Accessibility links

Уқорғасын коронавирустан емдей ме? 300 сөзбен түсіндіреміз


Қырғызстан денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев уқорғасын тұнбасы құйылған құтыны көрсетіп, баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Бішкек, 16 сәуір, 2021 жыл.
Қырғызстан денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев уқорғасын тұнбасы құйылған құтыны көрсетіп, баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Бішкек, 16 сәуір, 2021 жыл.

Қырғызстан денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев 16 сәуірдегі баспасөз мәслихатында журналистер алдында улы өсімдік уқорғасыннан (аконит) жасалған тұнбаны ішіп алып, оның үш күнде коронавирустан емдейтінін айтты. Қырғызстандағы дәрігерлердің көбі министрдің айтқанымен мүлде келіспейді және Covid-пен ауырғандарды өз бетінше емделмей, дәрігерге қаралуға шақырады.

УҚОРҒАСЫН КОРОНАВИРУСҚА ЕМ ДЕГЕН СӨЗ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Қырғыз министрінің айтуынша, коронавирустан уқорғасын тұнбасымен емделуге болатынын ел президенті Садыр Жапаров айтқан. "Оның тамырын қолданып, мөлшерін есептеуді" Жапаровқа әкесі үйреткен екен. Бейшеналиевтің айтуынша, Жапаров 2020 жылы наурызда сол кездегі президент Сооронбай Жээнбековке уқорғасынды түрлі дерттен, соның ішінде коронавирустан айығуға пайдалануға болатынын айтып, хат жазған.

Министрдің айтуынша, Жапаров осы тамыр тұнбасының көмегімен түрмеде жатқанда коронавирустан емделген (Жапаров 2020 жылғы қазандағы көтеріліс кезінде түрмеден шығып, кейін президент міндетін атқаруға көшті). "Бірақ президент оның хатына жауап бермеді" деді Бейшеналиев.

Жапаров әлеуметтік желідегі парақшасында уқорғасын тұнбасын жасаудың тәсілдері туралы видео жариялап, түрмеде "халық емімен" емделіп шыққанын жазды.

БҰЛ ҚАНДАЙ ӨСІМДІК?

"Жетісу энциклопедиясының" дерегі бойынша, уқорғасын (Аconitum) – сарғалдақ тұқымдас көпжылдық шөптесін өсімдік. "Сабағы тік, кейде шырмалын өседі. Тамыры түйнек пішінді жуан. Жапырақтары саусақ салалы, гүлі сары, көк, күлгін, кейде ақ, сабақ ұшында шашаққа топтанған. Қазақстанда оның 14 түрі бар. Жетісудың орманды жерлерінде, тау шағылдарында өседі. Уқорғасынмен қой, шошқа, бал арасы уланады. Уланған мал еті адам денсаулығына өте қауіпті. Ол өскен жерге мал жаймау керек. Уқорғасынның тамырынан дәрі, сондай-ақ зиянды кемірушілер мен жәндіктерді жоятын препарат дайындалады".

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы

ДДСҰ ПІКІРІ ҚАНДАЙ?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Қырғызстандағы өкілдері министрдің ісін қайталамауға шақырады.

"Қазіргі уақытта ДДСҰ-ның Aconitum soongaricum-ның (уқорғасын) COVID-19 дертінен емдеу тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы мәліметі жоқ. Мұндай мәлімет алу үшін халықаралық деңгейде мойындалған стандарттар негізінде клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеу аясында оның фармакологиялық ерекшеліктерін зерттеу керек" делінген ұйымның мәлімдемесінде.

УҚОРҒАСЫНДЫ ДӘРІ РЕТІНДЕ ҚОЛДАНУҒА НЕГЕ БОЛМАЙДЫ?

Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас клиникалық фармакологы Аида Зурдинованың айтуынша, уқорғасын – өте улы өсімдік, сондықтан оны медицинада қолдануға мүлде болмайды.

"Оның құрамында ағзаны қатты улайтын алколоид бар. Бұл өсімдіктің тиімділігін дәлелдейтін бірде-бір зерттеу шыққан емес. Уқорғасынның қабынуды басатын, вирусты өлтіретін ешқандай қасиеті жоқ. Ал мөлшерден асырса, одан жүрек тоқтап қалуы мүмкін. Басқа елдерде ол тек декорациялық өсімдік ретінде өсіріледі" деді Зурдинова.

АҚШ-тың азық-түлік өнімдерінің сапасын бақылау басқармасы – USFDA тізімінде қолдануға болмайтын бес өсімдіктің бірі ретінде уқорғасын аталады. Құрамында уқорғасын бар өнімді пайдалануға тыйым салынады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG