Accessibility links

Гуантанамодан Қазақстанға келген бесеу кім?


Гуантанамо түрмесінің дәлізінде кетіп бара жатқан күзетші. 5 наурыз 2013 жыл.
Гуантанамо түрмесінің дәлізінде кетіп бара жатқан күзетші. 5 наурыз 2013 жыл.

Американың әскери түрмесінің бұрынғы бес тұтқыны өздерін қабылдауға келіскен Қазақстанға келіп, жаңа өмірге бейімделіп жатыр. Олар кімдер?

АҚШ-тың Кубадағы Гуантанамо әскери базасында орналасқан түрмеде 10 жылдан аса отырған Йеменнің үш азаматы - Әсім Табит Абдалла әл-Халаки, Мұхаммед Әли Хусейн Ханаян мен Сабри Мұхаммад Ибрахим әл-Кураши және Тунистің екі азаматы - Әділ әл-Хакими мен Абдалла бин Әли әл-Луфтиді 2014 жылдың 30 желтоқсанында түрмеден босатып, халықаралық бағдарлама аясындағы келісім бойынша Қазақстанға әкелді. АҚШ билігі жапқысы келетін бұл түрмеден босаған жандарды көп елдер қабылдағысы келмейді.

Бесеуі 2001-2002 жылдары Пәкістанда ұсталып, «Әл-Каида» немесе онымен байланысты топтармен сыбайлас болуы мүмкін деген күдікпен АҚШ билігіне тапсырылған. Бес тұтқынның ешқайсысына айып тағылмаған, сондықтан АҚШ-тың әскери басшылығы оларды қамаудан босатуды ұйғарған. Бірақ қауіпсіздік мақсатында бесеуін туған елдеріне қайтармай, сыртқы істер министрлігі ақпараты бойынша «пана іздеп жүрген тұлға» мәртебесін беруге келіскен Қазақстанға жіберген.

«ҚОНЫС АУДАРУ»

Американың New York Times газетінің хабарлауынша, ресми тұлғалар АҚШ пен Қазақстан арасында келісілген қауіпсіздік кепілдігіне қатысты жайттарды жариялаудан бас тартқан. Бірақ Америка билігі өкілі «Қазақстанға келгеннен кейін бесеуі де барлық жағынан еркіндіктегі адам деп танылады» деп хабарлаған.

Washington Post газеті Пентагон «қоныс аудару» терминін бостандықты жаңа елде алған, бірақ қабылдаған мемлекетте белгілі бір бақылауда болатын тұтқындарға қатысты қолданады деп түсіндіреді. Әдетте бостандыққа шыққан тұтқындарға бір немесе екі жыл ішінде тұрып жатқан елден кетуіне тыйым салынады.

АҚШ жоғарғы сотының алдында Гуантанамо түрмесін жабуды талап етіп тұрған демонстранттар. Вашингтон, 11 қаңтар 2013 жыл.
АҚШ жоғарғы сотының алдында Гуантанамо түрмесін жабуды талап етіп тұрған демонстранттар. Вашингтон, 11 қаңтар 2013 жыл.

Ұлыбританияның тәуелсіз журналисі, Гуантанамо түрмесі туралы деректі кітаптар мен фильм авторы, түрмені жабуды қолдайтын қозғалыс жетекшілерінің бірі Энди Уортингтон Гуантанамо түрмесі тұтқындарына веб-сайт арнаған.

«Қазақстанға қоныс аударылған бес тұтқын кім?» деген мақаласында ол босаған тұтқындар туралы әр жылдары жазған фактілерді келтірген. Журналистің жазуынша, Гуантанамо тұтқындары істерін қарайтын мемлекеттік арнайы комиссия бес тұтқынды босату туралы шешімді 2009 жылы қабылдап қойған.

ТУНИСТІҢ ЕКІ АЗАМАТЫ

Энди Уортингтонның жазуынша, 48 жастағы Тунис азаматы Абдалла бин Әли әл-Луфти - он жылдай бұрын, 2005 жылы босату туралы шешім шыққан алғашқы тұтқындардың бірі. Әл-Луфти «Әл-Каида» ұйымымен әлдебір байланысы барын мойындамайды әрі «бұрын Италияда тұрғанмын, Пәкістанға дәрі үшін барған кезде тұтқындады» деп мәлімдейді.

Гуантанамо түрмесіндегі тұтқындар. 19 қаңтар 2012 жыл.
Гуантанамо түрмесіндегі тұтқындар. 19 қаңтар 2012 жыл.

Британдық журналистің ақпараты бойынша, 49 жастағы тунистік азамат Әділ әл-Хакимиді түрмеден босату туралы ұсыныс 2007 жылы жасалған.

Бірақ Reprieve құқық қорғау ұйымының адвокаты Алку Прадханға сілтеме жасаған USA Today газетінің жазуынша, Италияда аспаз болып жұмыс істеген әл-Хакими Пәкістанға әйел іздеу үшін барып, Американың антитеррорлық операциясы кезінде сол жақта ұсталған.

Энди Уортингтон мақаласында әл-Хакимидің Reprieve құқық қорғау ұйымы адвокатымен әңгімесінде айтқан «Италиялықтардың үйінде тұрдым. Олардың мәдениетін үйреніп алдым. Бірге жұмыс істеген итальяндар мені сыйлайтын, бауырындай көретін» деген сөздерін келтірген.

ЙЕМЕННІҢ ҮШ АЗАМАТЫ

Британ журналисінің жазуынша, Йемен азаматы Әсім Табит Абдалла әл-Халаки досы екеуі Пәкістанға миссионерлік мақсатпен аттанған, бірақ ол жақта «Таблиғи жамағат» ұйымы өкілдері көп екенін білген соң Ауғанстанға кетпек болған. Бірақ 11 қыркүйектегі терактіден кейін таныс ауған адамның кеңесімен қауіпсіздік мақсатында елден кетпек болған. Әл-Халаки бір топ арабқа қосылып, Пәкістанға келген бетте армияға берілген.

Энди Уортингтон «бірақ АҚШ билігінің мәлімдеуінше, ол Баграмда әскери дайындықтан өтіп, майдан шебінде болған» деп жазады.

Ал 46 жастағы екінші йемендік Мұхаммед Әли Хусейн Ханаян «арабша Құран оқуды үйрету» үшін 2001 жылы Ауғанстанға аттанғанын, бірақ сабақ бермегенін мойындайды. 11 қыркүйектегі шабуылдан кейін Ауғанстаннан кетпек болған, бірақ Пәкістанмен шекарадан өткен кезде биліктің қолына түскен.

Гуантанамо түрмесінің 6-кэмпінен көрініс. 5 наурыз 2013 жыл.
Гуантанамо түрмесінің 6-кэмпінен көрініс. 5 наурыз 2013 жыл.

Британ журналисінің жазуынша, 44 жастағы Сабри Мұхаммед Ибрахим әл-Кураши Пәкістанға бизнеспен айналысу үшін және діни мақсатпен - «Таблиғи жамағат» орталығында білім алу үшін аттанған. Кейін миссионерлік мақсатпен және парфюмерлік компаниялармен байланыс орнату үшін әлдебір арабтың кеңесімен Ауғанстанға аттанған. Жанындағы серігінен көз жазып қалып, Ауғанстаннан кете алмай қалған, сондықтан Лохар провинциясында мешітті жөндеумен айналысқан.

Ол 11 қыркүйекке дейін Усама бен Ладенмен байланысы болған «Әл-Фарух» лагерінде содырлар жасағында жаттыққан деген айыптарды мойындамайды. Оның айтуынша, Пәкістан тергеушілері оған «сенің айтқаныңа ешкім сенбейді, біздің айтқанымызды америкалықтарға айтасың, әйтпесе азаптай береміз» деген.

USA Today газетінің жазуынша, Сабри Мұхаммед Ибрахим әл-Курашиді қорғаған адвокат Грег Макконнеллдің мәлімдеуінше, үкімет оны босатуға 2009 жылы рұқсат берген, бірақ Йемендегі жағдайдың тұрақсыздығына байланысты оны ауыстыру мүмкін болмаған.

ТҮРМЕНІ ЖАБУДАҒЫ ҚИЫНДЫҚТАР

Пентагонның дерегінше, қазір Гуантанамо түрмесінде 127 тұтқын қалған, оның 59-ын босату туралы шешім шыққан, ал 15-і «ерекше назарда ұсталатын адамдар» ретінде танылған.

Гуантанамо түрмесінің қақпасындағы жазу. 5 наурыз 2013 жыл.
Гуантанамо түрмесінің қақпасындағы жазу. 5 наурыз 2013 жыл.

Обама 2010 жылы жабуды уәде еткен түрменің әлі жұмыс істеп тұру себептерінің бірі - көп елдер Гуантанамо тұтқындарын қабылдауға құлықсыз. Оның үстіне, заң шығарушылар әкімшіліктің тұтқындарды АҚШ территориясына қоныстандыруға қарсы. Америка билігі 2015 жылы тұтқындарды ауыстыруды тездетпек. Қазіргі кезде тұтқындардың бір бөлігін қабылдай алатын елдермен келіссөздер жүргізілуде.

Қазақстан - Гуантанамо тұтқындарын қоныс аудару бағдарламасы бойынша қабылдауға келіскен жалғыз ел емес. 2014 жылы Америка президенті Барак Обаманың Гуантанамо түрмесін жабу науқаны аясында 28 тұтқын Алжир, Кувейт, Сауд Арабиясы, Грузия, Словакия, Уругвай және Ауғанстан сияқты елдерге жіберілген.

XS
SM
MD
LG