"СЫНАУШЫЛАР МӘСЕЛЕГЕ ҮСТІРТ ҚАРАЙДЫ"
25 ақпанда Нұр-Сұлтанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі саяси реформалар туралы "шетелдік әріптестерім мен беделді сарапшылар оң пікір айтып жатыр, олар саяси жаңғырудың сан қырлы күрделі өзгеріс екенін түсінеді" деп, ал реформаларды сынайтындар "мәселеге үстірт қарайтынын" айтты.
– Саяси жаңғыруды міндетті түрде жүзеге асырамыз. Мен осы мәселеге айрықша мән беріп отырмын. Реформаларды біреуге ұнау үшін, олардың алдында жақсы көріну үшін не болмаса біреуге есеп беру үшін жүргізіп отырған жоқпыз, – деді президент.
Тоқаев 2019 жылы президент сайлауынан кейін халық пен билік арасында диалог орнату үшін құрған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысын жоғары бағалады. Президенттің сөзінше, "бір жарым жылдан астам уақыт ішінде нақты нәтижелерге қол жеткізген. Ұлттық кеңес жаңа реформалар ұсынатын құрылымға айналған".
– Ұлттық кеңес бастаған реформалар топтамасы еліміздің қоғамдық саяси өміріне тың серпін берді. Қазірдің өзінде сол маңызды бастамалардың жемісін көріп отырмыз, – деді Тоқаев.
Тоқаевтың сөзіне құқық қорғаушының, белсенділердің, Ұлттық кеңестің бұрынғы мүшелерінің, депутаттың пікірі әртүрлі.
ТОҚАЕВТЫҢ СЫНЫНА СЫН
"Демократиялық партия" құру жөнінде бастама көтеріп жүрген Жанболат Мамай мен құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Тоқаевтың "саяси реформалар" жайлы уәдесін сынап келе жатқандардың қатарында. Бірнеше жылдан бері түрлі митингіге шығып жүрген олар өзін "жағдайды үстірт білетіндер" қатарына қоспайды.
– Тоқаевтың президент болғанына екі жылға жуықтады. Осы уақытта нақты, күрделі саяси реформа жүргізілген жоқ. "Саяси реформа" деп қабылдаған заңдарын көрдік, сын көтермейді. Таяудағы парламент сайлауында ешқандай бәсеке болған жоқ, халықаралық ұйымдар әділетсіз өтті деп бағалады. Бірде-бір демократиялық бағыттағы оппозициялық партия тіркелген жоқ. Саяси қуғын жалғасып жатыр, – дейді Жанболат Мамай.
Ал Бақытжан Төреғожина Тоқаев жүргізген саяси реформаларды есіне түсіре алмай кідірді.
– Әрине, Тоқаев мырза "саяси реформа" деп дивидент жинағысы келеді. Мысалы, "бейбіт жиынға рұқсат алмай-ақ, билікті хабардар етіп шыға беруге болады" деген өзгерісі сөз жүзінде әдемі естіледі, ал іс жүзінде бұрынғыдан еш айырмасы жоқ. Өйткені жиын өткізетінін хабарлаған адам бәрібір әкімдіктің "иә" немесе "жоқ" деген жауабын алуы керек. Саяси партия мүшелері 40 мыңнан кем болмауы тиіс деген талапты 20 мыңға азайтқанымен еш ықпалы болмады. Билікшіл партияға "парламенттегі оппозиция" деген атақ таңып қойды. Тіпті солай болған күннің өзінде бұл парламенттік оппозиция қазіргі саяси қуғындарға байланысты ұстанымын айтқан емес. Бұл – оппозиция сөзін дискредитациялау. Саяси реформа Тоқаевтың еркінде емес. Ол тіпті, қалай аяқ астынан президент болса, аяқ астынан президент болмай қалуы да мүмкін. Бәрін бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев шешіп отыр, – дейді құқық қорғаушы.
Құқық қорғаушы сыртқы істер министрін дебатқа шақырды
Жанболат Мамай мен Бақытжан Төреғожина "Тоқаевтың қай шетелдік әріптесі Қазақстандағы саяси реформаға оң баға бергеніне" таңырқады.
– Бәлкім Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Өзбекстан президенті [Шавкат Мирзияев] жақсы баға берген шығар. Автократ президенттер мақтамаған болар, Батыстың демократиялық елдері мен адам құқығының жағдайын білетін сарапшылары мұндай баға беруі мүмкін емес, – дейді Мамай.
Мамай мен Төреғожина Тоқаевтың Ұлттық кеңес қызметіне берген "жоғары бағасымен" де келіспейді.
– [Ұлттық кеңестен] бастапқыда аздап үміттенгеніміз рас, бірақ оған белгілі билікшіл адамдар мүше болған соң-ақ біртіндеп "өлі алаңға" айналатыны түсінікті еді, – дейді Төреғожина.
"НАҒЫЗ РЕФОРМА ТЕЗ ЖАСАЛУЫ КЕРЕК"
Президент сайлауынан кейін құрылған Ұлттық кеңеске мүше болған "қызметі де, бизнесі де жоқ ауыл тұрғыны" Жәнібек Қожық "билік халықтың, оппозицияның көңілі толатын нақты саяси реформаларға барған жоқ" деп санайды.
– Саяси реформалар туралы сөз болды, аздаған өзгерістер де жасаған сияқты болды. Мәселен, бізде жемқорлыққа қарсы заң да, түрлі қаулы-қарар да жеткілікті. Бірақ одан жемқорлық тыйыла қалған жоқ қой. Бұл да сол сияқты. Заңға енгізіп, сөз жүзінде айтқанымен, іс жүзінде орындалмаса бекер. Қоғам белсенділеріне қысым сол күйі жалғасып жатыр. Жаңадан саяси партия құруға да мүмкіндік бермеді, – дейді ол.
Алайда Жәнібек Қожық "саяси реформа белгілері аз болғанымен, реформа лебін мүлде жоққа шығаруға болмайды" деп санайды.
– Бейбіт митингілерге аздап рұқсат беріле бастағаны рас. Бұрын мұндай да болмайтын. Тоқаевтың реформа жасауына бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның командасы кедергі келтіріп отыр, – деп есептейді Қожық.
Ұлттық кеңеске алғаш мүше болғандардың бірі, кейін кеңестен кеткенін мәлімдеген баспагер Бақытжан Бұқарбай "нағыз реформа тез жасалуы керек. Тез жүрмеген реформа – биліктің реформалауға ниеті де, қауқары да жоғын білдіреді" дейді.
Парламент мәжілісінің депутаты, Ұлттық кеңес мүшесі Ерлан Сайыров "Тоқаевтың саяси реформаларын сынаушыларға түсіністікпен қарайтынын" айтады.
– Әрине, қоғам белсенділері бәрі жылдам, тез бола қалғанын қалайды. Небәрі бір жарым жылда Ұлттық кеңестің ұсынысымен азаматтардың саяси құқықтарына қатысы бар бірнеше заңға өзгеріс енгізілді. Оны жоққа шығара алмаймыз. Барлығы біртіндеп болады. Билік саяси реформа жасау ниетінен, мақсатынан айныған жоқ. Тоқаев алдағы уақытта жергілікті әкімдердің де сайланатынын айтып отыр. Қоғам белсенділерінің бір талабы сол емес пе? – дейді Сайыров.
Шалқар Нұрсейіт: Билік реформа имитациясын ғана жасап отыр
2019 жылы президент сайлауының ресми нәтижесі бойынша жеңімпаз атанған Қасым-Жомарт Тоқаев елде саяси реформа жүргізуге уәде беріп, былтыр соның бір қадамы ретінде бейбіт жиын туралы, саяси партиялар мен сайлау туралы және парламенттік оппозиция туралы заңдар қабылданған.
Билік бұл өзгертулерді "демократиялық реформа" деп сипаттаған. Ал оппозиция мен тәуелсіз құқық қорғаушылар, халықаралық сарапшылар мұны косметикалық өзгерістер деп сынаған еді.
Мәселен, "Бейбіт митинг туралы" жаңа заңда жиын жайлы билікке алдын ала ескертіп, оның рұқсатын күту сынды ескі шектеулер сақталып қалды. Халық наразылық шарасын билік бекіткен жерлерде ғана өткізе алады. Жаңа заң қабылданғанымен, елде бейбіт митинг өткізу айтарлықтай жеңілдеген жоқ. Рұқсат етілген митингіден гөрі рұқсат етілмегені көп. 2020 жылдың жазынан бері Қазақстанның түкпір-түкпірінде әкімдіктер жиын өткізгісі келген белсенділердің көбінің өтінішін қанағаттандырған жоқ.
Биыл 11 ақпанда Еуропа парламенті Қазақстандағы азаматтық қоғам аясының тарылуын, адам құқықтарының бұзылуын және сайлаудағы әділетсіздікті сынап, "Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі" қарар қабылдаған. Еуропарламент 10 қаңтарда өткен парламент сайлауын да "әділ бәсеке болмады" деп сынады. Бұл сайлауда президенттіктен кетсе де, билікке ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясы жеңімпаз деп танылды. Парламентке билікке жақын "Ақ жол" және Қазақстан халық партиясы (бұрынғы Қазақстанның коммунистік халық партиясы – ред.) өтті. Сайлауға оппозициялық топтар қатыса алмады. Дауыс беру күні билікке, сайлауға наразылық білдірген белсенділерге қысым жасалды.
Ресми Нұр-Сұлтан Еуропарламент қарарына "елдегі ахуал бұрмаланған" және "оны теріс ұстанымдағы саясаткерлер ұсынған құжат" деген баға берді. Бірақ "теріс ұстанымдағы саясаткерлердің" нақты аты-жөнін атамады.
ПІКІРЛЕР