"ҚҰДАЙ 2020 ЖЫЛДЫҢ ҚАЙТАЛАНУЫНАН САҚТАСЫН"
Алматылық рестораторлар "бірнеше күнге созылатын демалыс күндері көп қонақ келіп, қаржылық жағдайымыз түзелер" деген үмітпен Наурыз мерекесіне тыңғылықты дайындалған.
13 наурызға дейін жабық ғимаратта орналасқан қоғамдық тамақтану орындарына залдың 50 пайызына ғана қонақ қабылдап, кешкі 21:00 дейін жұмыс істеуге рұқсат берілген. 13 наурыздан бастап жұмыс уақыты 20:00 дейін қысқарды. Бұл жаңалықтан кейін Қазақстандағы қоғамдық тамақтандыру қауымдастығы пандемия салдарынан бизнес нысандардың 30 пайызы ғана жабылудан аман қалғанын, енді жаңа шектеулерге байланысты олардың жартысының жұмысы тоқтайтынын мәлімдеген. Өйткені карантин шаралары енгізілмей тұрып, мейрамханалар түнгі 12-ге дейін жұмыс істеп келген.
20 наурызда Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин кезекті қаулы қабылдап, қоғамдық тамақтандыру нысандарын 28 наурызға дейін жауып тастады. Кәсіпкерлер аяқ астынан жұмысымыз тоқтайды деп ойламаған.
– Тамақтану орындарының жұмысы тоқтауы мүмкін екенін алдын ала ескертіп, "жабылуға дайындалыңдар, азық-түлік сатып алмаңдар" деп айтса, жақсы болар еді. Біз азық-түлік алып қойдық. Енді сатып алған тауарларды пайдалана алмаймыз, ал мұның бәрі – ақша. Дайындалдық, жұмыс істейміз деп қуанып жүрдік. Азық-түлікті қызметкерлерімізге беріп жібердік, қазір олардың бір апта болса да аш қалмайтынын ойлап, көңілім жай тауып отыр. Бірақ кейін тағы да тауар алуға ақша керек. Бұған 10 немесе 20 мың теңге кетпейді ғой. Ақша жоқ, бірақ несиелік міндеттемелер мен коммуналдық төлемдер оған қарамайды. Оның үстіне, қазір коммуналдық қызмет бағасы қымбаттап кетті, – дейді қоғамдық тамақтандыру желісінің өкілі Алмагүл Қилыбаева.
Ресторатор өзі жұмыс істейтін қоғамдық тамақтандыру нысандарының табысы 50 пайызға қысқарғанын айтады.
– Мысалы, кез келген қоғамдық тамақтандыру нысаны бір айда 20 миллион теңге табыс табады десек, қазір бұл сома 10 миллионға да жетпейді. Коммуналдық қызмет бағасы өсті, бірақ жағдайды өзгерте алмаймыз, қолымыздан ештеңе келмейді. Бизнесіміз мүлде қорғалмаған, – дейді ол.
Алмагүлді бәрінен де қызметкерлердің жұмыс орнын сақтап қалу мәселесі алаңдатады.
– Құдай 2020 жылдың қайталануынан сақтасын. Ол кезде екі ай мүлде жұмыс істеген жоқпыз. Жағдайымызды түсініп, бізден жалдау ақысын алмаған сауда орталығына рақмет. Әлі күнге шектеулі режимде жұмыс істеп келеміз. Мекеме жұмыс істемеген кезде қызметкерлерімізге көмектесіп тұрдық. Қазір де қол ұшын созып отырмыз. Бірақ карантин жалғасса, қызметкерлерге жалақы төлей аламыз ба, жоқ па, білмеймін… Құдай сақтасын, қазіргі жағдай ұзаққа созылып кетсе, бізге де, қызметкерлерге де өте қиын болады. Менің бір мекемемде 25 адам, екіншісінде де шамамен осынша қызметкер жұмыс істейді. Бұл жерде ең қорғалмаған топқа тазалыққа жауапты қызметкерлер мен аспаздар жатады. Даяшылардың қонақтар қалдыратын шай-пұлы бар. Бірақ қазір қонақтардың да жағдайы мәз емес. Қызметкерлеріміз жұмыссыз отыр, олар пәтер жалдап тұрады. Кейбірі ата-анасын қамқорлығына алған, арасында оқу ақысын өзі төлеп, ауылда жұмыс болмағандықтан, отбасын асырап отырған студенттер де бар. Олардың жағдайын елестете аласыз ба? Оларға бір күн жұмыссыз қалудың өзі қиын, – дейді Алмагүл Килыбаева.
Қоғамдық тамақтандыру орындарының иесі көп мәселе көтергеніне қарамастан, уақытша карантинде отыруға қарсы емес.
– Бір аптада карантинде отыруды қолдаймын. Өкінішті, бірақ халық сақтық шараларын ұстанбайды, маска кимейді. Өз басым анамнан айырылдым, көз жұмған басқа адамдар да болды... Кейін екі-үш айға жабылып қалғанша, бір апта карантинде отырған жақсы. Бізге көмектесіп, Ashyk бағдарламасына қосқандарын қалаймыз. Бағдарламаға өтініш бердім, бірақ әзірге жауап жоқ. Неге екенін білмеймін, – дейді Алмагүл Қилибаева.
"БІР МЕКЕМЕНІҢ ҚАРЫЗЫ 12 МИЛЛИОН ТЕҢГЕДЕН АСАДЫ"
Қазақстандағы қоғамдық тамақтандыру қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова қазір саладағы бизнес өкілдерінің не істерін білмей, дағдарып, биліктің тамақтану орындарын дайындалуға бірнеше күн уақыт берместен, карантинге жауып тастағанына наразы болып отырғанын айтады.
– Мерекенің алдында бәрі азық-түлік сатып алып, демалыс күндері көп адам келеді деп үміттенді. Былтыр биылғыдай пандемия мен шектеу шараларына байланысты Жаңа жыл мен 8 наурыз мерекелері болмады. Енді Наурыз да жоқ. Біздің саладағы бизнес көп шығынға батып отыр. Ешкімнің артық ақшасы жоқ. Пандемияға дейін Алматыда 10-12 мың тамақтану орны болса, қазір солардың 3-4 мыңы ғана қалды. Бұл мекемелерде шамамен 12 мың қызметкер жұмыс істейді. Жалақы күн сайын төленетіндіктен, мереке кезінде адамдар табыссыз қалды. Алматы мен астана сияқты мегаполистерді алып қарасақ, орташа есеппен алғанда бір мекеменің пандемия кезіндегі қарызы 12 млн теңгеден асады, оған қосымша ай сайын 10 пайыз ақша бар. Азық-түлік 70 пайызға, коммуналдық төлем 40 пайызға қымбаттады. Осыдан мейрамхана иелері қызметкерлерінің жалақысын өсіре алмайды, – дейді Нұрпейісова.
Ол сондай-ақ пандемия мен карантин шараларының клиенттердің мінез-құлқына және мекемелердің табысына қалай әсер еткенін айтып берді.
– Бұрын ішімдік ішетін мекемеге барып, виски мен стейк алсаңыз, орташа чек 10-12 мың теңге болатын, қазір сыраның түрлерінен тұратын сет пен 10 шыны сыра сыйлыққа беріледі. Сондықтан орташа чектің құны үш мың теңгеге дейін түсіп кетті. Қазір адамдар ішімдік ішетін орындарға жай әңгімелесу үшін ғана барады. Мекеме 20.00-ге дейін ғана істесе, тауар айналымы былтырмен салыстырғанда 110 пайызға, 22.00-ге дейін істесе, 50 пайызға азаяды. Қоғамдық тамақтандыру мекемелеріндегі негізгі тауар айналымы түнгі 22.00-00:00 аралығында жүреді. Әдетте тауар айналымының 30-50 пайызы осы уақытқа сәйкес келеді. Алматыдағы карантиннің салдарынан әр ресторатор тез бұзылатын азық-түлікке жұмсаған 1,5-3 миллион теңгесін жоғалтады. Толық карантинге байланысты мекемелердің бәрі бірдей тамақты үйге жеткізу қызметін ұсына алмайды. Әрине, көп кәсіпкер азық-түлікті қызметкерлеріне таратып жіберді. Мекемелердің 80 пайызы ғимаратты жалға алатынын ескерсек, олар несиені физикалық тұлғаның немесе бизнестің атына алған. Қарызды жабу үшін тағы бір несие алуға мүмкіндік жоқ. Ертеңгі күнге деген сенім мен нақты жоспар болмағандықтан ешкім жаңа несие алғысы келмейді, – дейді Нұрпейісова.
"БӘКЕ-СӘКЕ АРҚЫЛЫ БІР ҚОҢЫРАУДЫҢ КӨМЕГІМЕН КЕЗ КЕЛГЕН МЕКЕМЕГЕ КІРЕ АЛАДЫ, ҚАЗІР ДЕ СОЛАЙ"
Нұрпейісова қоғамдық тамақтандыру саласындағы жұмыс орындары қысқаруы мүмкін деп алаңдайды.
– Жұмыс орындары 40-50 пайызға қысқарады. Бұл адамдар қоғамдық тамақтандыру саласына қайта оралмайды, өйткені олар үнемі болатын шектеулерден шаршаған. Біздің бизнесте адамдар табысын күн сайын алады. Қазіргі жағдайға дайын болмаған кәсіпкерлердің мекеме жұмысы тоқтап тұрған кезде қызметкерлерге төлейтін ақшасы жоқ. Қазірдің өзінде кәсіби біліктілігі жоғары қызметкерлеріміздің 80 пайызынан айырылдық. Әлі қалған 20 пайыздың жартысы кетеді. Сонда пандемияға дейін болған кәсіби біліктілігі жоғары қызметкерлердің 10 пайызы ғана қалады. Жақсы даяшы дайындап шығаруға – екі жыл, администратор-менеджерге – бес жыл, басқарушыға – жеті жыл, аспазға екі-үш жыл уақыт кетеді. Әмбебап маман болу үшін бес жыл уақыт жұмсап, қосымша әр жыл сайын тренингтер мен курстардан өтіп тұру керек. Бас аспаз болу үшін 10 жылға дейін еңбектену қажет. Әдетте жақсы аспаздар бір жылда білімін жетілдіруге кем дегенде 1-1,5 миллион теңге жұмсайды. Бірақ қазір оған ақша жоқ, – дейді қоғамдық тамақтандыр қауымдастығы төрағасының кеңесшісі.
Вероника Нұрпейісова шектеу шараларын барлық мекеме бірдей сақтауы керегін айтып, қоғамдық тамақтандыру нысандарына "Ashyk" бағдарламасын тезірек енгізер деп үміттенеді.
– Алматыда карантин бір апта ғана болып, эпидемиологиялық жағдай жақсарар деп үміттенемін. Бірақ вакцина салғызып, вируспен өмір сүріп үйренбесек, ештеңе өзгермейді. Бір аптадан кейін бәрі қайтадан басталады. Халықтың бәрі ауырып-жазылып, немесе жаппай вакцина салғызбайынша, солай жалғаса береді. Ашығын айтсақ, Алматы мен астанада қатаң карантин орнаған кезде кей мекемелер шектеу шараларын сақтамай, жұмыс істеп тұрды. Бәке-Сәке арқылы бір қоңыраудың көмегімен кез келген мекемеге кіре алатын, қазір де солай. Неге бәріне бірдей қарамайды? Біз бәрін көріп, түсініп отырмыз, ақымақ емеспіз. Қоғамдық тамақтандыру жобасының иелері ештеңе сұрамайтын болған. Қазір жұмыс істеуге мүмкіндік беруді ғана сұраймыз. Залға отырғызуға болатын қонақтар есебін орын саны емес, шаршы метр бойынша жүргізуді ұсындық. Мекеменің аумағы мыңдаған шаршы метрді құраса, қазіргі тәртіп бойынша, ішке 60-70 адамды ғана кіргізуге болады. Бұл залдағы орындардың 50 пайызына да жетпейді, – дейді Нұрпейісова.
БИЛІКТЕН НЕ КҮТУГЕ БОЛАДЫ?
Қазір кәсіпкерлер рестораторлар клубы қауымдастығымен бірге өнім бүлініп кетпеуі үшін, оны қалай сатуға болатынын және ары қарай қалай жұмыс істеу керегін талқылап жатыр.
– Рестораторлар мүлде табыссыз қалмауы үшін дәмхананың жанына үстел қойып, қалған өнімді сатуға мүмкіндік беруді сұрадым. Өйткені шығында есеп жоқ, – дейді рестораторлар клубы қауымдастығының басшысы Гүлнара Кітібаева.
Қазір қоғамдық тамақтандыру нысандарына сыртта тамақтануға арналған орындарды арнайы рұқсатсыз ашуға мүмкіндік берді.
– Дәмхананың алдына дайын өнімдерді сатылымға шығару мәселесін де қарастырып жатырмыз. Осындай мүмкіндік беретін шығармыз, – дейді Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.
Рестораторлар клубы қауымдастығының өкілдері кей кәсіпкер "карантин ұзаққа созылады" деп қауіптеніп, қызметкерлерін жұмыстан шығара бастағанын айтады.
Кәсіпкерлік басқармасының Азаттыққа берген ақпаратына сай, қоғамдық тамақтандыру саласында істейтін "250 мыңға жуық қызметкерге" соңғы енгізілген шектеу шараларының зардабы тиюі мүмкін. Олардың 50 пайызы – Алматы облысынан келген, көбі қалада пәтер жалдап тұратын адамдар.
– Осының бәрі қашанға дейін созылатынын ешкім білмейді. Қызметкерлердің негізгі бөлігі еңбекақысын күнделікті алуға көшті. Олар әр күнгі табысын бірден алғысы келеді, өйткені ертең не болатынын білмейді. Кәсіпкерлердің бәрі бірдей күнделікті ақша төлей алмайды, сондықтан қызметкерлердің бір бөлігі жұмыстан шығады. Қызметкерлердің біразын қазірдің өзінде ақысыз еңбек демалысына жіберіп жатыр. Бұл бір аптаға ғана емес. Өйткені қызметкерлерге кетерінде "бұл демалыс бір аптадан да ұзақ уақытқа созылуы мүмкін" деп ескертілді. Карантиннен кейін қайтадан қызметкерлер табу қиынға соғады. Біреу басқа бизнеске кетеді, біреу қоғамдық тамақтандыру саласына мүлде оралмайды. Сондықтан қазір рестораторларға қиын болғалы тұр, – дейді Гүлнара Кітібаева.
Рестораторлар клубы қауымдастығының дерегінше, пандемияға дейін Алматыда 6 000 мекеме болған. Оның 3,5 мыңы салық органдарында тіркелген.
– Пандемия мен шектеу шараларының салдарынан мекемелердің 20 пайызы жабылып қалды. Олар қиындыққа төтеп бере алмай, біржола жұмысын тоқтатты. Қоғамдық тамақтандыру саласындағы жұмыс орындарына келсек, барлар, мейрамханалар, дәмханалар мен өзге де орындарда 300 мың қызметкер жұмыс істейді, – дейді Китибаева.
Гүлнараның айтуынша, жеткізу қызметін қарқынды дамытып жатқан мейрамханалар желісі жұмыссыз қалған адамдарды қызметке алуға (мысалы, даяшыға курьер қызметі ұсынылады) дайын екенін мәлімдеген. Бірақ бұл санаулы адамды ғана жұмыспен қамтуға көмектеседі.
ПІКІРЛЕР