Рақыжан Зейнолланы кеден қызметінің өкілдері ұзақ ұстап, жолаушылардың соңынан шығарды. Бұған жұрт наразы болды.
Ақыры таңертеңгі сағат 8 жарым шамасында Рақыжан Зейнолла әуежайдың бақылау-өткізу пунктінен өтті. Осылайша ұзақ жыл бір-бірін көрмеген отбасы мүшелері кемсеңдеп қауышты. Оларды көрген жұрт көзіне жас алды.
– Елге жеткеніме қуаныштымын. Екі елдің достығы мәңгі жасай берсін. Туыстарың шығады. Вирус ұстап тұр. Бәріңнің туыстарыңды жібереді, – деді ол жиналғандарға.
Рақыжан Қытайдағы жағдайды айтуға ықылас білдірген жоқ. "Сізге келер алдында Қытай тарабынан қандай да бір ескерту жасалды ма?" деген сұраққа "жоқ" деп жауап берді.
– Рақыжан Зейнолланың отбасынан бөлінгеніне бүгін 6140 күн болыпты. Ол ел аман жұрт тынышта – 2004 жылы туған жерде жазықтан-жазықсыз жала жабылып қамалып кетті... Қытай көп жылдан бері геноцид болмады деп мойындамай келген болатын. Енді халықаралық адам құқығы ұйымдарының, басқа да демократиялық күштердің қысымының нәтижесінде бұл кісі жіберілді деп есептейміз. Яғни, Қытай шенеуніктеріне салынған санкция нәтижесін бере бастады. Енді қалған бауырларымыз да аман-есен шығып, отбасымен қауышады деп үміттенеміз, – деді тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан Азаттық тілшісіне.
Ақпарат бойынша, 58 жастағы Рақыжан Зейнолла Қытайдың Боро-Тала-Монғол автономиялық облысының Арасан ауданына қарасты Қарабұқа кентінде туып-өскен. 2000 жылы отбасымен бірге Қазақстанға қоныс аударып, Алматы облысына келіп тұрған. 2004 жылы Шыңжаңға қыдырып барған Рақыжан Зейнолланы полиция ұстап, жауапқа тартқан. Туыстарының айтуынша, "тыңшы" деген айыппен 13 жылға соттап, түрмеге қамаған. Түрмеден шыққан соң саяси лагерьде бір жарым жыл отырған. Лагерьден кейін үйқамақта болған. Қытайда да, Қазақстанда да мемлекеттік органдарда қызмет істемеген, тек ұсақ саудамен айналысқан. Бір ұл, бір қызы бар.
Бірнеше жылдан бері күйеуінің бостандығын талап етіп, наразылық өткізіп жүрген Фарида Қабылбек енді наразылығын тоқтатынын айтып отыр.
- Қытайдың Шыңжаң аймағында қалған туыстарын іздеген қазақстандықтар бірнеше жылдан бері Қазақстанда жиын өткізіп, пикеттерге шығып, туыстарына араша сұрап келеді. Олар Қазақстан сыртқы істер министрлігінен "Қытайда қамалғандар - Пекиннің ішкі ісі, оған араласа алмаймыз" деген жауап алған. Ал Қытай консулдығы жауап бермеген.
- Наразылықтың бірі Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында екі айға жуық уақыттан бері жалғасып жатыр. Наразылардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалғанын айтса, кейбірі "негізсіз айыптармен" ұзақ жылға сотталғанын, бірі Қытай билігінің құжаттарын тартып алып, Қазақстанға жібермей жатқанын айтқан.
- БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны үшін немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан. Пекин бұл әрекетін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіп меңгеру орны" деп атаған.
- Халықаралық ұйымдар Пекинді Шыңжаңда түркітілді мұсылмандарды қудалағаны үшін айыптап, бірқатар батыс елдері Қытайға санкция салған. Құқық қорғау ұйымдары Қытайда негізсіз қамалғандар көбейгені жайлы ірі зерттеу де жариялаған. Ал Қытай батысты "елдік ішкі ісіне араласты" деп сынайды.
ПІКІРЛЕР