Қазақстан билігі "эстремистік ұйым" деп танып, тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясы" қозғалыстарының қызметіне қатысты" деген айып тағылған қарағандылық Асқар Нұрмағановтың ісі бойынша сотта прокурор соттан белсендінің бостандығын бір жарым жылға шектеуді сұрады.
19 ақпан күні өткен сот отырысында прокурор бұған қоса судьядан Нұрмағановқа үш жылға қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салуды, нақты айтқанда оған қайсыбір партия, қоғамдық ұйым я қозғалыс мүшесі болуына немесе ұйымдастыруға; жиындар, митингілер, ереуілдерге қатысуына; әлеуметтік желіде үндеу жасауына; пікірсайысқа қатысуына; қайырымдылық немесе демеушілік көмек беруіне; әртүрлі петицияларға қолдау білдіруіне, БАҚ қызметіне қатысуына тыйым салуды сұрады.
Мемлекеттік айыптаушы Нұрмағановтың жүріп-тұруын шектейтін өзге де көп тыйымдар салу қажетін айтты. Белсендінің адвокаты прокурордың сөзіне қарсылық білдіріп, мұндай жазаны "бостандығын шектеу" емес, "үйқамаққа отырғызу" деп атады.
Прокурордың пікірінше, Асқар Нұрмағанов "экстремистік мазмұндағы" үнпарақтар жапсырып, ҚДТ мен "Көше партиясын" қолдайтын және митингіге шақыратын үндеулерімен "Қазақстанның жоғарғы билігіне негативті көзқарас қалыптастыру" мақсатын көздейтін іс-әрекетке барған.
– Сот шешімі бойынша ҚДТ "экстремистік ұйым" деп танылған. Оның қызметі туралы ақпарат таратуға тыйым салынған. Айыпталушы бұл туралы білген. Бірақ қозғалыс қызметіне белсенді қатысқан. Нұрмағанов ақпарат парақтарын жапсыруға қатысып, YouTube-қа ҚДТ және "Көше партиясы" қозғалыстарын қолдайтын бейнеролик жариялағанын мойындаған. Алайда өзіне тағылған айыпты мойындаудан және өкініш білдіруден бас тартып отыр, – деді мемлекеттік айыптаушы Әнуар Завотпаев.
Асқар Нұрмағанов соттағы сөзін Қазақстан әнұранын айтудан бастады. Ол ҚДТ және "Көше партиясы" қозғалыстарының идеясы мен бағдарламасын қолдауды заңға қайшы әрекет деп санамайтынын айтып, соттан өзін ақтауды сұрады.
– Осы елдің азаматтары ретінде бізді көп нәрсе алаңдатады. Қолында билігі барлардың халықтан алыстап кеткені соншалық, олар өзін мемлекет деп атай бастады. Депутаттардың халықтың мұң-зарында шаруасы жоқ. Бейбіт митингіге шыққаны үшін түрмеге жабу деген қатыгездік қайдан шықты? Бізді автозакқа сүйрегенін емес, елде жақсы өзгерістер болғанын қалаймыз. Мен қылмыскер емеспін. Халықты тыңдағысы келмейді, сонда не істеуіміз керек? Сондықтан, біз, белсенділер митингіге шығып, халықтың мұң-зарын айттық. Билік сынды тыңдай білуі керек. Мен бізде сырттай көзбояу емес, шынайы өзгеріс болады деп үміттенемін, – деді Асқар Нұрмағанов.
Белсендінің адвокаты Раушан Белғожанова да соттан Нұрмағановты кінәсіз деп тануды сұрады. Жарыссөз кезінде адвокат бұл істі "саяси қудалау", көпе-көрнеу дискриминация және Асқар Нұрмағановтың конституциялық құқығын бұзу деп атады.
Сот үкімі 22 ақпанда шығуы тиіс.
Астанадағы аудандық соттардың бірі 2018 жылы ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тануды сұраған бас прокуратураның өтінішін қанағаттандырған. 2020 жылғы ақпанда "Көше партиясы" қозғалысының қызметіне де тыйым салды. Екі сот шешімі де жарияланған жоқ.
ҚДТ негізін қалаушы бұрынғы банкир әрі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2009 жылдан бері шетелде тұрады, 2020 жылы Франция оған саяси баспана берген. Қазақстан бас прокуратурасы "Көше партиясы" – атауын өзгерткен ҚДТ деп мәлімдеген. Қозғалысты жақтайтындар өздерін билік саяси себеп бойынша қудалап отыр деп есептейді.
Еуропарламент бұған дейін ҚДТ мен "Көше партиясын" "оппозициялық бейбіт қозғалыстар" деп таныған. Биыл 11 ақпанда Қазақстандағы адам құқығының бұзылып отырғаны туралы қабылдаған қарарында Еуропарламент депутаттары ҚДТ және "Көше партиясы" қозғалыстары жақтастарына "экстремизмге қарсы заңды қолдануды" сынап, Нұр-Сұлтанды "саяси плюрализм мен бәсекеге" жол ашуға үндеген.
ПІКІРЛЕР