Алматыда балалар мен жастар коронавирусты көп жұқтыра бастаған, сондықтан инфекцияның жаңа штамдарын анықтау жұмысы жүріп жатыр. 20 наурыздағы брифингте Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин осылай деді.
– Жаңа штамның жұғу көрсеткіші былтырғыдан 70 пайыз жоғары. Ауру жасарып барады. Былтыр ауырғандардың көбі 1980 жылдан бұрын туғандар болса, биыл – 1990 жылдан бұрын туғандар. Мектепке дейінгі балалар арасында ауырғандар екі есе артты. Мектеп оқушылары арасында ауырғандар үш есеге жетіп қалды. Мұның барлығы жаңа штамм жылдам жұғатынын айғақтайды. (...) "Оңтүстікафрикалық штамм" табылған Ресеймен арадағы шекараның ұзындығын ескере отырып, ең алдымен бізде болуы мүмкін деген "оңтүстікафрикалық штамды" іздеп жатырмыз, – деді Бекшин.
Жаңа штамдардың келу ықтималдығына қатысты пікір білдірген бас санитар дәрігер оларды "тәртіпсіз шетелдіктер" емес, Түркия арқылы түрлі елден келіп жатқан қазақстандықтар тасымалдаған болуы мүмкін деді.
– Стамбұл әуежайы – жер шарының оңтүстік бөлігінің негізгі хабы, яғни біздің азаматтар Оңтүстік-Шығыс Азиядан, Африка құрлығынан, Еуропадан [сол әуежай арқылы] келеді. Вирусты инкубациялық я бастапқы кезеңде жұқтыруы мүмкін, бұл кезде тіпті оны ПТР[-тест те] анықтай алмайды. Біздің әдістермен диагноз қоюға қажет вирус көлемі жиналып үлгермейтін "өліара" кезең бар, – деді Бекшин.
20 наурызда Алматыда пандемия басталғалы бергі үлкен көрсеткіш – 437 науқас тіркелді. Нұр-Сұлтан және Батыс Қазақстан облысымен бірге Алматы вирустың таралу жылдамдығы бойынша "қызыл аймақта" тұр.
ПІКІРЛЕР