Accessibility links

Ақтауда пикет өткізбек болған екі белсенді ұсталды


Полиция қызметкері. Ақтау қаласы. Көрнекі сурет.
Полиция қызметкері. Ақтау қаласы. Көрнекі сурет.

11 сәуірде Ақтау қаласында белсенділердің хабарлауынша, Femina Virtute бірлестігінің құқық қорғаушылары Шолпан Жанұзақова мен Ұлболсын Тұрдиева ұсталып, олардың үстінен хаттама толтырылған. Екі белсенді саяси тұтқындарды қолдап, бейбіт пикет өткізбек болған.

Маңғыстау облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі белсенділердің ұсталуына қатысты түсініктеме бермеді. Облыстық соттың баспасөз қызметінің дерегінше, олардың ісі сотқа түскен. 12 сәуірде қаралуы тиіс. Олар "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (488-бап) деп айыпталып отыр.

Жексенбі күні әлеуметтік желіде тараған видеода белсенділердің бірінің плакат ұстап тұрғаны көрінеді. Онда "саяси тұтқындарды босату, Қытай ықпалын азайтып, ондағы геноцидті тоқтату туралы" ұрандар жазылған.

"Біз саяси тұтқындарды босатуды талап етеміз. Еуропарламент резолюциясы орындалсын" деді ол.

Оқиға орнына келген ішкі саясат басқармасының қызметкерлері мен прокуратура өкілдері белсенділерге шараның "заңсыз" екенін ескертіп, тарауды талап еткен. Әйелдер әкімдікті ескерткенін айтып, жергілікті биліктің бейбіт жиын өткізу еркіндігіне нұқсан келтіріп отырғанына шағымданған.

Белсенділердің сөзіне қарағанда, екеуі де полиция бөлімшесіне жеткізіліп, бес сағаттан соң босатылған. Олардың үстінен әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылған.

Белсенділердің ұсталғаны жайлы ақпарат Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы Анн Линденің Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне сапары қарсаңында белгілі болып отыр.

ЕҚЫҰ сайтындағы мәлімет бойынша, Орталық Азия елдерінің лауазымды тұлғаларымен келіссөзден бөлек, Линде азаматтық қоғам өкілдерімен де кездеседі. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, келіссөзде ЕҚЫҰ мен Орталық Азия елдері арасында ынтымақтастықты нығайту, ЕҚЫҰ алдындағы міндеттемелерді орындауға көмектесу мәселелеріне мән беріледі.

Қазақстан билігі оппозициялық белсенділер мен бейбіт шеруге шыққандарды ұстағаны үшін жиі сынға ұшырайды. Құқық қорғаушылар Қазақстан билігі қабылдаған бейбіт жиын туралы заңның халықаралық стандартқа сәйкес еместігін атап өтеді. Бұл заң митинг өткізбей тұрып жергілікті билікке ескерту жасауға міндеттейді. Әкімдік ондаған себеппен митинг өткізу туралы өтінішті кері қайтара алады. Белсенділер бейбіт жиын өткізу еркіндігіне Ата заң кепілдік бергендіктен полиция мен ішкі саясат, прокуратура өкілдерінің әрекетін заңсыз деп санайды.

Биыл 11 ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалы туралы қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды елде түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатуға үндеген. Онда Қазақстандағы адам құқығы бұзылуының жиілегені, азаматтық белсенділердің биліктен қысым көретіні, кейбірінің қудалау кезінде қайтыс болып жатқаны, сайлаулардың әділ өтпейтіні, азаматтық қоғам аясының тарылғаны да айтылады. Қарар адам құқығының бұзылуына жауапты Қазақстан шенеуніктері мен мекемелеріне санкция салуды қарастыруға шақырады.

Қазақстан билігі елде саяси тұтқын барын мойындамайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG