Accessibility links

Тунистің төңкерістен кейінгі тағдыры


Тунистің тұңғыш президенті Хабиб Бургибаның қайта қойылған ескерткіші. Тунис, Тунис қаласы, 29 мамыр 2016 жыл.
Тунистің тұңғыш президенті Хабиб Бургибаның қайта қойылған ескерткіші. Тунис, Тунис қаласы, 29 мамыр 2016 жыл.

Тунисте төңкеріс болғалы бес жыл өтті. «Араб көктемі» демократияға бейімдеген жалғыз ел – Тунис. Бірақ бұл мемлекет даму үшін экономикалық тоқырау мен терроризмді жеңіп, үлкен өзгерістен үміт еткен халықтың сенімін ақтап шығуы керек.

Тунистің тұңғыш президенті Хабиб Бургиба астанадағы өз атындағы бульварға салтанатты түрде «қайтадан оралды». 1987 жылы Бургибадан билікті тартып алған диктатор Зин әл-Абидин Бен Али дүниеден өткен бұрынғы басшының атта отырған ескерткішін Тунис қаласының сыртына шығарып тастаған еді.

2011 жылы жүздеген мың тунистік азамат осы бульварға жиналып, Бен Алидің биліктен кетуін талап етті. Осы жылдың мамырында олар ескерткішті бұрынғы орнына қайта қойды.

Тунистің 1956 жылы Франциядан бөлініп, тәуелсіздік алуына ықпал еткен, жалпыхалықтық білім алу, денсаулық сақтау, әйелдер құқығы мен заңға бағынуды дұрыс жолға қойған Бургибаны халық құрмет тұтады.

Соңғы бес жылда сегіз рет үкіметі ауысқан, террорлық шабуылдар туризмге зардабын қатты тигізіп жатқан шақта халық Бургибаның жаңашыл, бірлік және тұрақтылыққа ұмтылған саясатын аңсайды. Төңкерістен бес жыл өткен соң тунистіктер Бургиба кезіндегі экономикалық өрлеу мен қауіпсіздікті қалпына келтіруге тырысады, 30 жылдай билікте отырған кезде оның қолы жетпеген демократия мен адам құқығын қорғау тетіктерін біз дамытсақ дейді, халық және сондай жетістікке тез жетуді де қалайды.

Доуха Хамада ханым Тунистегі бір кафенің күн шуағы мол түсетін ауласында отыр, бұл жерде студенттер әзілдесіп, лимонад пен кофе ішеді. Инженер магистр дәрежесін алған 28 жастағы қыз жүздеген жұмыс орнына барғанын, бірақ соның үшеуі ғана әңгімелесуге шақырғанын айтады. «Таңертең тұрамын, достарыммен кофе ішемін. Сосын үйге барып, кітап оқимын. Бірақ одан гөрі табысты іспен айналысқым келеді» дейді ол.

Тунис жастарының үштен бірі жұмыссыз, жаңа үкіметтің өзгерістерді тез жасауға шамасы жетер емес. 2010 жылдың соңында мұндай тіршіліктен көңілі қалған, көшеде сауда жасайтын жас жігіт Сиди-Бузид қаласының ортасында өзін-өзі өртеп жіберіп, оның бұл әрекеті төңкеріске тамызық болған еді.

Осы жылдың қаңтарында колледж түлегі Ридха Яхиаоуи (Yahyaoui) Кассерин қаласындағы жұмыссыздыққа наразылық танытып, электр бағанына шығып қаза тапты. Оның ажалынан кейін бүкіл Тунисте ереуілдер мен наразылық шерулері өтті.

Ливия шекарасы маңындағы Бен Гардане базарының қақпасы жанында тұрған ер адам. 27 мамыр 2016 жыл.
Ливия шекарасы маңындағы Бен Гардане базарының қақпасы жанында тұрған ер адам. 27 мамыр 2016 жыл.

Саяси сарапшы Юсеф Чериф экономика ғана тығырыққа тірелген жоқ, өмір сүрудің өзі мәнсіз болып барады дейді.

«Бұрын Тунистің ең мықты сауда әріптесі саналған Ливия тас-талқан болды, әсіредіншілдер шабуылынан соң елге келетін туристер саны 35 пайызға азайды. Тунис жастарының көбі мемлекет жұмыс ұсынуы керек деп санайды. Бен Али кезінде адамдар жұмыс табамыз деген үмітпен өмір сүрген еді. Ал қазіргі билік жұмыс орындарын жасай алмаймыз деп ашық айтады» дейді ол.

Дегенмен Тунис үкіметі болашақтан күдер үзгісі келмейді. Өткен жылы үкімет экономиканың жыл сайынғы өсімін 5 пайызға жеткізіп, инвестиция мен сауданы ұлғайту жоспарын жасады. Қазір бұл көрсеткіш 1 пайыз, бірақ үміттенуге себеп бар. Халықаралық валюта қоры Туниске 2,9 миллиард доллар мөлшерінде несие бермек, ол несие арқылы үкімет нарық реформаларын іске асыру, мемлекеттік секторды қысқарту және жеке кәсіпкерлікті дамытуды жоспарлап отыр.

Дүниежүзілік банк, Еуропа Одағы мен АҚШ бірлесіп Туниске алты миллиард доллар қарыз береміз деп уәде етті. Дегенмен жоспарлап отырған өсімге қол жеткізу қиын, бірақ 1990-жылдары Бен Алидің басшылығымен бұл ел жыл сайын сол шамадағы өсімге қол жеткізген де болатын. Ол кезде экономикаға негізінен мемлекеттік инвестиция құйылып отырған еді.

Төңкерістен кейінгі экономикалық реформаларды жүргізу кезінде Тунис мықты үкімет құра алмады. Бірақ Тунистің «Араб көктемін» бастан өткерген басқа елдерге қарағанда жолы болды. Египетте әскери төңкеріс болды, Сирия мен Ливия соғысқа ұрынды. Осындай шатқаяқ кезеңде коалициялық үкімет шешуші рөл ойнауы тиіс.

Елдің қазіргі президенті Беджи Каид Эс-Себси технократ және Бургиба мен Бен Али билігі кезінде қызмет еткен зайырлы Nidaa Tounes партиясының негізін қалаған. Мамыр айында Эс-Себси өзінің басты саяси қарсыласы Ennahda (Ислам өркендеу) партиясының съезіне келді.

Египеттің «Мұсылман бауырлар» партиясынан үлгі алған және соның ықпалымен құрылған бұл партияға бұл ерекше кезең болды. Бен Али кезінде қоғамнан алшақтатылған Ennahda 2011 жылы Тунистің алғашқы еркін сайлауы кезінде билікке жетті, бірақ екі оппозиция жетекшісінің өліміне жол берді және ымырасыз салафиттік топтарға ерік беріп қойды деген айыппен бұл партия биліктен кетті.

2013 жылғы дағдарыс Тунис демократиясына қауіп төндіріп, елді тұрақсыздандырып кетті. Эс-Себсидің Nidaa Tounes партиясы Ennahda биліктен кетерден бір жыл бұрын құрылды, ал Эс-Себсидің өзі Ennahda-ны қатты сынады. Бірақ Тунис қоғамы тәртіпсіздікке ұрынбай, бұл елдегі билік бейбіт түрде ауысты.

Nidaa Tounes партиясының негізін қалаған Беджи Каид Эс-Себсидің президент сайлауы кезінде түскен суреті. Тунис, 21 желтоқсан 2014 жыл.
Nidaa Tounes партиясының негізін қалаған Беджи Каид Эс-Себсидің президент сайлауы кезінде түскен суреті. Тунис, 21 желтоқсан 2014 жыл.

Содан бері Ennahda партиясы да мәмілеге келуді қолдайтын болды. Хаммамет қаласында өткен партия съезі кезінде депутат Саида Оунисси партияның әсіредіншіл тамырынан ажырап, тунистіктер үшін экономикалық даму бағдарламасын ұсынатынын айтты.

«Ennahda кейінгі 30 жылда өзі қалаған бағытта жақсы жолмен жүрді. Бірақ қазір біз қоғамды экономикалық һәм әлеуметтік әділетпен, тұтастық және жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек» дейді ол. Президент Эс-Себси съезге келгенде оған шапалақ соғып, қошамет көрсетілді, Эс-Себси олар ұсынған өзгерістерді мақұлдайтынын айтты.

Қаңтар айында Nidaa Tounes бірнеше мүшесі жаңа партия құрды, осыған қатысты «Эс-Себси ұлының мұрагер болуына жағдай жасамақ» деген сөз шықты. Қазіргі кезде Ennahda жақтастары парламенттегі орынның көбін иеленіп отыр, бірақ билікті басып алу мақсатын құптамайды. Тунис демократиясын зерттеп жүрген Йельс университетінің докторанты Жан-Батист Галлопин «2013 жылдың жарасы әлі жазылған жоқ, Ennahda тыныштықтың шырқын бұзып алудан қорқады» дейді.

Ennahda тұсында болған терроризм мәселесі Nidaa Tounes зайырлы партиясы кезінде де жалғасты. 2015 жылы «Ислам мемлекеті» (ИМ) террористік ұйымының тунистік мүшелері теңіз жағасындағы курортта атыс жасап, 60 шақты турис қаза тапты.

Содан бері Туниске келетін туристер азайды, өткен жылы олардың саны бес жарым миллионға кеміді. Бұл - соңғы онжылдықта болған ең төмен көрсеткіш.

Үкімет қазір қауіпсіздікті күшейтуге мән беріп келеді. Одан бөлек ел астанасы Тунис қаласында тыныштық сақтауға да көп көңіл бөледі. Бұл ел Ливиямен шекараны да қатаң қадағалап отыр, ол елге Тунистен шыққан экстремистер шоғырланған еді. Президент Эс-Себсидің айтуынша терроризммен күреске жылына төрт миллиард АҚШ доллары жұмсалады, бұл - ЖІӨ-нің 8 пайызы болатын сома.

Бұл тек ел ішіндегі мәселе емес, 7 мыңнан астам тунистік «жиһадшы» Сирия мен Иракқа кетті деген ақпарат бар, үкімет 35 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдердің шетелге шығуына шектеу қойды. Енді террорлық іс-әрекет қаупі зор елдерге бару үшін олар ата-анасының келісімін алуы керек.

Ал Human Rights Watch Тунис билігі қабылдаған террорға қарсы заң азаматтардың құқықтарын бұзады деп айыптайды. Қоғамдық қызу талқылаудан соң 2014 жылы азаматтық құқықты қорғайтын конституция бекітілді. Ол сөз еркіндігі, жиын бостандығы, сот әділдігі, гендерлік теңдікті қамтамасыз етуді талап етеді. Жаңа конституцияда дін таңдау еркіндігі жарияланғанымен мемлекеттік дін ретінде ислам діні көрсетілген.

2015 жылы Нобельдің Бейбітшілік сыйлығын алған Ұлттық диалог квартеті конституцияны Ennahda партиясының биліктен бейбіт түрде кетуінің бір бөлігі болды деп қарайды. Бірақ жаңа конституция Бен Али дәуірінен қалған сарқыншақтардан әлі де болса құтыла алмай жатыр.

Бен Гардане базары маңындағы қоқыс жанында велосипедпен кетіп бара жатқан ер адам. 27 мамыр 2016 жыл.
Бен Гардане базары маңындағы қоқыс жанында велосипедпен кетіп бара жатқан ер адам. 27 мамыр 2016 жыл.

2011 жылғы шеруде суреттері әлемді шарлап кеткен фотограф Рим Темими ханым Тунистің жаңа басшылары гомосексуализм үшін немесе марихуана шеккені үшін түрмеге қамау сияқты Бен Али дәуіріндегі қатаң заңдар әлі бар дейді. Жергілікті Celtia сырасын ішіп, Сиди-Бу-Саидтағы күннің батуына қарап тұрған 43 жастағы Темими басында төңкерісті қолдағанын, бірақ зайырлы басшыларға қастандық жасалғаннан кейін одан көңілі қалғанын айтады.

«Адамдар мемлекетті құртты. 80 жастағы Эс-Сесби басқаратын мемлекет адамдар қажетін өтеуден қалды. Бұл жастардың төңкерісі болуы керек еді, бірақ оны динозаврлар басқарып кетті!» дейді ол. Тунистің өзге азаматтары да биліктің құрғақ уәделері мұқтаждарын өтеп бере алмайтынын айтады. Хамада атты әйел «Саясаткерлер жаңа конституция жасаумен әуре болып кетті. Ал маған жұмыс керек» дейді. Ол Швецияда жұмысқа орналасу үшін ағылшын тілін үйренбек.

Журналист Зухейр Латиф мырза саяси белсенділігі үшін 20 жылдай қуғын көріп, Туниске төңкерістен соң оралғанын айтады. Ол 2013 жылы жеке телеарна Telvza-ның негізін қалады, онда қазір 100 шақты адам жұмыс істейді. Ол көп аймақты шарлады, соғыс өрті тұтанған Сирияда болды, түрлі мемлекеттерді көргеннен кейін ол «Тунис дұрыс бағытта келеді» деген ойға бекіді.

Журналист Зухеир Лати. Тунис, 30 мамыр 2016 жыл.
Журналист Зухеир Лати. Тунис, 30 мамыр 2016 жыл.

«Ешбір саяси партия төңкерістен соң бірден уәдесін орындай алмайды. Біздің халық сезімге ерік беріп қояды. Біз бір партияны бес минутта жақсы көріп, үш минуттан соң жек көріп отырамыз. Сенім мен демократия орнату үшін уақыт керек» дейді Латиф.

Бургиба ескерткіші маусымның 1-і күні ашылады. Латиф Бен Али тұсында сол ескерткіштің алдында тұрып еркін сұхбат бере алмағанын айтады. Бен Али Бургибаның ескерткішін алып тастап, орнына үлкен сағаты бар мұнара орнатты. Енді Бургибаның ескерткіші бұрынғы орнына емес, соған таяу жерге қойылады.

Даниэлла Чеслоудың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG