Accessibility links

Тоқаев "митинг заңын шетелдіктерге де түсіндіру керек" деп санайды


Полиция билікке қарсы наразылыққа келген адамды ұстап әкетіп барады. Алматы, 2020 жылдың маусымы.
Полиция билікке қарсы наразылыққа келген адамды ұстап әкетіп барады. Алматы, 2020 жылдың маусымы.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратура өкілдерімен кездесуде "бейбіт жиын өткізгісі келетіндер жаңа заңға бағынып, конституциялық құқық қатаң түрде заң аясында орындалуы керек" деп мәлімдеді. Тоқаев "Бейбіт митинг туралы" жаңа заңды "қоғамда ғана емес шетелдіктерге де түсіндіру керек" деп санайды.

Бұл туралы Тоқаевтың баспасөз қызметі хабарлады.

"Былтырдан бастап Қазақстанда бейбіт жиындар өткізу туралы мүлде жаңа заң күшіне енді. Егер бұрын қолданыста болған заңда рұқсат алу процедурасы болса, жаңа заңда митинг өткізу туралы хабарласа жеткілікті. Сонымен қатар, ірі қалалардың орталықтарында бейбіт жиындарға, оның ішінде, наразылық акцияларын өткізуге арнайы орындар белгіленген. Бұл – біздің қоғамды демократияландыру жолындағы өте маңызды қадам. Бұл саясатты біздің қоғамда ғана емес, шетелдерде де түсіндіруіміз керек" деді Тоқаев.

Тоқаев бұл мәлімдемесін Батыс саясаткерлері мен халықаралық ұйымдар тарапынан Қазақстан билігіне сын күшейген тұста жасады.

11 ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығына қатысты қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанның белсенділерге қысым жасайтынын, "үкіметтің саясатын сынайтын бейбіт наразылықтарды билік үнемі басып тастайтынын" сынға алған. Депутаттардың бірі адам құқығын бұзып отырған қазақстандық кейбір саясаткерлерге санкция салуды ұсынған. Еуродепутаттар Қазақстанды "Бейбіт митинг туралы" заңды қайта өзгертуге шақырған.

Қазақстан билігі 2020 жылы мамырда "Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңды қабылдады. Жаңа заңда жиын туралы билікке ескертіп, оның рұқсатын күту сынды ескі шектеулер сақталып қалды. Халық наразылық шарасын билік бекіткен жерлерде ғана өткізе алады.

Жаңа заң қабылданғанымен, елде бейбіт митинг өткізу айтарлықтай жеңілдеген жоқ. Рұқсат етілген митингіден гөрі рұқсат етілмегені көп. 2020 жылдың жазынан бері Қазақстанның түкпір-түкпірінде әкімдіктер жиын өткізгісі келген белсенділердің өтініштерін жиі кері қайтарады. Митинг өткізуге рұқсат алғандарының өздері адам саны, тақырыбы, өтетін орны, уақыты бойынша қатты қадағаланды. Митингіге қатысушы адамдардың, тіпті олар ұстаған плакат мазмұнының "тақырыптан ауытқымауын" билік өкілдері қадағалап, ескерту жасайтын болды. Бейбіт жиындар жақындаған кезде жер-жердегі белсенділердің үйін тінту, қамау, аңду фактілері де жиіледі. Бір адамдық пикетке шыққандарға да әкімдік жиі ескерту жасап, қорқытып-үркітеді.

10 қаңтарда елде мәжіліс пен мәслихат депутатын сайлау күні полиция билікке талап айтып шыққан белсенділердің кейбірін ұстап, кейбірін жеті-сегіз сағат қоршауда ұстаған.

Бұған дейін Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы да Қазақстанның "Бейбіт митинг туралы" заңында кедергілер әлі көп екенін айтып, Нұр-Сұлтанды заңды қайта қарауға шақырған еді.

Қазақстанда бейбіт жиын заңы қалай қабылданды? Заңның кемшілігі қандай?
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:15 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG