Accessibility links

 
"Диктатураға жол жоқ!" Мьянмада мыңдаған адам әскери төңкеріске қарсы шықты

"Диктатураға жол жоқ!" Мьянмада мыңдаған адам әскери төңкеріске қарсы шықты


Полиция наразыларға су шашып жатыр. Нейпьидо, 8 ақпан 2021 жыл.
Полиция наразыларға су шашып жатыр. Нейпьидо, 8 ақпан 2021 жыл.

Мьянмада он мыңдаған халық әскери төңеріске қарсы үш күннен бері наразылық білдіріп жатыр. Дүйсенбі, 8 қаңтарда да он мыңдаған адам ел астанасы Нейпьидо мен ең ірі қалалардың көшесіне шықты. Билікті басып алған әскерилер телеарна арқылы наразылыққа шыққандарға "шара қолданамыз" деп сес көрсетті.

ЕЛДЕ НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

8 қаңтарда полиция Нейпьидодағы наразылық шыққандарға су шашты. Наразылар төңкеріс жасаған әскерилерден елдің лидері Аунг Сан Су Чжиді босатып, демократияны қалпына келтіруді талап етеді.

Сенбі, 6 ақпанда елде интернет бұғатталған, бұл елдің ашуын күшейтіп жіберді. Кейін 7 ақпанда билікті бақылап отырғандар интернет жұмысын қайта қалпына келтіре бастады.

1 ақпанда Мьянма әскерилері елде төңкеріс жасап, биліктегі Аунг Сан Су Чжи мен бірнеше саясаткерді үйқамаққа алған. Әскерилер былтыр қарашада өткен парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген еді. Былтырғы сайлауда Аунг Сан Су Чжи басқаратын Демократияшылардың ұлттық лигасы партиясы жеңімпаз деп танылған. Әскерилер сайлау әділ өтпеді деп санайды.

Төңкеріс жасағандар елде бір жыл төтенше жағдай жариялап, билік әскер басшысы Мин Аунг Хлайнның қолына өтті.

Әскери төңкеріске қарсы шыққандардың арасында мұғалімдер, заңгерлер, банк қызметкерлері және мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер бар.

НАРАЗЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

8 ақпанда наразылыққа шыққан наразылар "Диктатураға жол жоқ", "Демократияны қалаймыз", "Лидерімізді босат, дауысымды құрметте" деген плакаттар мен Демократияшылардың ұлттық лигасы партиясының қызыл түсті туын ұстап шықты.

Наразылыққа шыққан жұрт. Нейпьидо, 8 ақпан 2021 жыл.
Наразылыққа шыққан жұрт. Нейпьидо, 8 ақпан 2021 жыл.

"Біз, медициналық қызметкерлер, осы кампанияны бастаушы ретінде бүкіл мемлекеттік қызметкерлерді бізге қосылуға шақырамыз. Біз әскери режимді жойып, өзіміздің тағдырымыз үшін күресуіміз керек" деді Янгонда наразылыққа шыққан медбике Айе Мисан Reuters агенттігіне.

ВВС сайтының жазуынша, елде әлеуметтік желіде жұрт бір-бірін жұмысқа шықпауға шақырып жатыр. "Дүйсенбі жұмыс күні, жалақымызды кесіп тастаса да, жұмысқа бармаймыз" деді 28 жастағы тігін фабрикасының жұмысшысы Хнин Тазин AFP агенттігіне.

ӘСКЕРИ ТӨҢКЕРІС ЖАСАҒАН ГЕНЕРАЛ НЕ ДЕЙДІ?

Әскерилердің бақылауындағы телеарна 8 ақпанда мәлімдеме таратып, "елдің тыныштығын, қоғам қауіпсіздігі мен заңды бұзғандарға шара қолданылатыны" айтылды.

Артынша билікті қолына алған генерал Мин Аунг Хлайн да жұртқа телеарна арқылы қайырылып, "бұрынғы әскерилердей емес, шынайы және тәртіпті демократия құрғысы келетінін" айтты. Ол сайлау комиссиясы тартуды талап етіп, оларды пандемияны пайдаланып үгіт-насихатты әділ өткізуге кедергі келтірді деп айыптады. Хлайн әділ сайлау өткізуге уәде берді.

"Көп партия қатысатын сайлау өткіземіз және демократия ережелеріне сай сайлауда жеңіске жеткен күшке билікті табыстаймыз" деді ол.

Хлайн сайлау қашан өтетінін айтпады. Әскер басшысы наразылыққа шыққан жұртқа қоқан-лоқы көрсетпесе де, "заңнан ешкім үлкен емес" деді.

АУНГ САН СУ ЧЖИ КІМ?

75 жастағы Аун Сан Су Чжи 1989-2010 жылдары үйқамақта болған. 1991 жылы, үйқамақта отырған кезде, ол еліндегі адам құқығы мен демократия жолындағы күресі үшін бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленді. Халықаралық қауымдастықтың қысымынан соң 2010 жылы Мьянма әскерилері оны үйқамақтан босатты. 2015 жылы оның партиясы елдегі сайлауда жеңіске жеткен. Бірақ Су Чжи балалары шетел азаматы болғандықтан елдің президенті бола алмады, бірақ ол елдің де-факто лидеріне айналды.

Наразылар қолдарына Аун Сан Су Чжидің портретін ұстап шықты. Янгон, 8 ақпан 2021 жыл.
Наразылар қолдарына Аун Сан Су Чжидің портретін ұстап шықты. Янгон, 8 ақпан 2021 жыл.

2017 жылы Мьянмадағы әскеи операция кезінде елдің Ракхайн провинциясындағы мыңдаған мұсылман рохинжа қаза тапқан соң Су Чжидің халықаралық беделі түсе бастады. Мьянма әскері операцияның мақсаты экстремистермен күрес деп атағанымен, құқық қорғау ұйымдары Мьянма билігін рохинжалардың көзін құртпақ болды деп айыптады. Аунг Сан Су Чжидің халықаралық беделіне нұқсан келгенімен, ел ішінде беделі жоғары.

Reuters, BBC, AFP ақпараттары негізінде жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG