее время" телеарнасының тікелей эфирі Пермь қаласында полицей санының әдеттегіден әлдеқайда көп болғанын көрсетті. Иркутскіде полиция жасағы митингіні күшпен таратып, 24 адамды ұстап әкетті.


Полиция Азаттық радиосы Орыс қызметінің Благовещенск қаласынан хабар таратқан журналисі Андрей Афанасьевті ұстап әкетті. Ол наразылық акциясы өтетін жерге жетіп те үлгермеген.

Баспасөз қызметінің арнайы жейдесін киген бірнеше журналист дәл осындай жағдайға тап болған.

АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігі Ресей билігін адамның халықаралық құқықтарын және баспасөз еркіндігін құрметтеуге шақырды.

БАТЫС ЕЛДЕРІ РЕСЕЙ БИЛІГІН БЕЙБІТ МИТИНГІНІ ЖАНШЫДЫ ДЕП АЙЫПТАДЫ

Навальныйды босатуды талап еткендер қатарына Еуроодақ пен АҚШ та бар. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен 27 қаңтар күні АҚШ-тың Навальныйдың жағдайына "алаңдап отырғанын", оның әскери умен улануы мен қамауға алынуына жауап ретінде шара қарастырып отырғанын айтты.

Еуроодақ Навальный босатылмаса қосымша санкция салуға бекініп отыр.

Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель келесі аптада Мәскеуге сапарлауы тиіс. Өкіл сапар кезінде Ресей үкіметінен Навальныйды босатуды талап етпек.

44 жастағы Алексей Навальный 17 қаңтар күні Германиядан оралған бойда қамауға алынған. Германияда ол жүйке жүйесін зақымдайтын "Новичок" уынан емделген.

Саясаткер былтыр тамызда Томскіден Мәскеуге ұшып бара жатып, есінен танған. Ұшақ экипажы шұғыл шешім қабылдап, жол бойындағы Омбы қаласына қонып, сол жерден жедел жәрдем қызметі оны жергілікті ауруханаға алып кеткен. Комаға түскен Навальный ауруханада жасанды желдету аппаратына қосылған. Екі күннен соң ес-түссіз жатқан Навальныйды Германияға алып кетіп, Берлиндегі "Шарите" клиникасына жатқызған. Санаулы аптадан соң ол есін жиды. Ал Германия үкіметі саясаткердің "Новичок" уымен уланғанын мәлімдеді. Бұл қорытынды үш тәуелсіз зертхана растап шықты. Саясаткердің өзі улаудың артында ФСБ мен Ресей президенті Владимир Путин тұр деді.

Ал желтоқсанның ортасында Bellingcat зерттеу тобы бірнеше басылыммен бірлесе жүргізген зерттеуін жариялап, улауды ФСБ-ның ұйымдастырғанын мәлімдеді. Зерттеу Навальныйдың сапарларымен бағыттас рейстердің жолаушыларын зерттеп, ФСБ-да жұмыс істейді деген бірнеше азаматтың Навальный қайда барса, сонда барып жүргенін, ал олардың телефон қоңырауларының тарихы ФСБ агенттері арасындағы байланыс Навальныйды улау сәтінде күшейіп кеткенін анықтаған.

Санаулы күннен соң үлкен баспасөз мәслихатын өткізген Владимир Путин улауға қатысы барын жоққа шығарды, бірақ ФСБ-ның Навальныйды аңдығанын растады. Бірнеше күннен соң Навальныйдың улау операциясына қатысы бар деген ФСБ агентімен телефон әңгімесі жарық көрді. Навальный ФСБ агенті Константин Кудрявцевке қоңырау шалып, өзін басшылық өкілі деп таныстырған, улаудың егжей-тегжейін сұраған. Кудрявцев қоңырау шалушының іс-жүзінде кім екенін білмей, улаудан кейін айғақтарды жоюмен айналысқанын растаған.

Желтоқсанның соңында Ресей жазаны атқару федералдық қызметі (ФСИН) Навальныйдан дереу елге оралуын талап етіп, талап орындалмаған жағдайда қамауға алынатынын мәлімдеді. ФСИН Навальный 2014 жылғы шартты жазаның талаптарын бұзды деп шағым түсірген. Еуропалық сот ол істі саяси астары бар деп атады, үкімді негізсіз деп бағалады.

Ал Навальный болса, ФСИН-нің талабы Кремльдің кезекті қадамы екенін, елге келтірмеудің амалы екенін мәлімдеп, оралатынын мәлімдеді. 13 қаңтар күні ол "17 қаңтар күні "Победа" рейсімен ораламын" деді.

Навальныйдың еліне қайтуы да үлкен оқиғаға айналды. Полиция Навальный рейсі қонуы тиіс "Внуково" әуежайына көп адамның жиналуына мейлінше кедергі жасады. Рейс орындалар күні әуежайды қоршауға алып, күтіп алуға келген Навальный жақтастарын ұстап әкетіп жатты. Күтіп алушылар саны осыған қарамастан арта беріп, рейстің аяқталуына санаулы минуттар қалғанда билік ұшақты Шереметьево әуежайына бұрып жіберді. Ал Навальныйдың өзін кедендік бақылау қызметінен өтер сәтте ұстап әкетті. Келесі күні көшпелі сот оны 30 күнге қамау туралы шешім шығарды.

2 ақпан күні сот Навальныйдың 3,5 жылдық шартты жазасын қамау ауыстыру-ауыстырмау мәселесін шешпек.

"ПУТИН САРАЙЫ" ЖӘНЕ НАРАЗЫЛЫҚ

Сот отырысының алдында Навальный ресейліктерді көшеге шығуға шақырды. Ал оның командасы наразылықты 23 қаңтарға белгіледі. Ал 19 қаңтар күні Навальныйдың "Путин сарайы" дейтін зерттеу фильмін жарияланды. Зерттеуде Қара теңіз бойындағы Идокопас мүйісінде орналасқан, құны шамамен 1,3 миллиард доллар болатын зәулім үйдің Путинге тиесілі екені айтылады. Фильм бар болғаны бір апта ішінде 104 миллион рет көрілген.

28 қаңтар күні сот тергеуге дейінгі қамауға қарсы аппелляциялық шағымды қанағаттандырмай тастаған соң Навальныйдың сайтында оның үндеуі жарық көрді. Ол онда ресейліктерді қорықпауға шақырды.

"Шығыңыздар, ештеңеден қорықпаңыздар. Бассыздық пен жемқорлық жайлаған елде ешкімнің тұрғысы келмейді. Көпшілік біздің жағымызда" деді ол.

Кремль сарайдың Путин мен оның туыстарына тиесілі екенін мойындамады. Ал 30 қаңтар күні Путиннің сенімді серіктерінің бірі – Аркадий Ротенберг үйдің өзінікі екенін мәлімдеді.

Мәскеу бір жағынан зәулім сарайдың Путинге қатысы барын терістеуге әрекеттеніп жатса, екінші жағынан Навальный жақтастарына деген қысымды күшейте түсті. Мәскеу соты Алексей Навальныйдың інісі Олег Навальныйды, Навальныйдың Жемқорлықпен күрес қорының заңгері Любовь Собольді, координаторы Олег Степановты 23 наурыза дейін үйқамаққа отырғызды.

Pussy Riot қарсылық тобының мүшесі Мария Алехина мен Дәрігерлердің кәсіподағы альянсының басшысы Анастасия Васильеваны екі айға үй қамаққа отырғызды.

Олардың бәріне коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеулерді бұзды деген айып тағылды.

31 қаңтардағы наразылықтың қарсаңында Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш Мәскеу түрмесіндегі тоғыз күндік жазасының аяқталуына санаулы минуттар қалғанда тағы да қамауға алынды. Адвокаты оның коронавирус шектеулерін бұзды деп айыпталғанын айтты.

Ресей тергеушілері Навальныйдың серігі Леонид Волковқа қарсы жасасөспірімдерді наразылыққа тартты деген күдікпен қылмыстық іс ашты.

Апта басында бетін бүркемелеген полиция жасағы Навальный жақтастарының үйлері мен кеңселерін тінтіп, бірнеше адамды ұстап әкетті. Тінту жұмыстары Алексей Навальныйдың әйелі Юлия Навальная жалдап тұрып жатқан пәтерде де жүрді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG