Accessibility links

Қытайдың "саяси қайта тәрбиелеуін" көргендер


Қытайда сегіз ай қамауда болып келген Қазақстан азаматы Өмір Бекәлі смартфоннан Қытайда қалған ата-анасының суретін көрсетіп тұр.
Қытайда сегіз ай қамауда болып келген Қазақстан азаматы Өмір Бекәлі смартфоннан Қытайда қалған ата-анасының суретін көрсетіп тұр.

Батыс баспасөзі осы аптада Қытайдың Шыңжаң аймағында тұратын әрі ішінде бірнеше қазақстандық бар "мұсылмандардың санасын тазартуға арналған лагерьлер" туралы мақалалар жариялады. Бұған қоса, "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясын ІРО-ға шығару жоспары мен Қарашығанақ кенішіне қатысты даудың реттелуі мүмкін екені туралы жазған.

ҚЫТАЙДА "ҚАЙТА ТӘРБИЕЛЕУДЕ" БОЛҒАНДАР

Осы аптада Батыстың бірнеше басылымы Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі "қайта тәрбиелеу" лагерьлерінде қамауда болған әрі ішінде бірнеше қазақстандық та бар бұрынғы тұтқындардың тағдыры жайлы мақала жариялады. Бұған дейін Азаттық олардың тағдыры туралы жан-жақты хабар таратқан.

Оқи отырыңыз: Шыңжаңдағы "саяси лагерьді" ішінен көрген қазақ

Америкалық New York Times газеті Associated Press агенттігінің "Қытайдың батыс түкпіріндегі саяси лагерьлерден тірі қалғандар көрген азабы жайлы айтады" деген материалын жариялады. Мақалада "қайта тәрбиелеу" мақсатында өткен жылғы көктемнен бері Шыңжаң өлкесінде адамдарды жаппай ұстау науқаны жүргізілгені туралы жазған. Сәуірде АҚШ комиссиясы Шыңжаңдағы жағдайды "қазіргі әлемде аз ұлт өкілдерін ең ірі жаппай қамау" деп атаған болатын.

Қытайдың ресми тұлғалары әлгі лагерьлер туралы комментарий беруден көбінесе қашқақтайды. Бірақ мемлекеттік баспасөзде "сепаратизмге және ислам экстремизмге тойтарыс беру үшін идеологиялық өзгерістер қажет" деген сарындағы хабарламалар тарап тұрады. Қытай сыртқы істер министрлігі өкілдері лагерьлер жайлы сұраққа "естіген жоқпыз" деп жауап береді. Ведомство өкілдері ұлты қытай емес адамдарды жаппай ұстап, қамау оқиғаларына қатысты сұрақтарға "Қытай үкіметі Қытайда тұратын шетелдіктердің құқығын қорғайды, сондықтан олар да заңға бағынуы тиіс" деген комментарий берген. Қытайдың Шыңжаң аймағындағы ресми тұлғалары комментарий беруді сұраған өтінішті жауапсыз қалдырды.

Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиялық аймағында мешітте отырған қазақтар. (Көрнекі сурет.)
Қытайдың Шыңжаң-ұйғыр автономиялық аймағында мешітте отырған қазақтар. (Көрнекі сурет.)

"Қамауда ұстау бағдарламасы – президент Си Цзиньпиннің дендеген ұлтшылдық сипаттағы әрі қатаң билігі тұсында әбден күшейіп алған Қытай мемлекеттік қауіпсіздігі аппаратының айрықша ерекшелігі. Бұл бір жағынан, адамды оқыту арқылы қайта тәрбиелеуге болады деген әрі Мао Цзедун реформалары кампаниясы кезінде шектен шыққан сұмдыққа дейін жеткен ежелгі Қытайдағы сенімге байланысты" деп жазған New York Times.

Оқи отырыңыз: Қытайда ұсталған қазақ азаматтары

Шыңжаң өлкесіндегі "тәрбие" лагерьлері туралы осы аптада ұлыбританиялық Independent газеті де жазды. "Бұрынғы тұтқындардың мәлімдеуінше, Қытайдағы "қайта тәрбиелеу" лагерьлерінде мұсылмандарды арақ ішіп, шошқа етін жеуге мәжбүрлеген" деген мақалада қамаудағы адамдардың жағдайын бұрынғы тұтқындардың айтуы бойынша сипаттаған.

Бұрынғы тұтқындардың сөзінше, камералары тар әрі лас лагерьлерде тамаққа жарытпайды, адамдарды болмашы айыбы үшін қатаң жазалайды. "Тұтқындар таң бозынан тұрып, Қытайдың мемлекеттік гимнін шырқайды, таңғы сағат 7:30-да Қытай туын көтереді. Оларды үлкен кабинеттерге жинап алып "коммунистік партиясыз жаңа Қытай орнамайды" деген мазмұндағы әндерді жаттатып, қытай тілін үйретеді, Қытай тарихын оқытады. Оларға Орта Азияның мал шаруашылығымен айналысқан байырғы халықтары 1950 жылдары коммунистік партия "азат еткенге" дейін мешеу, езгіде болған деп айтады" делінген мақалада.

Тамақтың алдында тұтқындарға "Партияға рахмет! Отанға рахмет! Си басшыға рахмет!" деп қайталауды бұйырады. Камералар ғана емес, әжетханаларда да бақылау камералары орнатылған.

Қытай қазақтарының қысым көруі талқыланды (24 сәуір 2018 жыл):

Қытай қазақтарының қысым көруі талқыланды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:25 0:00

Америкалық Washington Post газеті "Қытайдағы мұсылмандарды "қайта тәрбиелеу" орталықтарының бұрынғы тұтқындары адамдардың санасын тазарту мен азаптау туралы айтып берді" деген мақаласында Қытай бойынша жетекші сарапшы Адриан Ценцтің Германиядағы Корнтал қаласында орналасқан Еуропа мәдениет және теология мектебі осы аптада жариялаған баяндамасына қатысты комментарий жазған. Баяндамада Қазақстанмен шекаралас Шыңжаң өлкесіндегі (Шыңжаңда жиыны 21 миллион адам тұрады, оның 11 миллионы - мұсылмандар) "тәрбие" лагерьлерінде жүздеген мыңнан бір миллионға дейін мұсылман қамауда болған деп көрсетілген.

"Аймақтағы мемлекеттік қауіпсіздік органынан жарияланып кеткен құжатқа негізделген бұл деректер бүкіл Шыңжаң өлкесінде ұлты ұйғыр және қазақ ересек тұрғындардың 11,5 пайызына дейін қамауда болғанын көрсетуі мүмкін" деп жазған Washington Post.

"ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП" САТЫЛАТЫН БОЛДЫ МА?

Америкалық Wall Street Journal басылымы "Қазақстан әлемдегі аса ірі уран өндіруші компаниясын ІРО-ға шығаруды жоспарлайды" деген мақаласында Астананың 2018 жылы "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының 25 пайызын сату жоспарына қатысты комментарий жазған. Мақалада әлгі жоспарды "Қытай мен Ресей арасында қыспақта қалған бұрынғы советтік республика – [Қазақстанның] экономикасын ашуға тырысқан әрекеттің негізгі бөлігі" деп атайды.

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов БАҚ-қа берген сұхбатында "Қазатомөнеркәсіп" акцияларын Лондон немесе Гонконг биржасына шығару үшін билік Уолл-стриттегі JPMorgan Chase & Co сынды банкілерді жалдағанын айтқан болатын. Басылым Есімовтің "Біз компанияларымыздың көбірек жария болғанын қалаймыз. Бұл - басымдылық" деген сөзін келтірген.

Лондонда тұратын сарапшы Джастин Чан "Қазатомөнеркәсіп" компаниясын жекешелендіру бір жерге шоғырланған уран саласына серпін берер еді. Ал бұл нарықтағы статус-кво жағдайды да өзгертіп, өндіріс көлеміне емес, бағаға басымдық беруі мүмкін" дейді. "Жеке акционерлер мен мемлекеттің стратегиялық көзқарасы әрдайым үйлесе бермеуі де мүмкін" деп жазған Wall Street Journal.

"Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.
"Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.

Қазақстанның "Қазатомөнеркәсіп" компаниясын жекешелендіруді жоспарлағанына бірнеше жыл болған. Бірақ нарықтағы қолайсыз жағдайларға байланысты немесе энергетикалық қауіпсіздік мақсатымен бұл жоспар талай рет кейінге шегерілген. Ахметжан Есімовтің айтуынша, осы айда ол инвесторлары ІРО-ға қатысуға құлық танытқан Қытайға барып келген. Ал келер аптада ол жекешелендіру жоспарын ресейлік инвесторларға таныстырмақ. Бірақ Қазақстанда уран сияқты стратегиялық салаларды қытайларға немесе өзге де шетелдік инвесторларға сату дипломатиялық келіссөздер кезінде Қазақстанның аймақтағы мүддесін қорғау әлеуетін әлсіретуі мүмкін деп алаңдайтындар көп.

Wall Street Journal басылымының топшылауынша, "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының соңғы қаржылық көрсеткіштеріне қарағанда, уран өндіруші кәсіпорынның 25 пайыз акциясының құны "шамамен 3,5 миллиард доллар тұруы мүмкін" (бұл ағымдағы жылға арналған Қазақстан бюджетінің 13 пайызына тең). Бұл жоспарланған ІРО-ны өнеркәсіптік компаниялар ішіндегі ең ірі сатылымға айналдырады.

ҚАРАШЫҒАНАҚ ДАУЫ: БОЗЫМБАЕВТЫҢ ҮМІТІ

Ұлыбританиялық Reuters жаңалықтар агенттігі сайты "Қарашығанақ кеніші төңірегіндегі дауды Қазақстан бір ай ішінде реттемек" деген мақаласында Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың елдегі аса ірі мұнай-газ кенішінен өндірілген өнімнен түскен пайданы бөлуге қатысты туған дауды реттеу барысы туралы берген сұхбатына комментарий жазған. "Дау бір айдың ішінде реттелуі мүмкін" деп үміт білдірген министрдің мәлімдеуінше, Қазақстан ірі инвесторлардан бір реттік төлем алып, Қарашығанақтан түскен пайдадан алатын үлесін ұлғайтуды жоспарлайды.

Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Қазір Қарашығанақ кенішінің 29,2 пайызы – Eni мен Shell компанияларына, 10 пайызы – "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына, 18 пайызы – Chevron корпорациясына, ал 13,5 пайызы – ресейлік "Лукойл" компаниясына тиесілі. Кеніш өнімді бөлу шарты қарастырылған әрі шетелдік компанияларға мемлекетпен бөлісуі тиіс пайдадан кей шығындарды шегеріп тастауға мүмкіндік беретін келісім бойынша игеріліп жатыр.

2016 жылы Қазақстан Батыс компанияларының пайдадан бөлінетін үлесті есептеу тәсілімен келіспей қойған. Жобаның тағы бір әріптесі – "Лукойл" компаниясының дерегінше, 1,6 миллиард доллардың талап-арызына ұласқан дауды реттеу Қарашығанақ жобасын ұлғайтуға мүмкіндік беріп, Қазақстан үкіметі үшін біршама жоғары кіріс қамтамасыз етуі мүмкін" деп жазған Reuters.

XS
SM
MD
LG