АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Кубадағы Гуантанамо түрмесін жаппақ. Бұл туралы 12 ақпан күні Ақ үй баспасөз хатшысы Джен Псаки мәлімдеді. Құқық қорғаушылар түрмедегі ахуалды жүйелі түрде сынап келеді.
Баспасөз хатшысының сөзінше, түрме Байденнің бірінші президенттік мерзімі аяқталғанға дейін жабылады. "Бұл – біздің мақсатымыз және ниетіміз" деді ол журналистер сұрағына жауап бере отырып.
Терроризм айыбымен сотталғандарды ұстауға арналған бұл түрме 2002 жылы 11 қыркүйек оқиғасынан көп ұзамай АҚШ-тың Кубадағы әскери базасынан ашылған. АҚШ-тың 44-президенті Барак Обама бірінші мерзімінің алдындағы сайлау науқанында түрмені жабуға уәде берген. Ал Джо Байден Обама әкімшілігінде вице-президент қызметін атқарған.
Құқық қорғаушылар түрмедегілердің азапталатынын, ал оларға АҚШ түрмесінің қамалушысы мәртебесінің берілмейтінін мәлімдеген.
2019 жылы New York Times басылымы оны "әлемдегі ең қымбат түрме" деп атаған. Ондағы 40 күдіктінің әрқайсысына мемлекет есебінен жылына 13 миллион доллар жұмсалып отырған. Байденнің алдында президент болған Трамп бұл шығынды "ақылға қонымсыз" деп атады, бірақ оның әкімшілігі түрмені жаппады.
ПІКІРЛЕР