"Оппозицияның ұлттық үйлестіру кеңесінің" мүшелері 9 сәуір күнгі жиында жақында құрылған жер комиссиясының құрамына қоғам сенетін, халыққа жаны ашитын нағыз белсенділер кірмеді деп мәлімдеді.
Белсенді Қайырлы Омар комиссияның құрамына кезінде жер сатуды қолдаған депутаттар кірді, енді солар жер тағдырын шешеді деп наразы болды.
"Біз парламентті білеміз, кімге дауыс бер десе, соған дауыс береді. Комиссия құрамына тағы шаруа қожалықтардың иелері кірді дейді. Олардың осы мәселеде өз мүдделерін қорғап кетпейтініне кім кепілдік бере алады? Оларға қатысты сеніміміз жоқ" деді Қайырлы Омар.
Жиынға келгендер жер комиссиясының құрамына әр өңірден танылған азаматтар кіруі тиіс, қазіргі комиссия құрамын халық сайламады деді.
Қазақстанда шетелдіктерге жер сатпау және оны жалға бермеу туралы талаптар жиілеген шақта президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақпанның соңында оған заң түрінде тыйым салуды тапсырған. Наурыз айының соңында үкімет жанынан Жер кодексі жобасының нормаларын талқылап, ұсыныстар жасау үшін жер комиссиясы құрылып, оның құрамы да анықталған еді. Бірақ кейбір белсенділер "бұл халық наразылығын басу үшін жасалған көзбояушылық әрекет, комиссия биліктің сойылын соғады" деп күмән келтірген.
Аталған комиссия осыған дейін екі рет жиын өткізген. Онда жерді жеке меншікке бермеу, елден кеткендерді жер иелену құқығынан айыру, субаренда, қандастарға жер беру сияқты түрлі мәселелер көтерілген.
2016 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы заң жобасы халық жаппай наразы болған соң билік бес жылға мораторий жариялаған. Оның мерзімі биыл аяқталады.
Қарай отырыңыз: Жер комиссиясы жұмысын бастады. Алғашқы отырысқа белсенділер кіре алмады (25 наурыз 2021 жыл).
ПІКІРЛЕР