Бесқабатты үйдің қазандығындағы жарылыс. Тоғыз адамның қазасы. "Бәрін түзейміз" деген уәде. Қарағанды облысы Шахан кентіндегі қайғылы оқиғадан соң үш жыл өтсе де, жергілікті халықтың жағдайының өзгергені шамалы. Жұрт бұрынғыдай буржуйка пешін я автономды қазандық жағып жылынады. Жаңа қазандық 2021 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
БУРЖУЙКА
Бесқабатты көппәтерлі үй. Бір қарағанда қаңыраған қараусыз үйге ұқсағанымен, жақынырақ барған кезде кей терезесінен тіршілік нышаны байқалады. Бір подъезде – екі, екіншісінде үш отбасы тұрып жатыр. Бірінші қабатта шағын дүкендер орналасқан.
Подъезге кіріп, пәтер есігін қақтым. Есікті үстіне жылы жемпір мен шалбар киген әйел ашты. Шағын үш бөлмелі пәтерін буржуйка пешімен жылытып отыр екен. Пәтер иесі қолдан жасалған пешін ақшаға үнем болсын деп күнде жақпайтынын айтады. Сондықтан үйдің іші суық.
– Мені оятқаныңыз жақсы болды ғой. Түнгі ауысымнан келіп едім, қазір от жағамын, кешке қарай үйім жылиды, – дейді бір кездері орталық жылу жүйесіне қосылған үйде қазір әркім баспанасын шама-шарқына қарай амалдап жылытып отырғанын айтқан Наталья Исаенко.
Наталья Исаенко екі жерде жұмыс істейтіндіктен үйінде көп болмайды. Бір кеште үш шелек көмір жағады. Бірақ оның жылуы шамалы. Пәтер иесі ең арзан көмір жағады, өйткені жақсы жанатын қымбат көмірді сатып алуға ақшасы жоқ. Отты ағашпен емес, дүкеннен әкелген картон қорапшаларды жағып тұтатады. Наталья орталық жылу жүйесін іске қосу туралы уәдені бірнеше жылдан бері естіп келе жатқанын, жақында құрылыс жұмысы басталған соң жергілікті тұрғындардың үміті оянғанын айтады.
– Тегін болса, келісер едім. Бірақ бұл қымбатқа түседі ғой. Ондай ақшаны қалтам көтермейді. Бізде бесқабатты үйде небәрі бес отбасы ғана қалды. Пәтеріме жылу жүргізгенше басқа қабаттардағы құбырларға ақша төлемеймін ғой? Біздің үйдегі батарея, құбырлар мен жертөледегі кәріз жүйесінің темірін ақшаға өткізу үшін ұрлап әкеткен. Оларды да қалпына келтіру керек. Үйді қолымнан келгенше қорғауға тырыстым: подъезді ішінен жауып, жұмысқа кетерде есіктің сыртына үлкен құлып салып жүрдім. Пәтерімді буржуйкамен жылытуға үйреніп қалдым. Көмір алып, от тұтату үшін картонға көліктің қалдық майын құямын. Қолдан келгенше амалдаймын, – дейді Наталья Исаенко.
Бибігүл Рыспекова да екі баласымен бірге осы бесқабатты үйде тұрады. Ол Шаханда орталық жылу жүйесі іске қосылар күнді асыға күтіп жүр. Қазір Бибігүл төртінші қабатқа көмір тасып, жан-жағынан жел аңыраған пәтерін жылыту үшін күні бойы буржуйка пешін жағады.
– Пәтерде көмір жағу қиын. Таңғы алтыдан тұрып, пеш жағуға жүгіресің. Үй суық, күндіз-түні от жағамыз. Өйткені жанымыздағы бос пәтерлердің терезесінен жел аңырап, пәтерімізге жан-жақтан суық соғады. 50 мың теңгеге төрт тонна көмір алдым. Бұл жетпейді, ақша түскенде тағы да алу керек. Бірақ ол кезде көмір қымбаттайды, – дейді сөз арасында жұмыссыз қалғанын айтқан Бибігүл Рыспекова.
Шаханда осындай жартылай бос тұрған бірнеше көпқабатты үй бар. Оларда тұрып жатқан адамдардың айтуынша, 1990 жылдардың соңында кенттегі орталық жылу жүйесін өшіріп, қазандықты бұзып әкеткен кезде көбі пәтерін тастап, басқа жаққа кетіп қалған. Кей тұрғындар пәтерінде жылу болмаған соң, жер үй сатып алып, соған көшкен. Жергілікті халықтың Шаханнан кетуіне 2002, 2004 және 2006 жылдары ондаған кеншінің өліміне әкеп соққан шахтадағы жарылыстар да себеп болған. Наталья Исаенконың айтуынша, ол кезде адамдар отбасымен, тұтас бригада болып Ресейге немесе жақын маңдағы басқа қалаларға қоныс аударған.
Шаханда қазір шамамен сегіз мың адам тұрады. Кентте 117 көпқабатты, 683 жер үй бар. Ыстық су жоқ, суды буржуйка пешіне қойып жылытуға тура келеді. Тұрғындардың көбі су жылытқыш құрылғыны пайдаланады.
Кент тұрғындарының біразы көмірді үй ішінде, жертөледе немесе иесіз қалған пәтерлерде, ал басым көпшілігі гараж бен даладағы қолдан жасалған үсті жабық "қорада" сақтайды. Орталық жылу жүйесі өшкеннен кейін жергілікті халық амалдап күнелтуге тырысқан: қауіпті болса да, пәтердің ішіне қолдан жасалған пеш қойған, бу құбырын жүргізген, далаға немесе жертөлеге қазандық орнатқан. 2017 жылдың басында бесқабатты үйдің қазандығында болған жарылыстан кейін демеушілер қаржысына қалған қазандықтарды далаға көшірген. Бірақ көпқабатты үйлердің басым бөлігі әлі де ескі әдіспен жылынады.
"КӨМІР ҚЫМБАТ БОЛҒАНДЫҚТАН КӨМІР ҚАЛДЫҒЫН САТЫП АЛАМЫЗ"
Жергілікті тұрғындардың жетекшісі Лидия Ган орталық қазандыққа қосылатын күнді көптен бері күтіп жүр. Ол көпқабатты екі үйге жылу беретін шағын қазандықты бақылаумен айналысады. 2017 жылы 1 қаңтарда болған қазандықтағы жарылыстан кейін аталған қос үйдің біріндегі соңғы подъезд қираған. Қайғылы оқиғадан кейін демеушілер қаржысына үйдің сыртына қазандық қойылған.
– Әбден шаршадым, бұл өте қиын, қымбат әрі ыңғайсыз. Сол қыста боран соғып, көмірге бара алмадық. Көп үй жылусыз қалмау үшін бір-бірінен қарызға көмір сұрауға мәжбүр болды. Көмірді көп мөлшерде жинай алмайсың, қазандыққа көп отын сыймайды. Көмір жағу қымбатқа түседі, сондықтан көмір қалдығын сатып аламыз. Соның өзіне айына 170 мың теңге кетеді. Көмір қалдығының он тоннасы бізге үш күнге ғана жетеді. Қазандық отынды көп "жейді". Таза көмір ғана жағуға ақша жетпейді, – дейді Лидия Ган.
Ауыл тұрғындары орталық қазандықтың іске қосылуын асыға күтіп жүргенін, бірақ биліктің көпқабатты үйді жылу жүйесіне қосуға қанша ақша керегін айтпағанына алаңдап отырғанын жеткізді.
– Төрт немесе бес жыл бұрын тұрғындар бірігіп, өз үйімізге бес миллион теңгеге қазандық сатып алдық. Оған дейін буржуйка жағып, көмірді гаражда сақтайтынбыз. Биліктің орталық қазандыққа қосу үшін қанша ақша сұрайтынын елестетудің өзі қорқынышты, – дейді ауыл тұрғыны, бұрынғы кенші Александр Ким.
– Шахан өзгеріп жатыр, қазандық өркениет пен қауіпсіздік үшін керек. Бірақ қауіпсіздікке ешкім кепілдік бермейді. Жұрт өз күнін өзі көріп жатыр. Орталық жылу жүйесіне қосылудың қымбатқа түсетіні негізгі мәселе болып отыр. Оның үстіне, үйде бәрін өзгертуге тура келеді, көп ақша керек. Орталық қазандыққа қосылу үшін аз ақша сұраса жақсы болар еді, – дейді Азаттық тілшісіне көшеде кездескен жергілікті тұрғындардың бірі Леонид Ким.
ҚАЗАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ 2021 ЖЫЛДАН ЕРТЕ БІТПЕЙДІ
Жаңадан салынып жатқан орталық қазандық ғимараты Шахан кентіне кіреберісте орналасқан. Тас көмірмен жұмыс істейтін қазандықтың түтін шығатын биік мұржасы алыстан көзге түседі. Нысанның төлқұжатында құрылыс мерзімі 14 ай деп көрсетілген. Қазандық құрылысын "Казмеханомонтаж 2004" атты мердігер компания салып жатыр. Тапсырыс беруші – Шахан кенті қарайтын Шахтинск қаласының құрылыс бөлімі. Бұл жобаға бөлінген қаржының жартысы республикалық, қалған бөлігі облыстық бюджеттен алынған.
– Бетон құю жұмысы аяқталып қалды. Енді ғимаратты әрлеу жұмысы қалды, оны келер жылы күн жылыған кезде бастаймыз. Қазір бірінші, екінші, үшінші қазандықтың, от жағатын бөлім мен аспирациялық құрылымдардың құрылысы салынып жатыр. Жақын күндері қазандықтан Шахан кентіне дейін созылатын жылу желісін тартуды бастаймыз. Үш қазандық артығымен жетеді. Ең суық мезгілдің өзінде екі қазандық ғана жұмыс істейді, үшіншісі резервте тұрады. Енді жобаның кей тұсына түзету енгізіледі. Бастапқы жобада көп нәрсе ескерілмегендіктен, қазір құрылыс жұмысына қарастырылған қаржы көлемін көбейту жоспарланып отыр. Жобаның қаржы құжатында енгізілген түзетулер тегіс көрсетіледі. Осының бәрі кейін сараптамаға беріледі, – дейді "Казмеханомонтаж 2004" компаниясының жоба жетекшісі Ренат Абижанов.
Осыған дейін нысан құрылысын жүргізу міндеті 2019 жылы наурызда мемлекеттік сатып алу туралы келісімге отырған "Евразия Билдинг" компаниясына жүктелген. Бірақ бұл компания жұмысын жалғастыра алмаған. Сондықтан билік өкілдері компанияның "келісімшартта көрсетілген кепіл ақшаны төлемеуіне байланысты" ықтимал қауіптердің алдын-алу мақсатында сотқа шағым беріп, келісімшартты біржақты түрде бұзған. Сол себепті қазандық құрылысы бірнеше айға тоқтап қалған. Мердігер де келісімшарттың заңсыз бұзылғанын дәлелдеу үшін билік өкілдерін сотқа берген. Кейін басқа мердігер табылып, биыл шілде айында "Казмеханомонтаж 2004" кәсіпорнымен құрылысты аяқтау жөнінде келісімшарт жасалған. Жоспар бойынша қазандық 2021 жылы қыркүйекте пайдалануға берілуі тиіс. Ауыл әкімінің айтуынша, қазандық қуаты "бір жарым Шаханды" жылытуға жетеді, яғни болашақта елді мекен кеңейтілген жағдайда да жұмыс істей алатындай етіп жобаланған.
– Бірінші кезекте көпқабатты үйлерді, одан кейін жеке секторды жылу жүйесіне қосамыз. Бірақ жеке сектордағы жерлер сатылып кеткен, сондықтан жылу құбырын көшеге дейін тартып береміз, ары қарай тұрғындар өздері ақша шығарып, үйіне кіргізіп алады. Қазір көпқабатты үйлер бойынша жұмыс істеп жатырмыз, шығынды есептейміз. Бірақ мұны халықтың қалтасы көтермеуі мүмкін. Өйткені жылу құбыры тұрғын үйге дейін ғана жүргізіледі. "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңға сәйкес, жертөлеге желі тарту сияқты қалған жұмыстарға тұрғындар өз қалтасынан ақша шығаруы керек. Қазір мемлекет есебінен немесе демеушілер қаржысына (шығынды жартылай өтеу үшін – ред.) халыққа көмек беру мәселесін қарастырып көреміз, – дейді Шахан кентінің әкімі Ғалым Өмірбеков.
Ол бұл қызметке Шаханда 2017 жылы болған қайғылы оқиғадан соң тағайындалған.
ШАХАНҒА ЖЫЛУ ЖҮРГІЗУГЕ КЕЗЕКТІ ТАЛПЫНЫС
Әкім кенттегі 25 көпқабатты үй мен тоғыз әлеуметтік нысан жылу жүйесіне қосылуға техникалық тұрғыда дайын дейді. Өйткені оларда автономды жылыту жүйесі тұр, яғни шығыны аздау. Ал қалған үйлерді қосуға әлдеқайда көп ақша керек деп түсіндіреді ол. Қазандық құрылысы аяқталған кезде оны Шахтинск қаласындағы жылу электр станциясының балансына беру жоспарланған. Қазір Шаханның ішіндегі кварталдар арасына жылу желісін тартып жатыр.
Бұл – Шахан кентін жылытатын қазандық салуға жасалған көп талпыныстың бірі. Бірінші рет аталған нысанның жобалық-сметалық құжаты 2012 жылы жасалған. Бірақ 2015 жылы жобаға өзгеріс енгізіліп, жұмыс тоқтап қалған. 2017 жылы көппәтерлі тұрғын үйдің қазандығы жарылған кезде жоғарыдағы билік органдары бұл мәселені тағы да көтерген. 2019 жылы қазандық құрылысына қаржы бөлініп, жұмыс басталған. Құрылыс жұмыстары келер жылы да жалғасады, демек шахандықтар орталық қазандықтан берілетін жылуға келесі жылыту маусымында бір-ақ қол жеткізеді. Әзірге тұрғындар ескі әдіспен жылынуға мәжбүр.
2017 жылы қаңтарда тоғыз адамның (оның үшеуі – бала) өмірін қиған Шахандағы қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Бұл оқиға Шахан кентінде орталық жылу жүйесі жоғын, жергілікті халық автономды қазандықтар мен буржуйка жағып, амалдап өмір сүріп жатқанын көрсетті. Осыдан кейін демеушілер мен Шахан халқына көмек қолын созған қазақстандықтардың арқасында 200 миллион теңгеден артық ақша жиналған. Қаржының бір бөлігін жарылыстан зардап шеккен отбасыларға жаңа пәтер сатып әперуге, қалғанын қазандығы жертөледе орналасқан үйлерге даладан модульді қазандық салып беруге жұмсаған.
2017 жылы 11 қаңтарда өткен үкімет отырысында ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов төтенше жағдайға "жылу жүйесінің қауіпсіздігін бақылаудан шығарып алған" жергілікті билікті кінәлады. Бұған қатысты іс қозғалып, тергеу басталды.
Жарты жылдан кейін сот бес шенеунікке "абайсызда ауыр салдарға әкеп соққан салғырттығы" үшін шартты жаза кесті. Жауапқа тартылғандардың арасында Шахан кентінің әкімі болып істеген Мұрат Жақыпов, әкімнің орынбасары Әкетай Нажмиден, әкім аппаратының коммуналдық мәселелер бойынша бас маманы Мария Жұмабекова, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алмас Омарханов және тұрғын үй секторының бас маманы Нұржан Махамбетов бар. Олар өз кінәсін мойындап, процестік келісімге қол қойған. Бұл іс бойынша негізгі айып бесқабатты үйдің жертөлесіне қазандық орнатуға көмектескен тұрғындардың бейресми жетекшісі, кенші Мұрат Сүлейменовке тағылған. Сот оны "байқаусызда денсаулыққа зиян келтіру мен кісі өліміне әкеп соққан, тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарына сай келмейтін қызмет көрсеткені үшін" айыпты деп тауып, төрт жылға бостандығын шектеді. Сүлейменов айыпты мойындаудан бас тартып, "суыққа тоңып, қажыған тұрғындарға көмектесіп, азаматтық парызын орындағанын" айтқан.
ПІКІРЛЕР