Accessibility links

Bellingcat: ФСБ қызметкерлерінің ресейлік оппозиционер Кара-Мурзаны улауға да қатысы бар


Ресейлік оппозиционер Владимир Кара-Мурза.
Ресейлік оппозиционер Владимир Кара-Мурза.

Былтыр Кремль сыншысы Алексей Навальныйды аңдыған ФСБ қызметкерлерінің оппозиционер Владимир Кара-Мурзаның да улануына қатысы бар. Олар 2015 және 2017 жылдары оппозиционер улану белгілері бойынша ауруханаға түскенге дейін тұрақты түрде Кара-Мурзаның ізін аңдып отырған. Bellingcat тобының 11 ақпанда жарық көрген зерттеуінде осындай тұжырым жасалады.

"Бір бағыттағы сапарлар – 7 бағыт және 14 рейс – кездейсоқ сәйкестіктерді статистикалық тұрғыда адам сенгісіз жайтқа айналдырады. Кара-Мурзаның танымалдығы және тұрақты аңдулар бұл оқиғаны ФСБ тобының өзге де шабуылдарына ұқсата түседі" деп жазды Bellingcat.

2015 жылы әріптестерімен кездесу кезінде Кара-Мурзаның жағдайы кенеттен нашарлаған. Дәрігерлер оған "интоксикация жағдайындағы бүйрек ауры" деген диагноз қойған. Саясаткер ұзақ уақыт жасанды комада болды, жасанды аппараттың көмегімен өмір сүрді. Францияда жүргізілген сараптама саясаткердің ағзасында ауыр металлдың қалыптан тыс көп екенін анықтаған. Бірақ ресейлік сот-медициналық сараптама саясаткердің уланғанын растамады.

2017 жылы ақпан айында да Кара-Мурза дәл сондай ауыр жағдайда Мәскеу ауруханасына түсіп, тірі қалды. Дәрігерлер сол кезде оның тірі қалу мүмкіндігі шамамен 5 пайыз деген. Мұны Кара-Мурзаның өзі дәрігерлерден естігенін кейінірек айтты.

Bellingcat-тың айтуынша, ФСБ криминалистика институтының қызметкерлері Владимир Кара-Мурзаны ауруханаға түскенге дейін екі жағдайда да дұзақ уақыт аңдыған. 2015 жылы ауруханаға түспей тұрып үш ай бұрын Кара-Мурзаның Ресей қалаларына сапары (Томск, Санкт-Петербург, Калининград, Қазан) кезінде ФСБ қызметкері кемінде төрт рет соңынан жүріп отырған. Мысалы, Кара-Мурза 2015 жылы 22-24 мамыр күндері Қазанда болған. Кара-Мурза улану белгілері байқалғанға дейін 48 сағат ішінде Мәскеуге қайтқан.

Барлық сапарларда ФСБ қызметкері делінген Александр Самофал саясаткерді аңдыған. Bellingcat-тың "қара нарықтан" сатып алған деректер қорында Самофалға 2006 жылы берілген жүргізушілер куәлігі туралы ақпарат та бар. Онда Самофалдың мекенжайы ретінде "2567 әскери бөлімі" көрсетілген. Бұл ФСБ-ның Мәскеу түбіндегі Голицындағы шекара қызметі академиясының мекенжайымен сәйкес келеді. 2015-2016 жылдары Самофал Кара-Мурзаның соңынан 12 рет аңдыған. Оның жанында бірнеше рет ФСБ криминалистика институтының қызметкері делінген Константин Кудрявцев (Алексей Навальныйды улауға қатысты зерттеуде айтылған), сонымен бірге ФСБ-ның 2-басқармасының аға офицері Роман Мезенцев болған.

Зерттеу авторларының пайымдауынша, ФСБ тобы аймақта медициналық қызмет көрсету сапасы Мәскеуге қарағанда нашар болғандықтан емес, аймақта бақылаудағы адамдар жататын қонақ үй бөлмесіне кіру оңайырақ болғандықтан аймақта улауды құп көрген. Ал астанада уланған Кара-Мурза жағдайында арнайы топтың аңдығанын саясаткерлердің сапарлары анықтауға мүмкіндік берген.

Саясаткерді екінші рет улағаннан кейін Кара-Мурзаның әйелі Евгения ауруханадан оның қан үлгісін алып, ФБР агенттеріне тапсырған. Оған үлгіні Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым аккредитациялаған зертханада зерттеуге уәде берген. Алайда кейінірек ФБР оның нәтижесін айтудан бас тартқан.

Сот ведомстводан нәтижесін жариялауды талап еткеннен кейін ФБР "құпия" деген желеумен есептің тек үзінділерін ғана жариялаған. Жарияланған деректерде Кара-Мурзаға у беру алдын ала жоспарланғаны жазылған, бірақ нақты қандай затпен улағаны айтылмаған.

The Insider мен Bellingcat айтуынша, 2018 жылдың қаңтар айларында АҚШ-қа ФСБ жетекшісі Александр Бортников, Ресей сыртқы барлау қызметінің жетекшісі Сергей Нарышкин, ГРУ директоры Игорь Коробов ұшып барған. Зерттеушілер олардың кейбірі ФБР басшылығы өкілімен кездесуі мүмкін деп болжайды.

"Кара-Мурза туралы істе бұл кездесудің атап өтілуі оның мәселесі кездесу кезінде талқыланғанынан хабар береді, ал олай болса анализ қорытындысын жариялаудан бас тарту қандай да бір келісімнің бір бөлігі болуы мүмкін" дейді зерттеу авторлары.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG