Accessibility links

Атырау соты белсенділердің Тоқаевқа, Әшімбаев пен Нығматулинге қарсы арызын кері қайтарды


Түрмеден босап шыққан Макс Боқаев (сол жақта) және оны қарсы алып тұрған Талғат Аян (оң жақта). Атырау, Қазақстан. 4 ақпан, 2021 жыл.
Түрмеден босап шыққан Макс Боқаев (сол жақта) және оны қарсы алып тұрған Талғат Аян (оң жақта). Атырау, Қазақстан. 4 ақпан, 2021 жыл.

Азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның сайлау заңнамасына енген түзетулерді заңсыз деп тану туралы Қазақстан президентіне, парламент палаталарының төрағаларына қарсы талап-арызын Атырау қалалық соты кері қайтарды.

1 сәуірде жарияланған ұйғарымында судья Зұлфия Сағынғалиева белсенділердің талап-арызын қайтаруға бірнеше негіз барын айтқан. Біріншіден, жауапкер ретінде көрсетілген заңды тұлғалардың, яғни президенттің, парламент палаталарының тұратын жері – Нұр-Сұлтан қаласы, сондықтан "соттылық ережелері бұзылған".

Судьяның айтуынша, талапкерлер Азаматтық іс жүргізу кодексі 298-бабының 3-тармағына сәйкес талап-арызға "дау тудырып отырған нормативтік-құқықтық актінінің не оның бір бөлігінің көшірмесін тіркемеген" және ол құжаттың қандай ақпарат құралында, қай кезде жарық көргенін көрсетпеген.

Боқаев пен Аян 1995 жылғы конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы 2018 жылғы 29 маусымда қабылданған конституциялық заң "Қазақстан Республикасы азаматының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзады, олардың азаматтық құқықтарын, азаматтық бостандықтарын және заңды мүдделерін жүзеге асыруына кедергі жасайды деп тануды" талап етіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевты, парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевты және мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинді сотқа берген.

Заңға енгізілген түзетулер бойынша, Қазақстандағы жергілікті уәкілдік орган – мәслихат сайлауына тек саяси партияға мүше азаматтар ғана қатыса алады. Белсенділердің пікірінше, бұл түзетулер "партияға кірмеген азаматтардың мәслихатқа сайлану құқығын шектейді". Биыл қаңтарда осы заң негізінде сайлау өтті.

Боқаев пен Аян азаматтың өзін мәслихат депутаттығына ұсынуына тыйым салатын бұл нормалар Қазақстан Конституциясына қайшы деп есептейді. Олардың айтуынша, негізгі заңда қазақстандықтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу құқығына кепілдік берілген.

Судьяның ұйғарымы бойынша, талапкерлер талап-арызға мемлекеттік бажды төлегенін дәлелдейтін құжатты тіркемеген. Арызды кері қайтаруға негіз болған тағы бір себеп – осы.

Азаттыққа берген сұхбатында Макс Боқаев "арыздың негізі жоқ деп жазбағанының өзін жақсы жаңалыққа балайтынын" айтты. Белсенді көрсетілген қателерді түзетіп, талап-арызды Нұр-Сұлтан сотына қайта жіберетіндерін хабарлады.

Талғат Аян мен Макс Боқаев 2016 жылғы "жер митингілері" кезінде республикаға танылған. Олар жерді шетелдіктерге жалға беруге және сатуға рұқсат беретін ережелерге қарсы топты бастап, наразылық ұйымдастырған. Көп ұзамай екеуі де "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен қамауға алынып, бес жылға сотталған. Белсенділер "істің саяси астары бар" деп санайды.

Талғат Аян 2018 жылы түрмеден уақытынан бұрын босап шықты. Ал Боқаев кесілген мерзімді толық өтеп, биыл ақпанда бостандық алды. Бірақ оған қазір көп шектеулер қойылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG