Ұлыбритания мен Германияның сыртқы істер министрлері, АҚШ мемлекеттік хатшысы Ресей билігін 2 ақпанда шартты жазасы түрме жазасымен алмастырылған оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды босатуға шақырды.
"АҚШ Ресейдің Алексей Навальныйға қатысты әрекетіне қатты алаңдаулы. Біз тағы да оны дереу шартсыз босатуға шақырамыз, сонымен бірге өз құқықтарын жүзеге асырғаны үшін заңсыз ұсталғандардың барлығы да босатылуы тиіс" деп жазды АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Twitter-де.
Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Доминик Рааб та Ресейді Навальныйды дереу босатуға үндеді. Бұған қоса, соңғы екі аптада қамалған бейбіт демонстранттар мен журналистерді босатуды да талап етті.
Германия сыртқы істер министрі Навальный үкімін "Ресейдегі еркіндік құқығы мен заң үстемдігіне жасалған ауыр соққы" деп атаған. Ведомство да Навальныйды тез арада босатуды талап етті.
Франция президенті Эммануэль Макрон Twitter-де "Алексей Навальный үкіміне жол беруге болмайды. Саяси қайшылық қылмыс емес. Біз оны тез арада босатуға шақырамыз. Адам құқығы және демократиялық еркіндікті сақтау мәселесі дауласатын нәрсе емес" деді. Ол орыс тілінде жазды.
2 ақпанда Мәскеудің Симоновский аудандық соты Алексей Навальныйдың "Ив Роше" деген атпен белгілі іс бойынша алған шартты жазасын түрме жазасына алмастырған. Тергеу изоляторы мен үйқамақтағы мерзімін есептегенде оппозиционер колонияда 2 жыл 8 ай отырады.
Соттан кейін жақтастары Навальныйға шыққан үкімге қарсылық білдіріп, көшеге шықты. Полиция түнде 1200-ден астам адамды ұстаған.
ПІКІРЛЕР