Accessibility links

"Шетелдегі туысына сыйлық жібергені үшін сотталған". Шыңжаңда ұзақ жылға түрмеге қамалғандар көбейген


Шыңжаң аймағы. 2017 жылы түсірілген сурет.
Шыңжаң аймағы. 2017 жылы түсірілген сурет.

Human Rights Watch халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы кейінгі уақытта Қытайдың Шыңжаң өлкесінде "дауласу", "шетелдегі туысына сыйлық жіберу" сынды күдікті айыптармен ұзақ жылға түрмеге қамалғандар күрт көбейгенін мәлімдеді.

HRW есебінше, 2016 жылдан бері Шыңжаңда 250 мыңнан аса адам сотталып, түрмеге қамалған. Бұл 250 мыңнан аса тұтқын Шыңжаңдағы лагерьге қамалған миллиондай адамның есебінен бөлек.

Қытай билігінің ресми статистикасына сүйенген Network of Chinese Human Rights Defenders ұйымы мен New York Times басылымы Шыңжаңда 2017 жылы 99326 адам, 2018 жылы 133198 адам сотталған. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда екі-үш есе көп.

Пекин 2019 жылғы статистиканы әлі жариялаған жоқ. Бірақ Xinjiang Victims Database үкіметтік емес ұйымы 8 мың тұтқынның құжаттарына сүйеніп, 2019 жылы да Шыңжаңда сотталғандар саны 2017 және 2018 жылмен шамалас деп мәлімдеді.

HRW дерегінше, Шыңжаңда ұзақ жылға сотталатындардың саны да артқан. Мәселен, 2017 жылы сотталғандардың 10,8 пайызы бес жылдан көп жаза алса, 2017 жылы сотталғандардың 87 пайызы кем дегенде бес жылға түрмеге қамалған.

"Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу орталықтары халықаралық қауымдастық тарапынан қатты сынға ұшыраған. Бірақ Шыңжаңдағы мұсылмандарды соттау және түрмеге қамау жайттары назардан тыс қалып отыр. Шыңжаңда түрмеге қамалғандардың көбі өз өмірін сүріп, дін ұстанған үшін сотталғандар" дейді HRW зерттеушісі Майя Ван.

Ұйымның зерттеуінше, Шыңжаңда жұрттың біразы харам мен халалдың не екенін түсіндіргені үшін, шетелдегі туыстарына сыйлық жібергені үшін түрмеге қамалған.

HRW зерттеуінде Xinjiang Victims үкіметтік емес ұйымының базасына сілтеме жасайды. Xinjiang Victims 312 адамның үкімін зерттеп, олардың орташа жазасы 12 жарым жыл болғанын анықтаған.

Бұл базада қазақтарға шыққан үкімдер де бар. Мәселен, Асқар Азатбек есімді қазақ Қытайға келген қазақстандық шенеунікке шекара маңында гидротехникалық мекемені көрсеткені үшін 20 жылға сотталған.

Xinjiang Victims мен HRW тағы бір қазақ Нұрлан Пионер 70 адамға діни сабақ өткені үшін "қоғамдық тәртіпті бұзу және экстремизм" айыбымен 17 жылға сотталғанын жазады.

Қазақстанда да кейінгі уақытта туыстарымыз Шыңжаңда түрмеде қамауда отыр деген жұрт көбейді. Олар Алматыдағы Қытай консулдығына жиі барып, туыстарын түрмеден босатуды талап етіп жүр. Қазақстан билігі Қытайда бауырым жазықсыз сотталды деп консулдық алдында бірнеше рет пикет өткізген Байболат Күнболатұлын "бейбіт жиын өткізу ережесін бұзды" деген айыппен он күнге қамаған.

"Жақындары Қытайда қамалған" үш әйел консулдыққа келді. Күзетшілер оларға кедергі келтірді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:50 0:00

Халықаралық ұйымдар мен зерттеушілер Қытай Шыңжаңдағы мұсылмандарды күштеп лагерьге қамайды; мұсылмандарды жұмысқа жегеді; әйелдерді стерилизациялайды; лагерьдегі әйелдерді зорлайды; балаларды ата-анасынан айырады деп санайды. АҚШ мемлекеттік департаменті мен Канада парламенті Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін "геноцид" деп атаған.

Пекин айыптардың көбін жоққа шығарады. Ал лагерьлерді "кәсіп меңгеру орны", "экстремизммен күрес әдісі" деп атап, Шыңжаң жұрты "бақытты өмір сүріп жатыр" дейді.

Қытай сыртқы істер министрі Ван И 22 ақпанда Женевада өткен БҰҰ-ның адам құқығы жиынында Шыңжаңдағы ұйғырлар мен басқа ұлттар еңбек ету және дін ұстану құқығын толық пайдаланып отырғанын алға тартты. Ол Шыңжаңда 24 мың мешіт жұмыс істеп тұрғанын айтып, "бұл аймақта геноцид, күштеп еңбекке жегу, діни қудалау жоғын көрсетеді" деді.

Қытаймен экономикалық байланыс орнатқан Қазақстан билігі қоғамның қысымына қарамастан Шыңжаңдағы мұсылмандарға жасалып жатқан қысымдарға ресми баға бермеді. Ресми өкілдер бірнеше рет "Шыңжаңдағы жағдайды Қытайдың ішкі саясаты" деген.

2019 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев германиялық DW телеарасына берген сұхбатында "Халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қалай болғанда да этникалық қазақтарға қатысты осы тақырыптың айналасында әдейі шу шығарып жатқан сияқты" деп мұны АҚШ пен Қытай арасындағы геосаяси ойынның бір бөлігіне балаған.

Шыңжаңның өткені мен бүгіні
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:52 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG