Accessibility links

"Рейдерлік әдіс". Ақтас ауылын жылытқан альтруистің хикаясы


Ақтас ауылындағы 20 шақты көпқабатты үйді он жылдан астам уақыт жылытып келген қазандықтың орны. Қарағанды облысы, 25 қаңтар 2021 жыл.
Ақтас ауылындағы 20 шақты көпқабатты үйді он жылдан астам уақыт жылытып келген қазандықтың орны. Қарағанды облысы, 25 қаңтар 2021 жыл.

Қарағанды қаласынан бірнеше километр жердегі Ақтас ауылында тас көмір мен қыш өндіріледі. Совет одағы кезінде ауылда шахта қызметкерлеріне арнап екі және бесқабатты үйлер салынған. Совет одағы тарағаннан кейін ауыл халқы басқа жаққа көше бастаған. Жергілікті тұрғын Олег Горбунов жергілікті тұрғындар суық үйде қалтырамас үшін қазандық салып, көпқабатты үйлерді жылытуды қолға алған. Содан бері Ақтас тұрғындары не жергілікті қазандықтың, не қолдан жасалған пештің көмегімен жылынып келген. Бірақ бірнеше жыл бұрын билік жаңа қазандықтың құрылысына қаржы бөліп, Олегтің өзі де, еңбегі де ескерусіз қалған.

"КІМНЕН ҚОРҒАНЫШ ІЗДЕЙМІН?"

"Бұл жағдай жанымды ауыртады, осыдан сырқаттанып қалдым. Бұрынғы қазандық ғимараты бұзылып жатыр, ал менің күнкөріске ақшам қалған жоқ". Саран қаласының (Ақтас ауылы Қарағанды облысындағы Саран қаласына қарайды – ред.) тұрғыны Олег Горбуновтың Азаттыққа жазған хаты осылай басталады.

Олег Горбунов ауыл жылусыз қалғанда қолындағы дүниенің бәрін сатып, бар ақшаны қазандық пен жылу құбырын жүргізуге жұмсағанын айтады.

"Шенеуніктердің мұндай әрекетін "рейдерлік әдіс" деп бағалаймын. Өз қаржысына әлеуметтік маңызы бар нысандарды қалпына келтіріп, кейін керек болмай қалған жеке кәсіпкерлерге модернизация жасауға неге көмектеспейді? Үш жыл бойы қаншама мемлекеттік органға хат жаздым, ешкім көмектескен жоқ. "Хатыңызды алдық" деген жауаппен ғана шектеледі. Кімнен қорғаныш іздеймін?" деп жазған хат авторы.

Азаттық тілшісі жағдайдың жай-жапсарын білу үшін Ақтас ауылына барды.

Ауыл кішкентай қалашыққа ұқсайды. Көпқабатты үйлерге жақын маңда "Большая" қазандығы тұрған ғимараттың орны көрінеді. Совет одағы тарағаннан кейін орталық жылу жүйесінің жұмысы тоқтаған. Жиырмаға жуық көпқабатты үйді 2006 жылдан бері жергілікті тұрғын Олег Горбунов өз қаржысына қалпына келтірген қазандықтың көмегімен жылытып келген. Олегтің әйелі Майра Нұрғазиева мұндай ұсынысты жергілікті билік өкілдерінің өздері айтқанын еске алды.

Олег Горбуновтың жұбайы Майра Нұрғазиева. Ақтас ауылы, Қарағанды облысы.
Олег Горбуновтың жұбайы Майра Нұрғазиева. Ақтас ауылы, Қарағанды облысы.

– Сол кездегі ауыл әкімі Горбуновтан көпқабатты үйлерді жылыту мәселесін өз мойнына алуын өтінді. Өйткені ауылда жылу болмай, көп адам үйін тастап, басқа жаққа көше бастаған еді. Ауылда қалған тұрғындар буржуйка пеш жағатын. Олег әкімнің ұсынысына келісіп, техникасын сатып, жылу құбырларын жөндеп, қазандық орната бастады. Кей қазандықты тіпті өзі жасап шықты. Бәрін өз қаржысына салды. Табиғи монополия субъектісі ретінде тіркелді. Қазандық қуаты 30 шақты үйді жылытуға жететін. Кейін тұрғындардың бір бөлігі бюджет есебінен салынған қазандыққа өтті. Горбуновтың қол астында 17 үй қалды (әкімдік пен дүкенді қосқанда, мыңнан астам абонент), – дейді Майра Нұрғазиева.

Майраның сөзінше, 2016 жылы билік өкілдері бюджет есебінен Ақтас ауылын тегіс жылумен қамтамасыз ететін орталық қазандық салынатынын айтқан. Бұл туралы жергілікті журналистер де жазған. Бірақ іс жүзінде жаңа қазандық үйлердің бір бөлігіне ғана қызмет көрсетеді. Құрылысқа "Большая" қазандығынан жүз метр жерден орын бөлінген. Горбунов пен әйелі бұған алаңдап, ауыл әкімінен өздері қалпына келтірген қазандықтың жайы қалай болатынын сұраған.

– Бізге "жаңа қазандыққа жылусыз отырған үйлер ғана қосылады" деді. Қазандық құрылысы аяқталған кезде бізді әкімдікке жиналысқа шақырып, халықты жылумен қамтамасыз ету бойынша жұмысымыз жалғасатынын айтты. 2017-2018 жылғы жылу маусымына дайындалуды тапсырды. Олар жаңа қазандық жұмыс істемесе, қиын жағдайда қалмау үшін осылай жасаған сияқты. Жаз мезгілі еді. Біз дайындықты бастап, екі қазандықты ауыстырып, жылу құбырларын ретке келтірдік. Қосалқы насостар мен бұрандалы жапқыштар әзірлеп, отын түсіріп, көп ақша жұмсадық. Бірақ 2017 жылғы 1 қазанда бізге қызметіміздің тоқтағаны туралы хабарламастан, құбырлар әкеліп, жаңа қазандыққа қарай тарта бастады. Біз жылумен қамтамасыз етіп отырған үйлерге тартылған құбырларды кесіп, бұл үйлерді жаңа қазандыққа қоса бастады. Осылай жасауға бола ма? – дейді Майра Нұрғазиева.

Қазандыққа қосылмаған бұл көпқабатты үйлердегі әр пәтерді тұрғындар өздері салып алған жеке пешпен жылытады.
Қазандыққа қосылмаған бұл көпқабатты үйлердегі әр пәтерді тұрғындар өздері салып алған жеке пешпен жылытады.

"АУЫЛ ЖЫЛУСЫЗ ОТЫРҒАНДА БИЛІК ҚАЙДА БОЛДЫ?"

Ұзақ уақыт бойы мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін табан тоздырып, жүйкесі жұқарған Олег Горбунов күйзелістен сырқаттанып қалған. Қазір ол әзер қозғалады. Бірнеше жылдан бері Олег пен әйелі әртүрлі органдарға хат жазып, шенеуніктермен "айтысып-тартысып" келеді. Мұны растайтын құжаттар да бар, бірақ мемлекеттік органдардың бәрі хат алғаны туралы жауап жіберумен ғана шектелген. Біраз уақыт Олегті өзі жылумен қамтамасыз етіп отырған үйлердің тұрғындары қолдап келген. Олар да билік өкілдеріне хат жазған. Олег пен әйелі сотқа да арызданған. Бірақ 500 мың теңге мемлекеттік баж алымын төлеуге ақшасы болмай, сот арызын кейін қайтарған. Ерлі-зайыпты мұндай ақшасы жоғын, оның үстіне, сотта кімнің жеңетіні белгісіз екенін айтады.

– Бұл шырғалаң бітер емес. Мемлекеттік органдардың ешқайсысы нақты жауап бермейді. Болған оқиғаға кінәлі тұлғаларды қылмыстық жауапқа тартқанын қалаймыз. Онда Горбуновқа осының бәрін қалпына келтірудің не қажеті бар еді? Ауыл суыққа тоңып отыра берер еді! Ауыл жылусыз отырғанда билік қайда болды? Неге сол кезде бюджет есебінен қазандық салмады? Неге жұмыс істеп тұрған қазандыққа қолдау көрсетпеді? Биліктің "құрал-жабдық ескірген" деген сөзі – жалған. Билік меңзеп отырған қарызды да жабар едік. Ешкімге керек болмай қалғанымызды түсінген кезде құрылғылар мен қазандықтарды алып кеттік. Кейін тұрғындардың бірі қазандықтың қалған бөлігін бұзып әкеткен, – дейді Майра Нұрғазиева.

Жақында Майра Нұрғазиева Қарағанды облысы прокуратурасына жүгінген. Прокуратура құжаттарды көрсетуді сұрап, мәселенің жай-жапсарын анықтауға уәде берген. Бірақ әзірге жауап жоқ.

Үйін пеш жағып жылытатын жергілікті тұрғындар көмір сақтайтын орын.
Үйін пеш жағып жылытатын жергілікті тұрғындар көмір сақтайтын орын.

ӘКІМДІК ЖАҢА ҚАЗАНДЫҚҚА ҚАЛАЙ КӨШТІ?

Ақтас ауылында тоғыз мыңға жуық адам тұрады. Мұнда 122 көпқабатты үй бар. Қазір екі қазандық 44 көпқабатты үйді жылытады. Қалған 78 көпқабатты үй қолдан жасалған пеш (әкімдіктегілер оны "жеке пеш" деп атайды) пайдаланады. Билік жергілікті тұрғын қалпына келтірген, Ақтас ауылының мыңнан астам тұрғынын жылумен қамтамасыз етіп отырған қазандықты жауып тастамаса, орталық жылыту жүйесіне қосылған үй саны көбейер еді. Яғни жұмыс істеп тұрған қазандықтың құбырларын кеспей, жаңа қазандықты басқа үйлерді жылыту үшін салса, мұндай үлкен мәселе тумас еді.

Ақтас әкімдігінің дерегінше, қазір ауылда "Нұрлы жол" қазандығы арқылы жылу энергиясын өндіру, жеткізу және таратумен "Сараньтеплосервис" компаниясы айналысады. Кәсіпорынның жарғы капиталы жүз пайыз мемлекетке тиесілі. Үйлердің бір бөлігін "Токушев" жеке кәсіпкерлігі жылумен қамтамасыз етеді. Кәсіпкердің сенімді басқаруында модульді қазандық бар. 2019 жылы "жүктемені азайту үшін" ондағы жеті үйді жаңа қазандыққа қосқан.

Әкімдік дерегінше, жергілікті тұрғын Олег Горбуновтың "Большая" қазандығы табиғи монополия субъектісі ретінде 1200 абонентті жылумен қамтамасыз етіп келген. Бірақ 2017 жылы қазандық жұмысы тоқтаған. Бұл туралы айтқанда әкімдік өкілдері жергілікті тұрғын қалпына келтірген қазандықтың орнын алмастырғанын айтады.

Ақтас ауылында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған жаңа қазандық.
Ақтас ауылында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған жаңа қазандық.

– Жылыту маусымы кезінде қала мен облыс әкімдігінің диспетчерлік қызметіне қазандыққа, жылу сапасына байланысты арыз-шағымдар түсті. Қазандықтың электр энергиясына қарызы болды. Сол себепті кез келген уақытта жарық өшіп, қазандық жұмысы тоқтап қалуы мүмкін еді. Әр жылыту маусымының алдында қазандықты іске қосып, электр энергиясымен қамтамасыз етуге Ақтас ауылы мен Саран қаласының басшылығы, облыс әкімінің орынбасары араласатын. Бірақ қарызды өтеу кестесі сақталған жоқ. Басқа да келісімдер орындалмады. Жоғарыда айтылған дүниелерді ескеріп, 2014 жылы Саран қаласының бюджеті есебінен автономды модульді қазандық салу жобасы дайындалды, – деді Ақтас ауылы әкімінің міндетін атқарушы Қойшыбай Сүлейменов.

Әкімдік дерегінше, жобаның жалпы құны – 569 миллион 507 мың тенге. 2015 жылы қазандық құрылысы "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобалар тізіміне қосылған. 2016 жылы жобаға аталған бағдарлама бойынша қаржы бөлініп, 2017 жылғы 1 қазанда қазандық пайдалануға берілген. Әкімдік ұсынған ақпаратқа сәйкес, жаңа қазандық "жеке қазандықтар сияқты күл-қоқыс емес, көмір жағады". Жаңа жоба бұрын "Большая" қазандығының қызметін пайдаланып келген 20 үй мен екі әлеуметтік-мәдени нысанды жылумен қамтамасыз етеді.

Жаңа қазандық 28 көпқабатты үй мен үш әлеуметтік-мәдени нысанды жылытып отыр. Бір шаршы метр үшін 160,2 теңге төлем алады. Бұл жабық қазандықтың тарифінен 22 пайызға қымбат. Биліктің айтуынша, "Нұрлы жол" қазандығы іске қосылғаннан кейін Ақтастағы қазандықтар мен автономды жылыту жүйелерінің саны сегізден төртке дейін азайып, ауылда экология ахуалы жақсарған, төтенше жағдайлар қаупі жойылған. Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Қойшыбай Сүлейменов "бұл шараларды жүзеге асыруға" "Большая" қазандығының қуаты жетпегенін айтты.

Бұрын Олег Горбунов өз күшімен қалпына келтірген қазандықтан жылу алып келген көппәтерлі бұл тұрғын үйлер қазір жаңа қазандыққа қосылған. Ақтас ауылы, Қарағанды облысы.
Бұрын Олег Горбунов өз күшімен қалпына келтірген қазандықтан жылу алып келген көппәтерлі бұл тұрғын үйлер қазір жаңа қазандыққа қосылған. Ақтас ауылы, Қарағанды облысы.

ТҰРҒЫНДАР ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН ПЕШ ЖАҒЫП ОТЫР

Ақтас ауылы 1960 жылы салынған. Ол кезде ауылдағы көпқабатты үйлерге жылуды орталық кен байыту фабрикасы беретін. 1993 жылы фабрика ауылды жылумен қамтамасыз етуді тоқтатып, қазандық қараусыз қалған.

Билік орталық қазандық салынады дегенде жергілікті тұрғындардың көбі қуанған. Бірақ Олег Горбуновтың қызметінен бас тартуға себеп болған жаңа қазандық бүкіл ауылды жылумен қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан қазір тұрғындардың көбі қолдан жасалған буржуйка пешін жағын, электр қуатымен жұмыс істейтін құрылғылар пайдаланады.

Ауыл тұрғыны Людмила Казакова қазандық болса үйді жылыту арзан әрі таза болар еді деп есептейді. Ол 21 ғасырда көпқабатты үйді қолдан жасалған пешпен жылыту ыңғайсыз екенін, бұған көп ақша кететінін айтады.

Ақтас ауылының тұрғыны Людмила Казакова.
Ақтас ауылының тұрғыны Людмила Казакова.

– Жылыту маусымына бес тонна көмір кетеді. Көмірді 90 мың теңгеге сатып алдым. Көпқабатты үйлердің бәрі қазандыққа қосылса деймін. Пәтерге көмір тасудан шаршадым. Оның үстіне, от жаққаннан үйдің қабырғасы қарайып, күйе басып қалады, – дейді екіқабатты үйдің тұрғыны Людмила Казакова.

Тағы бір тұрғын ауылдың орталық жылыту жүйесіне қосылғанын күтпей, пәтеріне шағын қазандық орнатып алған.

– Үйге шағын қазандық орнатып алдық. Көмір жағамыз. Отынды біреулер жертөледе, біреулер даладағы көмірге арналған жәшікте сақтайды. Үйреніп қалғаннан емес, осылай жылы. Өзімізге ғана сеніп отырмыз. Қарт адамдарға көмір тасу қиын. Қазандықтар тұрақты жұмыс істеп тұрса ғой… Бірақ Ақтаста ондай тұрақтылық жоқ, адамдардың жылуға қатысты шағымы көп. Жаңа қазандық биыл сәл де болса жұмыс істеп тұр,– деді Марина Окатьева.

Әкімдік Азаттық тілшісінің "Жұмыс істеп тұрған қазандықтың жанынан қайтадан жылу құбырын тартып, жаңа модульді қазандық салуға қаржы бөлу қаншалықты дұрыс?", "Горбунов қалпына келтірген қазандықты модернизациядан өткізіп, пайдалану неге қарастырылмады?" деген сұрағына жауап берген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG