Accessibility links

Freedom House: 2020 жылы әлемде демократия қатты құлдырады


 Президент сайлауы нәтижесімен келіспеген жұрт Александр Лукашенконың биліктен кетуін талап етіп тұр. Минск, Беларусь. 16 тамыз, 2020 жыл.
Президент сайлауы нәтижесімен келіспеген жұрт Александр Лукашенконың биліктен кетуін талап етіп тұр. Минск, Беларусь. 16 тамыз, 2020 жыл.

Әлемдегі демократия мен адам құқықтарының ахуалын зерттейтін Freedom House ұйымы былтырғы әлемдегі еркіндік деңгейін саралайтын есебін жариялады. Ұйымның тұжырымы бойынша, коронавирус пандемиясы, экономикалық тербеліс пен қақтығыстардың кесірінен 2020 жылы әлемдегі еркіндік деңгейі құлдыраған.

Вашингтонда орналасқан үкіметтік емес ұйымның 3 наурызда жарық көрген есебінде "еркін емес ел" санатына кірген мемлекет саны соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жеткен. Еркіндік жоқ елдер қатарына бұрынғы СССР құрамындағы республикалардан Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан кірген.

Әр ел бойынша талдау жасаған Freedom House мамандары саяси құқықтар мен азаматтық бостандық мәселелерінде көп шегініс жасаған елдер деп Қырғызстан мен Беларусьті атаған. Ал көп жетістікке жеткен мемлекет ретінде Солтүстік Македония назарға іліккен.

Есепке сүйенсек, былтыр әлемнің 73 елінде демократия көрсеткіші төмендеген. Жағдай нашарлағандар арасында Қытай, Беларусь, Венесуэла сияқты автократиялық елдер ғана емес, "демократия қиындыққа ұшыраған" АҚШ пен Үндістан да бар.

2020 жылы "демократия жақтастары авторитар қарсыластарымен күресте ойсырай жеңілді, әлемнің басым бөлігі тирания жағына қарай ойысып кетті" делінген есепте.

"Биліктегі басшылар кей кездері қоғамның саулығы мәселесін алға тартып, көп күш қолдану арқылы қарсыластарын талқандап, ұпай жинады, ал тиімді халықаралық қолдауы жоқ болып, қоршауда қалған белсенділер көп жағдайда ұзақ мерзімге сотталу, азаптау және өлім қаупіне тап болды" делінген ұйым есебінде.

Он жылда "еркін ел" саны 87-ден 82-ге азайса, "жартылай еркін елдер" сол қалпы 59 болып қалған, ал "мүлде еркіндік жоқ" елдер саны 47-ден 54-ке көбейген.

"Еркіндік жоқ" 54 елде әлем халқының 38 пайызы тұрып жатыр. Бұл – осы құлдырау басталғалы бергі ең нашар көрсеткіш.

Он жылда демократиясы ең қатты құлдыраған елдер қатарында Мали, Түркия, Танзания, ал ТМД-дан Әзербайжан мен Тәжікстан аталған.

Еркіндік бәрінен қатты шектелген 12 ел: Сирия, Эритрея, Оңтүстік Судан, Түркіменстан, Солтүстік Корея, Экваторлық Гвинея, Сауд Арабиясы, Сомали, Тәжікстан, ОАР, Қытай және Ливия.

Freedom House тұжырымы бойынша, қазанда Қырғызстанда "жаппай бұрмалаумен өткен парламент сайлауы наразылыққа ұласып, үкіметтің және сол кездегі президент Сооронбай Жээнбековтың биліктен кетуіне түрткі болды". Билікке келген президент Садыр Жапаров "жаңа конституция жобасын жасап үлгерді, бұл Қырғызстанның саяси жүйесін авторитар көршілердікіне жақын етіп өзгертуі мүмкін". Қырғызстандағы еркіндік деңгейі бірден 11 ұпайға құлдыраған, бұл – әлем елдері арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Бұған қоса Қырғызстан "жартылай еркін" ел санатынан "еркіндік жоқ" ел санатына ойысқан.

Демократиясы ең көп құлдыраған екінші ел – Беларусь. "Мұнда тамызда өткен нәтижесі даулы президент сайлауынан кейін авторитар басшы Александр Лукашенконың орнынан кетуін талап еткен демонстранттар наразылығы күшпен басып тасталды". БҰҰ мәліметі бойынша, бұл елде тамыздан бері жүріп жатқан наразылық кезінде 30 мыңға жуық адам ұсталған, олардың арасында азапталғандар бар.

Freedom House аймақтағы "проблемасы көп сайлауларға", соның ішінде Ресейде өткен Конституцияға өзгеріс енгізу туралы референдумға тоқталған. Соның нәтижесінде Владимир Путин 2036 жылға дейін билікте қалу мүмкіндігіне ие болған.

Есепте Грузияда өткен "салыстырмалы түрде еркін бірақ зарарлы парламент сайлауы" туралы айтылады. Сарапшылардың айтуынша, бұл сайлау елдегі саяси дағдарысты тереңдетіп жіберген.

Қазақстандағы парламент сайлауы биыл болғандықтан, бұл оқиға өткен жылдың есебіне енбеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG