Accessibility links

"Араб көктемінің" басталғанына 10 жыл. Таяу Шығыста не өзгерді, кім ұтты?


Иран суретшісі Алиреза Дарвиштің 2011 жылдың соңында салған "Араб көктемі" деп аталатын суреті.
Иран суретшісі Алиреза Дарвиштің 2011 жылдың соңында салған "Араб көктемі" деп аталатын суреті.

2010 жылы 17 желтоқсанда Тунис азаматы Мұхаммед Буазизи билікке наразылық ретінде өзін-өзі өртеп мерт болды. Мұның соңы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада "араб көктемі" деп аталған жаппай шерулер мен толқуларға, төңкерістер мен азамат соғысына ұласты. 2012 жылдың мамырына дейін бұл оқиғалардан төрт араб мемлекетінде елді ұзақ жыл басқарып, мызғымастай көрінген билеушілер тақтан тайдырылды. "Араб көктемі" бүкіл Таяу Шығыс аймағын, ондағы әлемдік державалар ең алдымен АҚШ пен Ресейдің ықпалы мен ұстанымын айтарлықтай өзгертті.

"Араб көктемі" тіркесі мен Еуропада 1848-1849 жылдары болған революцияларды сипаттайтын "халықтар көктемі" тіркесіне үндес. Осыдан 10 жыл бұрынғы демонстранттар негізінен "Халық режимді құлатқысы келеді" деп ұрандатты. Халық толқулары биліктің басып-жаншуы мен ресми цензураға қарсы халық болып наразылық танытудың, демонстранттарды ұйымдастыруда жаңа медианы қолданудың қаншалық ықпалды екенін көрсетті. Көп елде наразылық акциялары мен толқуға шыққандар биліктің зорлық-зомбылығына тап болды.

Тунисте жеміс-жидек сататын Мұхаммед Буазизидің сыбайлас жемқорлық пен биліктің бассыздығына наразылық ретінде өзін-өзі өртеп мерт болуынан тұтанған төңкеріс артынша-ақ Египет пен Йеменге, одан соң басқа да араб елдеріне ауды. Халық жұма намазын оқығаннан кейін жаппай және ұйымдасқан түрде шеруге шыға бастады. Қарсылық акциялары Таяу Шығыспен шектелмей, Африкаға да жетті. Онда да билікке қарсы наразылықтар өте бастады.

2011 жылы 14 қаңтарда халық толқуынан Тунис президенті Зин әл-Абидин Бен Әли билікті тастап, Сауд Арабиясына қашуға мәжбүр болды. Сол жылы 11 ақпанда, халық толқуының 18-күні, Египетті 30 жыл билеген президент Хосни Мүбәрак биліктен тайдырылып, артынан түрмеге қамалды. Ливия көсемі Муаммар Каддафи 2011 жылы 23 тамызда биліктен кетіріліп, 20 қазанда өзі туып-өскен Сирт қаласына жақын маңда өлтірілді. Ливияда сол жылы басталған азамат соғысы әлі тоқтамады. Йемен президенті Әли Абдалла Салех 2012 жылы 27 ақпанда ерте сайлау нәтижесінде билікті жаңа президентке тапсырып, қызметінен түпкілікті кетті.

Тунистегі жаппай наразылық. 22 желтоқсан 2010 жыл.
Тунистегі жаппай наразылық. 22 желтоқсан 2010 жыл.

2011 жылы Сирияда президент Башар Асадтың билігіне қарсы толқу басталып, арты қиян-кескі азамат соғысына ұласты. Әлі тоқтамаған соғысқа бірнеше ел араласты.

Бахрейн халқы билікке қарсы көтерілгенімен, билік оны тез басып тастады. Алжир, Ирак, Иордания және Мароккода жаппай наразылық шерулері ұзаққа созылды. Кувейт, Ливан, Мавритания, Оман, Сауд Арабиясы, Судан, Джибути және Батыс Сахарадағы толқу ауқымды болмады. Дегенмен жылдар өте Алжир, Ливан немесе Судан секілді кей елде халықтың қарсылығы әсерінен консерватор басшылар биліктен кетті.

"Араб көктемінің" басталғанына 10 жыл толуы қарсаңында британдық Guardian газеті тоғыз араб мемлекетінде сауалнама жүргізді. Оның нәтижесінде бұл елдердегі халықтың көбі он жыл бұрынғымен салыстырғанда қазір заңсыздық орнап, әлдеқайда нашар, кедей күйге түстік деп санайтыны анықталған. Сауалнамаға қатысқан бес мың адам төңкерістен кейінгі жылдары күдер үзу сезімі тек күшейіп отырғанын айтқан. Алайда бұлай деп негізінен әлі соғыс болып жатқан Сирия (75 пайыз), Йемен (73 пайыз) және Ливия (30 пайыз) тұрғындары жауап берген. Алжир, Египет және Тунисте жауап бергендердің жартысынан азы жағдайларының нашарлағанын айтқан. Халықтың көбі 10 жыл бұрынғы оқиғаларға мүлдем өкінбейтінін білдірген. Мысалы, "араб көктемі" бастау алған Тунисте жауап бергендердің 86 пайызы қазір билікті емін-еркін сынай алатынын айтса, 27 пайызы Бен Әли режимі құлаған соң жалпы алғанда өмірлері әлдеқайда жақсарғанына сенімді.

Азаттықтың Орыс қызметі (Радио Свобода) Ресей ғылым академиясы шығыстану институтының араб және ислам зерттеулері орталығының жетекшісі Василий Кузнецовпен сұхбат құрып, "араб көктемі" басталған 10 жылда Таяу Шығыста не өзгергенін талқылады.

Басталғанына 10 жыл толған "Араб көктемі" ақталмаған үміт пен "кейде ештеңе өзгермеуі үшін де өзгеріс керек" дейтін философиялық қағиданың көрінісіне айналды деп айтуға бола ма?

Бір жағынан иә, екінші жағынан жоқ деуге болар. Таяу Шығыс – үнемі бірнәрсе болып жататын, үнемі барлығы өзгеріп жататын аймақ. Сонымен қатар аймақта ешнәрсе өзгермейді деуге де болады. Барлығы сараптамалық көзқарасқа, қажет болса, зерттеу идеологиясына байланысты. Сол кезден бері аймақта елеулі өзгерістер болды. Қазір Таяу Шығыста "авторитар мемлекет" деп атауға әбден болатын екі ел ғана қалды. Қалғандарын бұлай деп айта алмаймыз. "Араб көктеміне" дейін жағдай басқаша болатын, авторитарлық елдер саны басым еді. Төңкеріс қарулы қақтығысқа ұласпаған елдерде азаматтық қоғам институттары сөзсіз күшейді. Тіпті соғыс тұтанған елдердің өзінде азаматтық қоғам үні шығып, зорая бастады. Мұның Сирияға да қатысы бар. Бұл жерде мен сириялық босқындармен және Сирия оппозициясымен байланысты азаматтық қоғам құрылымдары және Дамаск бақылайтын кейбір құрылымдар туралы да айтып отырмын. Ливия туралы да осылай деуге болады. Мұнда ресми көрсеткіштер бойынша, 2018 жылы сегіз мың үкіметтік емес ұйым болған. Каддафи тұсында мұндай ұйымдар болмаған.

Каирдегі Тахрир алаңындағы үкіметке қарсы наразылық акциясы. 2 ақпан 2011 жыл.
Каирдегі Тахрир алаңындағы үкіметке қарсы наразылық акциясы. 2 ақпан 2011 жыл.

Өз талаптарын белгілі бір деңгейде орындатып қана қоймай, жағдайды еңсере алған және жеңіске жеткен, яғни, үміті ақталған елдер бар ма?

–​ Бұл мен айтқан нәрсенің екінші қыры. Үлкен өзгерістер болғанына қарамастан, ешқандай елде ол өзгерістер наразылық танытушылардың арманы мен үмітін іске асырумен байланысты болған емес. Себебі, бұл елдердегі "әлеуметтік саты", білім алу мүмкіндігінің жоқтығы, жұмыссыздық, сыбайлас жемқорлық және тағы басқа түйткілдермен байланысты негізгі құрылымдық проблемалар шешілмеді. Тунис, Марокко және кейде Египет сияқты кейбір елдерде жаңа әлеуметтік күштер (топтар) саясатқа араласып, саяси элита біраз жаңарды. Бірақ олар өз арманы мен талап-тілектерін орындата алды деп айтуға болмайды. Жалпы орындата ала ма деген сұраққа жауап берудің өзі қиын.

Касабланкада өткен билікке қарсы наразылық. Марокко, 15 маусым 2011 жыл.
Касабланкада өткен билікке қарсы наразылық. Марокко, 15 маусым 2011 жыл.

–​ "Араб көктемі" мүлдем болмай-ақ қойғаны дұрыс еді деген де пікір бар. Себебі, "араб көктемі" болмаса, Сирия мен Йеменнен бастап Ливияға дейін, жалпы Сахара елдерінде соғыс пен халық азып-тозу, жүздеген мың адам қаза тауып, зардап шекпес еді. Тегеурінді "Ислам мемлекеті" ұйымы пайда болмас па еді?

–​ Ауқымды тарихи үдерістерді талдағанда "бұлай болмағаны жөн еді" деудің еш мән-маңызы болмайды. Біріншіден, егер бұл ("араб көктемі" - ред.) болмағанда не боларын ешкім білмейді. Екіншіден, 2010-жылдардағы оқиғалар салдарынан зардап шеккен миллиондаған адамды еске алғанда, мынадай болғанда жақсы болар еді немесе жаман болар еді деген әңгіменің өзі моральдық-этикалық тұрғыдан мәнсіз болар еді. "ГУЛАГ құрылды, есесіне Сталин соғыста жеңіп шықты" деуге болатын ба еді? Бұл да – сол сияқты нәрсе. "Араб көктемі" болмаса не боларын және ол оқиғалардың болмауынан қандай зардап келетінін білмейміз.

Сосын, сол жылдары аталған елдерде болған қасіретке кім көбірек жауапты? Түрлі жағдайда жауапкершілік түрлі субъектілерге артылады. Бір елде наразылықты күшпен басып-жаншыған билік пен режим кінәлі болса, басқа елде сыртқы ойыншылар кінәлі. Ливияда құрбан болғандардың көбі – НАТО-ның бомбалауынан қаза тапқандар. Сондықтан, жауаптылар көп. Қайғы-қасірет аталған толқуларға түрлі елдердегі дұрыс емес реакциядан туындап отыр.

Олай болса, әсіресе Солтүстік Африкадағы ислам елдеріне келгенде ол наразылық не себепті тез радикалданып, әсіре исламшылдыққа ұрынды? Әлде мұндай үдерістің алғышарттары ұзақ уақыт пісіп-жетіліп, уақыты келгенде соқтасы жарылды ма? "Ислам мемлекеті" ұйымын алайық: мұндағы содырлардың жартысы қалай болғанда да Тунис, Ливия және басқа да елдерден шыққандар емес пе?

Иә, Тунистен, Мароккодан және Египеттен шыққандар да өте көп болды. Меніңше, бұл жерде екі нәрсені ажыратып алу керек: біріншісі – неге ол радикалданды, екіншісі – неге ол исламданды деген мәселе. Себебі, саяси ислам ондаған жылдар бойы осы аймақта әрекет еткен бірден-бір толыққанды оппозициялық идеология болды. Қалғандары – жүйеге қарсы, оппозициялық идеологиялар соңғы онжылдықта маргиналданды. Бұл – ең алдымен зайырлы солшылдар мен әсіре солшылдарға қатысты да жайт. Сондықтан, "араб көктемі" оқиғаларының барысында исламшыл дискурс анық байқалмай, кейбір жағдайларда мүлдем көрінбесе де, исламдану үдерісі болмай қоймайтын еді.

Триполи тұрғындары Муаммар Каддафидің өлімі туралы хабарға қуанып жатыр. 20 қазан 2011 жыл.
Триполи тұрғындары Муаммар Каддафидің өлімі туралы хабарға қуанып жатыр. 20 қазан 2011 жыл.

Радикалданудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, реформалар жүргізіліп, радикалдану болмаған мемлекеттер де бар. Бұлардың бірі араб монархиялары болса, екіншісіне Алжир немесе Ливан жатты. Ливанда реформалардың нашар жүргізілгені рас, ал Алжирде ол жап-жақсы жүргізілді. Тунис радикалданған жоқ. Египетте радикалдану шектеулі түрде ғана болды. Ал радикалдану жүрген елдерде оған ислам факторы емес, ең алдымен ол елдердегі бұрыннан бар "зорлық-зомбылық мәдениеті" байланысты саяси себептер әсер етті. Сирия, Ливия, Йемен сияқты елдерде "зорлық-зомбылық мәдениеті" онсыз да "араб көктеміне" дейін-ақ ерекше дамыған. "Зорлық-зомбылық мәдениеті" мемлекет пен қоғамның кез-келген өзгеріске өзгеше реакциясын тудырып, көп жағдайда қарсылық көңіл-күйдің тез радикалдануына әкеліп соқты.

–​ Яғни, Мароккодан Иракқа дейінгі аймақта ортақ зайырлы ұлттық, мемлекетаралық демократиялық қозғалыс пайда болады деп күтпеуіміз керек пе еді және қазір де күту қажет емес пе? Мысалы, "Мұсылман бауырлар" сияқты әлдебір зайырлы, арабшыл партия, ұйым, идеология пайда болуы мүмкін бе еді?

–​ Бұл жерде кез-келген батыстық бақылаушы, оның ішінде ресейліктер де алданып қалатын нәрсе бар. Неге екені белгісіз, бізге "зайырлылық" пен "демократия" екеуі синоним сияқты көрінеді. Бірақ біз 2011 жылы құлаған режимдердің бәрі "зайырлы" болғанын (осы аймаққа тән белгіде) ескеруіміз керек. Бірақ олардың ешқайсысы демократиялық ел болған емес. Бұл аймақты ондаған жыл бойы басқарған басты бағыт – зайырлы қозғалыс.

"Ислам мемлекеті" террорисі Сирияның Ракка қаласында. Маусым 2014 жыл.
"Ислам мемлекеті" террорисі Сирияның Ракка қаласында. Маусым 2014 жыл.

–​ "Араб көктемі" әлі де стихиялық құбылыс па, әлде олай емес пе? Менің алдыңғы сұрақты қоюымның бір себебі, 10 жылдыққа орай Ресей интернет кеңістігінде және ақпарат құралдарында "батыстың астыртын әрекеті" және ол оқиғалардың сырттан дайындалуы туралы әңгімелер қайта көтерілді. Себебі Ресейде Владимир Путин мен сол кездегі президент Дмитрий Медведев көп ұзамай мұны "батыстың бізге дайындаған сценариі" деп мәлімдей бастады. Бірақ меніңше, егер "араб көктемін" расымен біреулер ұйымдастырған болса (мұның өзі барып тұрған даулы тұжырым), олар – батысқа қарсы күштер. Олар осының алдындағы әлемдік қаржы дағдарысы мен басқа да көңіл-күйді ептілікпен пайдалана білді. Оның үстіне, диктаторлық болса да, тек зайырлы режимдер құлап, орнына исламшылдар келді ғой (ақыр соңында олар биліктен айрылса да, таласып көрді).

–​ Кез-келген идеологиялық дискурстағыдай мұнда да бірнеше жайт араласып тұр. Бір жағынан, Ресей элитасының кейбір өкілдері елдегі аудиторияға қарата "олардың бізге не дайындағанына қараңдар" деп айтатыны рас. Бұған қоса, Кремль ол кезде "араб көктемін" солай деп айыптайтындай мәлімдеме жасаған емес. Екіншіден, "араб көктемі" аймақтың өз ішінде және стихиялы түрде болған үдеріс. Сонымен бірге, ол кезде демонстрацияның әсері "домино эффектісі" сияқты зор болды. Үшіншіден, оқиғалардың даму барысында түрлі күштер бұл үдерісті өз мүдделеріне қарай пайдаланып, әрекет ете бастады және ол қалыпты жайт. Бір жерде ол сәтті болса, бір жерде сәтсіз шықты.

Исламшылдар бірқатар елде расымен билікке келді де. Египеттегі сияқты кейбір елде кейін биліктен ығыстырылса, бір елдерде олай болмады. Бірақ ұстамды исламшылдар билікке келген соң демократиялық құқық пен еркіндік қағидаларынан бас тартылды деуге болмайды. Мысалы, Мароккода бұл тәжірибе сәтті шықты. Соңғы он жылда аймақтағы барлық елде, оның ішінде Египетте исламшыл партиялар мен ұйымдар қалай болғанда да саяси жүйеге тартылды. Барлық елде оларға я үкіметтен болсын, я парламенттен болсын орын тие бастады. Бұл меніңше, сөзсіз жақсы нәрсе. Сол себепті исламшылдар билікке тартыла бастаған қоғамдарда саяси өмірге араласу бұрынғыдан әлдеқайда жақсара түсті.

"Мұсылман бауырлар" қозғалысының жақтастары Каир полициясымен қақтығыста. 14 тамыз 2014 жыл.
"Мұсылман бауырлар" қозғалысының жақтастары Каир полициясымен қақтығыста. 14 тамыз 2014 жыл.

–​ Мәскеу 2003 жылы Грузияда, сосын Қырғызстанда, кейін Украинада болған төңкерістердің әрқайсысынан үркіп отырды. Ал Каддафи биліктен кетіріліп, айуандықпен өлтірілген кезде Кремль шынайы алғышарттары болмаса да, "мұның бәрі әне-міне бізге де жетеді" деп, мүлдем есі шықты деп ойлаймын. Ал қазір Ресей Совет одағы құлаған соң араб әлеміндегі айрылып қалған ықпалын қарқынды түрде қалпына келтіріп жатқанын көріп отырмыз. Ал АҚШ болса, керісінше, ығысып жатыр.

–​ Бұл –​ рас. Каддафиге қатысты реакцияға келсек, Ресей билігі "бүгін Каддафи – ертең біз" деп ойлады дей алмаймын. Себебі, бұлай десек ол шынайы жағдайды мүлдем бұрыс бағамдамаған болар еді. Бірақ Каддафиге жасалған нәрсе Еуропа мен АҚШ-тың аймақтағы саясатынан кәдімгідей түңілуге алып келгені рас. Себебі, Ливиядағы жағдай бассыздық болды. Әлемде ешкім Ливияның мемлекеттілігін қалпына келтіруді мойнына алған жоқ қой. Меніңше, Ресейдің алғашқы кезде 2011-2012 жылдары сыртқы саясаттағы реакциясы кешеуілдеп қалса да, кейін Таяу Шығыстағы жағдайға бейімделіп, АҚШ-тың аймақтағы үдерістерге ықпалының азаюын пайдаланып, өзінің ықпалын нығайта бастауы өте қызық құбылыс.

Әлемде Таяу Шығыс бойынша АҚШ қана ең мықты, сапалы талдау жасайды. Мәскеудің бұл саладағы қарымы айтарлықтай аз. Әйткенмен, Ресей соңғы бірнеше жылда аймақты жап-жақсы білетінін және жағдайға қарай әрекет ете алатынын ісімен көрсетті.

–​ Ал Вашингтонға "араб көктемі" не берді – сабақ алды ма, көңілі қалды ма әлде өзінше жеңілдеп қалды ма? Осы оқиғалардан кейін олар біз көргендей шешімдер қабылдады ғой?

–​ Сол кездегі президент Барак Обама әкімшілігіне бұл жайсыз сәт болды. Себебі "араб көктемі" Ливияда, кейін Сирияда Обаманы еріксіз таңдау жасауға мәжбүрледі. Оның 2009 жылы Каирдегі сөйлеген сөзін еске алайық. Мұнда ол АҚШ-тың аймақтағы имиджін жақсарту, екінші жағынан өзіне дейін кіші Джордж Буш әкімшілігі ұстанған күшпен демократияландыру саясатынан бас тарту туралы айтты. Обама сол жылы аймақта АҚШ-тың үстемдігін сақтап қалу және сонымен бірге аймақ үшін "жауапкершілігін азайту" туралы айтты. Бірақ Ливияда ол соғысқа араласуға мәжбүр болды. Бұл кейін Бенгазиде АҚШ елшісінің қазасына әкелді.

Абдель Фаттах ас-Сиси Каирге іс-сапармен келген Владимир Путинді қарсы алып жатыр. 11 желтоқсан 2017 жыл.
Абдель Фаттах ас-Сиси Каирге іс-сапармен келген Владимир Путинді қарсы алып жатыр. 11 желтоқсан 2017 жыл.

Екінші жағынан, Таяу Шығыстағы АҚШ-тың ықпалы азайды деген сөз ішінара ғана рас. Себебі, аймақтағы америкалық әскерилер мен әскери базалар азайған жоқ қой. АҚШ-тың аймақ үшін жауапкершіліктің біразынан бас тартпақ ниеті бар. Бұл аймақтағы және одан тысқары басқа да ойыншыларға мүмкіндік тудырады. Бірақ бұл ниет толық іске асырылмай отыр.

–​Аймақта радикалды жиһадшылдық идеясының одан ары жайылуы, әсіресе ашулы, қиын жағдайға түскен жастар арасында таралуы тоқтай ма әлде жалғаса ма?

–​ Меніңше, уақытша тоқтайды. Себебі "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымының тәжірибесі бұл идеяның сәтсіз, келешегі жоқ екенін көрсетті. Бұл жобаны "іске асыру" идеясы сәтсіздікке ұшырап қана қоймай, тойтарысқа тап болды. Бұдан өзге, Сирия мен Ливиядағы зорлық-зомбылық көрсету жастардың көбін жиһадшылдық идеясынан жерітті. Екінші жағынан, әзірге әлеуметтік дамудағы проблемалар шешілмегендіктен, жихадшылдықтың қайта тірілу қауқары түгесілмейді. Сосын, жиһадшылдық проблемасы үнемі санмен бағалана бермейді, көбінесе сапамен бағаланады. Беліне бомба байлаған жалғыз адам радикалды уағыз жүргізген жүз адамдікінен асқан сұмдық нәрсе жасай алады.

–​ Еуропаның Африка мен Таяу Шығыстан шыққан босқындар легін әлі күнге дейін еңсере алмай отырғаны және бұл проблеманың жойылмауы "араб көктемінің" тікелей салдары емес пе? Әлде бұл екі үдеріс тек салыстырмалы түрде ғана байланыса ма? Түсінікті тілмен айтсақ, Бен Әли, Мүбәрак, Каддафи, Башар Асад, Бутефлик және басқа да басшылар осы күнге дейін билікте отырғанда, миллиондаған адам Еуропаға босып кететін бе еді?

–​ Ертеректегі солтүстік африкалық жетекшілер Еуропамен қарым-қатынаста миграциялық ағынды бөгеп, буфер рөлін атқаратын. Ливияда Муаммар Каддафидің тұсында 2008 жылы санкциялар жойылатынның алдында Ливия көсемі шетелден азаматтық әрі әскери мақсатта да қолдана беруге болатын техниканы сатып алуға рұқсат етуді талап етіп, дау туған. Ол Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінен шыққан босқындардың өтуіне жол ашқан. Сол кезде Италия билігі қателеспесем, күн сайын өз жағалауларынан өтуге талпынған мың жарым адам ұстауға мәжбүр болған. Сонда Каддафи "Ал, не қалаған едіңіздер? Бұл лекті тоқтататын, қос мақсатта да пайдалануға болатын техника менде ғой" деген. Сосын ол санкциялар тез арада жойылды. Әрине, режимдердің ауысуы мен тұрақсыздық Таяу Шығыс аймағының өзінен де, онымен шектес аймақтардан, ең бірінші Африка елдерінен шығатын миграция ағынын айтарлықтай күшейтті.

Бірақ меніңше, Еуропадағы босқындар мәселесі тым ұлғайтылып көрсетіледі. Мысалы, Ливандағы сириялық босқындардың саны миллионнан асады, яғни, жергілікті тұрғындардың пайызына шаққанда Ресейге әлдебір көршілес елден 50 миллион босқын келгенімен тең. Түркияда үш миллион сириялық босқын бар, Иорданияда 700 мыңға жетеғабыл. Босқындарды негізінген аймақтағы мемлекеттер қабылдап отыр. Бірақ неге екені белгісіз, "Еуропаның толассыз босқындар ағынынан зардап шеккені" туралы пікір қалыптасып отыр. Әйтпесе, Еуропа елдерінде бұл проблеманы еңсеруге саяси, экономикалық және әлеуметтік мүмкіншілік әлдеқайда көп қой.

Сирия босқындары Иордания астанасы Амманның шығысындағы лагерьде.
Сирия босқындары Иордания астанасы Амманның шығысындағы лагерьде.

–​ Францияда Наполеон құлаған соң Бурбондар мен олардың төңірегіндегілер билігі қайта орнағанда "Олар ешнәрсені ұмытпаған және ешнәрсе үйренбеген" деп айтылғаны есіңізде ме? Бұл сөзді қазіргі араб билеушілеріне қарата айтуға бола ма?

–​ Көпшілігі үйренді. Мәселе нені үйренгенінде. Биліктің "араб көктемінен" алған сабағы қарапайым халыққа ұнай ма, ұнамай ма деген мәселе болуы мүмкін. Бірақ сабақ алғанына шүбә жоқ. Өйткені кез-келген билік жаппай наразылықтан қарама-қайшы екі қорытынды түйеді ғой. Бірінші түйетіні – халықтың талап-тілегін тезірек орындау және реформалар жүргізу. Екінші түйетіні – оларды барынша қатаң түрде басып-жаншу.

Египет басшысы Абдель Фаттах ас-Сисидің билікте отырғанына ендігі жеті жыл болды. Ол құрған саяси жүйе көп адамға ұнамауы мүмкін. Бірақ ол әзірге тұрақты болып тұр. Египет кейінгі жылдары үлкен экономикалық проблемаларға тап болып, ас-Сисидің әрекет ету мүмкіндіктері шектеліп тұрса да, ол жүргізіп отырған экономикалық саясат сәтті болып тұр. Тағы бір мысалды Тунистен немесе Алжирден көруге болады. Мұнда саяси жүйе расымен демократияланды. Тунисте нағыз демократиялық үдеріс жүріп жатыр. Ал Алжирде гибридті саяси жүйе пайда болды. Бірақ бұл елдегі саяси жүйеде айтарлықтай сөз бостандығы бар, демократиялық елдерге тән қарсылық пен азаматтық белсенділік қалыптасқан.

Бұларға мүлдем қарама-қайшы мысалға Башар Асадты келтіруге болады. Ол тоғыз жыл қарулы қақтығыс арқылы билікті сақтап қалуға, өліспей беріспеуге және өз мүддеңді қорғауға болады дегенді үйренді. Моральдық баға беруді былай ысырып, шартты түрде пайымдасақ, ол өте қиын жағдайда өзін күшті саясаткер ретінде көрсете алды.

–​ Енді әңгімемізге себеп болған дата мен елге оралсақ. "Араб көктемінің" дәл осы Тунистен басталуы таңданатын жайт, түсінікті емес па? Неге ол Тунисте және Египет, Ливия, Сирия мен Йеменнен және басқа елдерден ерте басталды? Әлде бұл кездейсоқтық па?

–​ Ол кезде Тунис билеушісі Бен Әлиге бақытсыздық билеті бірінші болып тиді дер едім. Қазіргі күнгі сарапшылардың "бәрі болжағандай болды және олар барлығын алдын ала білді" дегеніне сенбеймін. Ешкім ешнәрсе білген жоқ. Кейде 2006 әлде 2007 жылы оқытушыларымның бірі Виталий Наумкинмен болған әңгімені еске аламын. Біз таяу 5-10 жылда Таяу Шығыстағы басқарушы элиталардың түбегейлі өзгеретінін және билікте саяси исламның күшейетінін айттық. Осы тұрғыдан көп нәрсе алдын ала белгілі болған еді. Бірақ нақты қандай формада болатынын, "араб көктемін" ешкім болжай алмады.

Тунисте мұның басқа елдерден ерте өтуі ол елде өзгеріс болу ықтималдығы аз болып көрінгеннен шығар. Бұл сондай парадокс нәрсе. Егер бір жерде бірнәрсе болатынын ерте білсеңіз, алдын ала қамданасыз. Ал ешнәрсе білмесеңіз, алдын ала ештеңе істемейсіз. Нәтижесінде, бәрі Тунистегі Бен Әлидің жағдайы сияқты аяқталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG