Accessibility links

"Тыйым салынған ұйым ісіне араласты" деп айыпталған блогер Өтепованың соты басталды


Айгүл Өтепова.
Айгүл Өтепова.

Нұр-Сұлтан соты блогер Айгүл Өтепованың үстінен қозғалған қылмыстық істі қарай бастады. Былтыр қыркүйекте Өтепова "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" (Қылмыстық кодекс 405-бабының 2-тармағы) деген күдікке ілінген.

Онлайн сотта прокурор айыпталушы Өтепованың әлеуметтік желідегі парақтарында Қазақстанда қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясын" насихаттайтын, оған мүше болуға шақыратын жазбалар жариялағанын айтты.

- 2020 жылы тамызда Айгүл Өтепова Facebook парағынша "достар, мен ертең "Шал, кет" деген ұранмен өтетін митингіге шақырамын" деп жазған. Осы жазбаның мазмұны - Өтепованың ҚДТ ұйымын ашық қолдап отырғанын білдіреді, - деді прокурор Расул Ахат.

Айгүл Өтепова өзіне тағылған айыптармен келіспейді. Алғашқы сот отырысы бір сағатқа созылды. Судья айыптау актісіне негіз болған құжаттарды зерттеп болған соң, Өтеповадан жауап алатынын хабарлады.

Сот отырысы 25 наурыз жалғасады.

Өтепова былтыр қыркүйектен бері үйқамақта отыр. Қарашаның ортасында сот үйқамақ уақытын созып, блогердің "психикалық ауытқушылығы бар-жоғын" анықтау үшін диспансерге жатқызған. Желтоқсанда психикалық диспансерден шығып, үйқамаққа қайта алынған. Өтепова соттан ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатуды сұраған. Сот блогердің өтінішін қанағаттандырмаған.

Қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары Өтепова ісіне алаңдаушылық білдіріп отыр. 2020 жылы қарашада Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Өтепованы ар – ұждан тұтқыны деп таныған. Ұйым Өтепованың "пікірін бейбіт түрде ашық айтқаны үшін қуғындалып отырғанын" сынап, оны босатуға шақырған.

Қазақстанда ҚДТ және "Көше партиясын" қолдады я жұмысына араласты деген айыппен ондаған белсенді істі болды. Нұр-Сұлтан шетелде тұратын экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқаратын ҚДТ қозғалысын экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған. Тіркелмеген "Көше партиясын" ҚДТ-ға қатысы бар деп танып, ел аумағындағы жұмысына шектеу қойған. Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығына қатысты қабылдаған қаулысында екі ұйымды да "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG