Accessibility links

Еуропарламент депутаттары Нұр-Сұлтанды "адам құқығын өрескел бұзғаны үшін" сынады


Әділ сайлауды талап еткен азаматтарды ұстап жатқан полиция қызметкерлері. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Әділ сайлауды талап еткен азаматтарды ұстап жатқан полиция қызметкерлері. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

11 ақпанда Еуропарламентте Қазақстандағы адам құқығы ахуалы талқыланып, соған қатысты бес резолюция жобасы дауыс беруге ұсынылды. Дебат тікелей эфирде көрсетілді.

Талқылау кезінде депутаттардың басым бөлігі Нұр-Сұлтанды адам құқығын өрескел бұзып, белсенділерді қудалағаны үшін өткір сынады. Дебат кезінде депутаттар төмендегідей мәселелерді қозғады:

  • Адам құқығы, әділ сайлау мәселелерімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарға Қазақстан билігінің айыппұл салып, жұмысын уақытша тоқтатуы, тәуелсіз кәсіподақтарды жабуы;
  • 2020 жылы қайтыс болған бес белсенді: Дулат Ағаділ, оның ұлы Жанболат Ағаділ, Аманбике Хайрулла, Серік Ораз, Ғарифолла Ембергенов өлімінің ашық зерттелмеуі;
  • Пікірін ашық айтқысы келген, бейбіт жиналу құқығын пайдаланған азаматтардың ұсталып, жазалануы, белсенділердің қудалануы. Бейбіт оппозициялық ұйымдарға тыйым салынуы;
  • Жемқорлықтың жайылуы;
  • Әділетсіз сайлау, оның ішінде 10 қаңтар күнгі парламент сайлауының бәсекеге сай өтпеуі;
  • Сөз бостандығының тарылуы, тәуелсіз журналистерге шабуылдың жиілеуі;
  • Түрмелердегі азаптаудың тоқтамауы және т.б мәселелер.

Депутаттар Қазақстан адам құқығын құрметтеген жағдайда ғана ынтымақтастық орнату қажеттігін, экономикалық мүддені адам құқығынан жоғары қоймауды алға тартты.

Дауыс беруге ұсынылған жобада Алмат Жұмағұлов, Арон Атабек, Нұргүл Қалуова, Ержан Елшібаев және өзге 30-ға жуық саяси тұтқынды шартсыз босату, саяси істерді жабу, пандемияны белсенділерді қудалау құралы ретінде пайдаланбау, сайлау заңнамасын халықаралық стандартқа сәйкестендіру сияқты 16 рекомендация жазылған.

Алматы уақытымен кешкі сағат 8-дерде құжатқа дауыс беру басталады.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы әлемдегі адам құқықтарының жай-күйіне арналған 2021 жылғы есебінде "Қазақстан президенті Тоқаев реформа жайлы уәделер бергенімен, 2020 жылы елде адам құқығы жақсарған жоқ" деп мәлімдеген.

Human Rights Watch және өзге де халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Нұр-Сұлтанды халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін орындап, адам құқықтары мен азаматтық бостандықтарды сақтауға, оппозиция мен азаматтық белсенділерді қудалауды доғаруға үнемі шақырып келеді. Қазақстан билігі елде адам құқықтары сақталып отыр деп мәлімдейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG