"Журналистерді қорғау комиттеті" (Committee to Protect Journalists) Қазақстан билігін тыйым салынған ұйымның ісіне араласты деп айыпталған тәуелсіз журналист, блогер Айгүл Өтепованы қудаламауға шақырды. Баспасөз қорғау ұйымы оның үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылуы тиіс деп санайды.
31 наурыз күнгі мәлімдемесінде Нью-Йоркте шоғырланған ұйым Нұр-Сұлтанды журналисті үйқамақтан дереу босатып, істі тоқтатып, оның "еркін әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге" шақырған.
Қазақстанда журналистер "тәуелсіз ақпарат таратқаны үшін қудаланбауы тиіс және билік журналистердің қауіпсіздігіне жауапты, олардың қорқытусыз, қысымсыз жұмыс істеуіне жағдай жасауы тиіс" деді CPJ бағдарламалар директоры Карлос Мартинес де ла Серна мәлімдемеде.
Тәуелсіз журналист, блогер Айгүл Өтепованың соты 15 наурызда Нұр-Сұлтанда басталған. Коронавирус індетіне байланысты ақпарат құралдары сот процесіне онлайн қатыстырылған.
Билік оны елде "экстремистік ұйым" деп танылған оппозициялық "Қазақстанның демократиялық таңдау" қозғалысының ісіне араласты деп айыптайды.
Өтепова өзінің ешқандай саяси ұйымға мүше емес екенін айтқан және қылмыстық істі саяси оқиғалардан хабар тарату қызметімен байланыстырған.
Оған екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.
Amnesty International ұйымы Өтепованы "ар-ұждан тұтқыны" деп атап, оның пікір айту еркіндігі үшін қудаланғанын айтқан.
Өтепова былтыр қыркүйектен бері үйқамақта отыр. Қарашаның ортасында сот үйқамақ уақытын созып, блогердің "психикалық ауытқушылығы бар-жоғын" анықтау үшін диспансерге жатқызған. Желтоқсанда психикалық диспансерден шығып, үйқамаққа қайта алынған.
Құқық қорғаушылар Қазақстан билігін тәуелсіз және оппозициялық журналистерді қудалағаны үшін көп жылдан бері айыптап келеді. Қазақстандық құқық қорғаушылар биліктің оппоненттерін псиахиатрия клиникаларына қамап, совет кезінен қалған жазалау әдісін қолданатынын айтып сынайды.
ПІКІРЛЕР