Accessibility links

«Араб көктемі» мақсатына жетті ме?


Египет тұрғындары көтеріліске шықты, оларды қарулы күштер резина оқ және көз ашытатын газбен қуып жатыр. Каир, Тахрир алаңы, 19 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Египет тұрғындары көтеріліске шықты, оларды қарулы күштер резина оқ және көз ашытатын газбен қуып жатыр. Каир, Тахрир алаңы, 19 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Stratfor Commentary сараптама орталығы қаңтардың 16-сы күні «Екі жылдан соңғы «Араб көктемі» деген мақала жариялады. Онда халық толқулары болған бес елдің қазіргі жағдайына талдау жасалған.

2010 жылы қаңтардың 18-і күні араб елдерінде билікке қарсы көтерілістер басталды. Бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) оны «Араб көктемі» деп атады.

«БАРЛЫҚ РЕВОЛЮЦИЯ ДЕМОКРАТИЯҒА ЖЕТКІЗБЕЙДІ»

Stratfor Commentary орталығының мақаласы осы аптада Тунис президенті Зин әл-Әбидин Бен Әлидің елінен қашқанына екі жыл толғанын баяндаудан басталады.

«БАҚ «Араб көктемі» деп аталған оқиға осы елден басталды. «Араб көктемі» – араб елдеріндегі бұқара халықтың сыбайлас жемқорлық жайлаған ескі режимге қарсы шығып, демократиялы, либералды ел болуға ұмтылуы. Қазір сол оқиғаларға шолу жасайтын сәт туды» деп жазады ұйым.

Бұдан ары мақала «Барлық бас көтерулер революция емес, барлық революция демократиялық қоғамға ұмтылады деуге келмейді және демократияланудың бәрі либералдану дегенді де білдірмейді» деген ойлармен жалғасады.
"Араб көктемінен" кейінгі сайлауда жеңіске жеткен Тунис исламшылары тойлап жатыр. 25 қараша 2011 жыл.
"Араб көктемінен" кейінгі сайлауда жеңіске жеткен Тунис исламшылары тойлап жатыр. 25 қараша 2011 жыл.

Араб әлеміндегі толқулар жайлы сақтанып сөйлеу керектігін ескерткен Stratfor Commentary: «Біздің сақтығымыз осы үш тұжырымның шекарасынан шықпайды» дейді.

Мақалада америкалық саясаттанушы, аталмыш ұйымның негізін қалаушы Джордж Фридман былай дейді:

«Әрине, араб әлемінде көтеріліс болды. Кей жердегі шерулердің ауқымы теледидарда көрсеткеннен де асып түсті. Кей елдерде үкімет толқуды басып отырды. Кейбір жағдайда басшының өзі биліктен кетті, бірақ оның режимі сақталып қалды. Ливия сияқты елдерде ескі режим құлап, ешкім түсінбейтін аласапыран кезең басталды. Ал Египетте демократияның жаңа, сенімділеу түрі орнады. Бірақ Египеттегі демократиялық режимді либералды режиммен шатастырмау керек. Египет демократиясына қазіргі кезде «Мұсылман бауырлар» ұйымы ықпал етіп отыр. Сондықтан елдегі режимді либералды дей алмаймыз. Бірақ «Араб көктемінің» келе жатқаны сол кезде-ақ анық болды».

Stratfor Commentary бұл мақаласында «Араб көктемі» болған бес елдегі жағдайды жеке-жеке сипаттап шыққан.

ЕГИПЕТ

«Араб көктемі» дегенде көп жағдайда Египеттегі саяси оқиғаларға баса мән беріледі. Себебі бұл мемлекет - араб елдерінің ішіндегі ең үлкені. Бірақ ондағы жағдайды дөп басып түсіндіру әлі күнге дейін мүмкін емес.

Қуатты әскердің билікті қалай бере салғаны түсініксіз, «Мұсылман бауырлар» ұйымының либералды режимді қаншалықты қолдайтындықтары да белгісіз. Египеттегі оқиға адамды екіұшты ойға жетелейді. Көтерілісшілер не пайда тапты? Бұл елде не болғаны, болашақта қандай жағдай болатыны әлі күнге айқын емес» дейді мақала авторы.

ЛИВИЯ

«Араб көктемі» кезінде шынымен көне режимді талқандаған ел деп Ливияны атауға болар. Бірақ оны тұтас халықтық көтеріліс деу де қиын, НАТО-ның ықпалы аз болған жоқ. НАТО «Муаммар Каддафи Бенгазидегі қарсыластарын бауыздамақ болғаны үшін араластық» деп ақталды» деп жазады ұйым.

БАХРЕЙН МЕН ЙЕМЕН

«Бахрейндегі режим Сауд Арабиясының араласуымен аман қалды. Көтерілісшілердің билікті төңкеруге күші жетпеді. Йеменде президент Әли Абдулла Салех қарсыластарының талаптарына құлақ асып, биліктен бас тартты. Бірақ ел ішіндегі бұрынғы бей-берекет жағдай, қақтығыстар мен шиеленістер және ескі режимнің қағидалары өзгеріссіз қалды».

СИРИЯ

«Сирияда президент Башар Асад режимінің қақтығыстан көз ашпағанына бір жылдай болды, ол орнынан кетеді деген болжам да орындалмады.

Сириядағы үкімет әскері мен көтерілісшілер арасындағы қақтығыстың бірінде Алеппо қаласына түскен зымыранның орны. 13 қаңтар 2013 жыл.
Сириядағы үкімет әскері мен көтерілісшілер арасындағы қақтығыстың бірінде Алеппо қаласына түскен зымыранның орны. 13 қаңтар 2013 жыл.
Асад биліктен кетпесе, Сириядағы саяси жағдай шиеленісті жағдайда қала беруі ғажап емес. Асад Сирияны да Ливан сияқты үкіметі әлсіз, ал әскери қуаты мықты ел жасап, өзі ең мықты әскери қолбасшыға айналуы ықтимал. Ондай жағдай туып жатса, Асадқа қарсыластарының қауқары жетпеуі мүмкін. Оның үстіне Асадтың қарсыластары либералды демократия құруға ниетті ме? Керісінше, Сириядағы топтар Асад режимін исламдық режиммен алмастырғысы келетін сияқты» деп жазады мақала авторы.

«ЛИБЕРАЛИЗМГЕ ЖЕТПЕЙ ТОҚТАЙТЫН ДЕМОКРАТИЯ»

«Араб әлемінде болған өзгерістер екі түрлі болды. Ливия мен Сирия сияқты елдерде жағдай ушығып, хаос орнады. Египет тәрізді мемлекеттер либерализмге жетпейтін демократияны қанағат етті. Араб әлемі 1989 жылғы Шығыс Европаның күйін кешеді деген жорамал шындыққа айналмады. Бір қарағанда оқиғалар ұқсас көрінеді, бірақ ол - тек сыртқы ұқсастық» деп жазады Stratfor Commentary.

Мақаланың соңында саясаттанушы Фридманның «Бірақ осының бәрі «Араб көктемі» мақсатына жетпеді дегенді білдірмейді» деген сөзі берілген.

Фридманның ойынша, «Араб көктемі» Батыс көзқарасымен қараған адамға мақсатына жетпегендей көрінуі мүмкін. Өйткені либерализм араб елдеріне бармады. Егер «Араб көктемінің» мақсаты либерализм болды деп ойласақ, әрине, ол бұл мақсатқа жеткен жоқ. Егер мәселеге либерализм тұрғысынан қарайтын болсақ, онда Бен Әлидің елінен қашуы да либералдық дамуға әкелген жоқ, соғыс пен дағдарыс, хаостың бастамасы болып шығады».

Stratfor Commentary мақаласын «Араб көктемі» мақсатына жетті деген сарында аяқтаған.
XS
SM
MD
LG