Accessibility links

Отандық вакцина егуге жарай ма? Екпелер жаңа штамдардан қорғай ма? Вирусолог сөйлейді


Вирусология және молекулалық биология жөнінен PhD Әсел Мұсабекова.
Вирусология және молекулалық биология жөнінен PhD Әсел Мұсабекова.

Вирусология және молекулалық биология жөнінен PhD Әсел Мұсабекова Азаттыққа берген сұхбатында "Сынақтың соңғы кезеңінен өтпеген, үш мың еріктінің арасында ғана сыналған қазақстандық QazCovid-in вакцинасын халыққа жаппай салу қауіпті емес пе?" деген сұраққа жауап берді.

Кейінгі күндері Қазақстанда коронавируспен күн сайын 2,5 мыңнан астам адам тіркеліп, рекорд үстін-үстін жаңарып отыр. Ресми дерекке қарағанда, Covid індет басталғалы 270 мың адамның анализінен анықталған. Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, алдағы үш айда бұл сан екі еселенуі мүмкін.

Пандемияны тоқтатудың сенімді амалы саналған вакциналау да баяу жүріп жатыр. 1 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі ай ішінде халықтың бар-жоғы 0,1 пайызына ғана екпе салынғанын айтып, денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға шүйлікті.

"Сәуірдің соңына дейін жағдай түзелуі керек. Әйтпесе көңілдеріңе тиетін кадрлық шешім қабылдаймын" деді Тоқаев Цойға қарата.

Осы тұста сәуір айынан бастап клиникалық сынақтың үшінші кезеңін аяқтамаған QazCovid-in вакцинасы салына бастайтыны хабарланды. Екпе салуды сынақ аяқталардан екі жарым ай бұрын бастау қаншалық дұрыс? Екпе коронавирустың жаңа штамдарынан қорғай ала ма? Жаңа штамдар қаншалық қауіпті? Вирусты екінші рет жұқтыру мүмкін бе және жұқтырған жағдайда ауру қалай өтеді? Азаттықтың осы сұрақтарына Францияда тұратын вирусолог Әсел Мұсабекова жауап берді.

Әсел Мұсабекова Ұлыбританиядағы Йорк университетінің бакалавриатын "Генетика" мамандығы бойынша тәмамдаған. 2019 жылы Страсбург университетінде (Франция) молекулалық биология, вирусология саласында PhD дәрежесін алған. Франциядағы молекулалық және жасушалық биология институтында жұмыс істеген. Вакцина туралы бірнеше ғылыми мақала авторы.

QAZCOVID-IN ТУРАЛЫ ҒЫЛЫМИ МАҚАЛА ЖОҚ. АЛАҢДАУҒА НЕГІЗ БАР МА?

Азаттық: Қазақстандық QazCovid-in вакцинасын сынаудың үшін кезеңі 2021 жылғы 9 шілдеде аяқталмақ. Бірақ екпені үшінші кезең аяқталмай жатып пайдаланайын деп отыр. Бұл қауіпті емес пе?

Әсел Мұсабекова: Бізге зерттеу нәтижелерінің жариялануын күту керек. QazCovid-in вакцинасы туралы көбірек ақпарат алғымыз келеді. Тым болмаса, клиникалық сынақтың бірінші және екінші кезең нәтижелері жариялануы тиіс. QazCovid-in екпесін әзірлеушілер Forbes Kazakhstan басылымына берген сұхбатында мақала жазуға уақыты жоғын айтқан. Бірақ ашығын айтсақ, бұл оларды ақтай алмайды. QazCovid-in вакцинасын ол туралы жеткілікті дерек жарияланғанын көрген кезде ғана қолдаймын.

Оның үстіне QazCovid-in екпесін сынаудың үшінші кезеңіне небәрі үш мың адам ғана қатысқанын ұмытпау керек. Pfizer, Moderna немесе "Спутник V" екпелерін сынаудың өткізудің үшінші кезеңіне 30 мыңнан астам адам қатысқан.

Азаттық: Қазақстандық вакцинаның сынағына үш мың ерікті тартылған, бірақ оның жартысына плацебо (емдейтін қасиеті жоқ, бірақ науқасқа дәрі деп берілетін препарат – Ред.) салынған. Сонда вакцина бар-жоғы 1,5 мың адаммен сыналайын деп тұр.

Әсел Мұсабекова: Сынаққа қатысқан адамдар саны көп болған сайын, вакцинаның қауіпсіздігі де арта түседі. Бізге не себепті көп адам керек? Өйткені сирек кездесетін кері әсерлер ондаған мың адам қатысқан клиникалық сынақтар кезінде ғана көрінеді. Вакцина нарыққа шыққан кезде зерттеудің төртінші кезеңі басталады. Жүз мың не миллион адамға шаққанда бір кездесетін жағдайлар болады. Мұның бәрі сол төртінші кезеңде анықталады. Сондықтан клиникалық сынаққа қатысқан еріктілер саны аз болған сайын, вакцинаның ықтимал қатері туралы ақпарат та аз болады.

Бізге сынақтың бірінші, екінші, үшінші кезеңінің нәтижелерін көрсетпесе, вакцина тіркелгеннен кейінгі төртінші кезеңді бақылау процесіне қалай сенеміз? Бірінші кезеңнің өзінде зерттеу нәтижелері туралы деректер болмаса, вакцина салынғаннан кейін мониторинг жүргізілетіні күмәнді. Ал бұл вакцинаға сенім ұялатуда аса маңызды.

Оның үстіне Covid екпесі туралы ақпаратты халыққа дұрыс жеткізбеу балаларға ұлттық күнтізбедегі екпелерді салу ісіне де кері әсер етеді. Осының салдарынан қызылша секілді аурудан қорғайтын сенімді вакциналардың өзінен де бас тартып жатады. Сол себепті екпе әзірлеушілерді деректерді ашық жариялауға тағы да шақырамын.

Азаттық: Ресей де "Спутник V" вакцинасын салуды сынақтың үшінші кезеңін аяқтамай бастап кетті. Осы үшін халықаралық сынға да ұшырады. Бірақ ақпанда Lancet журналына жарияланған мақалада вакцинаның әсері 91,6 пайыз екені айтылған соң, жағдай біршама өзгерді. Мұндай мақалалар несімен маңызды?

Әсел Мұсабекова: Бұл мақалалардың беретіні – ашық деректер. Олар қоғам игілігіне айналады. Мақала шықпаса, бұл – екпе авторлары бұл деректі жария еткісі келмейді деген сөз. Осыдан сенімсіздік туады.

Lancet – дәйексөзге алыну индексі 60-тан асатын халықаралық журнал. Бұл әрине сенім ұялатады. Бірақ оған көз жұмып, сене салуға және болмайды.

"Спутник V" туралы белгілі. Бұдан бөлек Ресейдің "ЭпиВакКорона" дейтін тағы бір вакцинасы бар. Жақында ресейлік "Инфекция және иммунитет" журналында осы вакцина туралы мақала шықты. Бұл журналдың дәйексөзге алыну индексі – 0,67. Екпені әзірлеген ғалымдардың деректерді осындай журналда жариялауға асыққанын көргенде, бұл ақпаратқа сенуге болмайды деп ұғамыз. Мұндай мақаланың болғанынан болмағаны жақсы.

Медқызметкер "Спутник V" екпесін салуға әзірлеп жатыр. Алматы, 2 сәуір 2021 жыл.
Медқызметкер "Спутник V" екпесін салуға әзірлеп жатыр. Алматы, 2 сәуір 2021 жыл.

Азаттық: АҚШ, Израиль, Еуропа елдері жаппай вакциналауды Pfizer, Moderna, AstraZeneca екпелері сынақтың үшінші кезеңінен өткеннен кейін бастады. Олар үшінші кезеңнің аяқталуын неге күтті? Бұл ақталды ма?

Әсел Мұсабекова: Өйткені олай істемесе, заңсыз болар еді. Негізі клиникалық сынақтың үшінші кезеңі аяқталғаннан кейін де вакцинаны қолданысқа енгізу үшін біршама уақыт күту керек. Бұған кемінде 6 ай уақыт кетеді. Бірақ бұл мерзімді бәрі бірдей сақтаған жоқ, өйткені пандемия кезінде ғалымдар кей шараны қысқартып, зерттеудің бірінші және екінші кезеңін біріктіріп, үшінші кезеңнің алдын-ала нәтижесін вакциналау аяқталғаннан кейін екі ай ішінде жариялауға болады деген шешімге келді.

АҚШ-тың азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмек сапасын бақылау жөніндегі басқармасы (FDA) төртінші кезеңге жіті бақылау жүргізілсін деген шартпен Pfizer вакцинасын қолдануға рұқсат берді. Бізде вакцина тіркелгеннен кейінгі кезең туралы көп айтылмайды. Есеп жүргізу де дұрыс жүреді деп ойламаймын.

Еуропа да халыққа жаппай вакцина салуға асықты, бірақ олар белгіленген мерзімдерді сақтауға тырысты. Еуроодақта вакцинаның мерзімін сақтауға міндеттейтін заң бар. Клиникалық сынақтың бірінші және екінші кезеңінде вакцинаның қауіпсіздігі тексеріледі. Екінші кезең аяқталған кезде вакцинаның қауіпсіз екені белгілі болады, бірақ сирек кездесетін кері әсер туралы ештеңе білмейміз. Сондықтан вакциналауға қатысты күмән туғызбай, халықпен дұрыс жұмыс істеп, екпенің қауіпсіздігі мен әсері мұқият тексерілетінін түсіндіру үшін белгіленген мерзімді сақтау керек.

ВАКЦИНА ЖАҢА ШТАМДАРДАН ҚОРҒАЙ МА?

Азаттық: Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде коронавирустың британдық, оңтүстік-африкалық, бразилиялық штамдарына ұқсайтын мутациясы болуы мүмкін деп хабарлады. Бірнеше қала мен өңірде ауру өршіп, коронавирус жұққан науқастар саны артып келеді. Бұл жаңа штамдардың келуімен немесе пайда болуымен байланысты ма? Әлде бұл адамдардың санитарлық ережелерді дұрыс сақтамауынан болды ма? Мүмкін қазіргі жағдайға бірнеше фактор әсер еткен шығар?

Әсел Мұсабекова: Мұнда бірнеше фактор бар. Бірінші және ең маңызды фактор – пандемиядан жалығу. Пандемия басталғалы бір жыл өтті, біз санитарлық талаптарды бұрынғыдай қатаң ұстанбайтын болдық. Екінші себебі – мерекелер кезінде мейрамханалар жұмыс істеп тұрды, вирус осылай тараған болуы мүмкін. Үшінші себебі – жаңа штамдар. Бірақ аурудың өршуіне жаңа штамдар әсер еткен деп нақты айту үшін эпидемиялық деректерді қарап, вирустың гендік құрылымын (аминқышқылдар мен нуклеотидтердің реттілігін анықтау) зерттеу керек.

Штамм деген сөзбен келіспеймін. Ағылшынтілді әдебиеттерде "нұсқа" (variant немесе вариант – Ред.) деген сөз қолданылады. Өйткені штамм – эволюциялық бірлік. Бір ай бұрын пайда болған өзгерісті штамм деп атай алмаймыз. Оның орнына "нұсқа" деген сөзді қолданамыз, өйткені белгілі бір деңгейде мутацияға ұшыраған вирус үлгілері көбейіп келе жатқанын байқап отырмыз. Коронавирустағы көп өзгеріс тікенпішінді ақуызда жүреді. Бұл ақуыз вирустың беткі қабатында орналасып, жасушамен тоғысады. Тікенпішінді ақуызда болған өзгерістер коронавирусқа жаңа иесіне бейімделуге көмектеседі. Бір жыл өткенде әлемнің әртүрлі бөлігінде бір-біріне ұқсас мутациялар пайда бола бастады. Бұл әлдекім Ұлыбританиядан Оңтүстік Африкаға барып, бәріне вирус таратқан дегенді білдірмейді. Жай ғана коронавирустың бейімделуіне дәл осы өзгерістер "пайдалы" екенін көрсетеді. Бірақ бұл коронавирус мутациялардың көмегімен өзі мекендейтін ағза иесін өлтіреді деген сөз емес, керісінше, вирус өз иесін өлтірмеуі мүмкін. Мутация вирустың тарау жылдамдығын арттырады. Біз қазір осыған куә болып отырмыз.

Бізде бүкіл әлемдегі бір миллион науқастың РНҚ тізбегінен алынған коронавирус геномы туралы деректер бар. Nextstrain.org сайтында төрт мың тізбектен ағаш жасалған. 28 наурыздағы дерек бойынша төрт мың тізбектің тек тоғызы ғана Қазақстанда зерттелген. Бұл бізде вирустың гендік құрылымын зерттеу қуаты аз екенін көрсетеді. Қазақстанда биоүлгілерді үш-төрт жерде ғана осындай зерттеуден өткізеді. Мемлекет біздің бұл саладағы қуатымыздың дамыған биотехнологияның шаңына да ілесе алмайтынын түсініп, мәселеге назар аударса деймін. Жаңалықта үш биоүлгіні вирустың гендік құрылымын зерттеу әдісінен өткіздік деп айтамыз. Бұл жақсы, бірақ тым аз. Бізде жаңа эпидемия басталғанша, осы туралы ойланып, бюджет қарастыруға мүмкіндік бар. Өйткені бұл жұмыс бізге вирустың қалай өзгеріске ұшырап жатқанын, оған қарсы вакцинаның қаншалық әсер ететінін анықтауға көмектеседі.

Азаттық: Әлемде коронавируспне 135 миллионнан астам адам тіркелді. Коронавирусты қайта жұқтырғандардың дерегі жүргізіле ме?

Әсел Мұсабекова: Дамыған елдер коронавирустық инфекциямен қайта ауырған науқастарды тіркеп отыратын шығар. Дамушы елдерде бұл толық тіркелмейтін болуы керек. Өйткені бұл процесті бақылау үшін де белгілі бір ресурстар керек.

Covid қайта жұғуы мүмкін және бұл – коронавирус тобына жататын вирустардың басты ерекшелігі. Мұны бір деңіз. Екіншіден, дәл осы коронавирус өзгеріске ұшырап, антиденелерден "қашуды" үйренді. Бұл несімен қауіпті? Вакцина мұндай вирустардан қорғай алмауы мүмкін.

Оның үстіне, науқастарға коронавируспен ауырып жазылған адамдардың плазмасын құю арқылы емдеп жатады. Коронавирустың жаңа нұсқасы дәл осы емдеу әдісінің салдарынан пайда болған деген болжам бар. Яғни, аталған әдіс кезінде біз вирусқа бөтен ағзадан алынған антиденелермен қысым көрсетіп, селекциялық қарсылық көрсетеміз. Мұндайда вирустар антиденеден қашуды үйреніп алады.

Аутоиммундық ауруы (ағзаның өз тіндерін танымай, оларды шабуылдауы – Ред.) бар науқасты алайық: ол үнемі иммунитетті басатын дәрі-дәрмек ішуге мәжбүр. Оған дәл осы кезде коронавирус жұқса, науқас ұзақ ауыруы мүмкін. "Ұзақмерзімді" Covid деген осы.

Емдеу әдісі ретінде аурудан жазылған адамның плазмасын пайдалансақ, ем алған науқастың ағзасында вирустың антиденелер әсер етпейтін жаңа түрі пайда болады. Сондықтан қазір коронавируспен қайта ауырған адамдар саны өсіп келе жатқанын айтып отырмыз. Осылай жалғасып, соңында коронавирус тұмау туғызатын вирустар сияқты адамның ағзасы үйренген вирусқа айналып кетеді.

Азаттық: Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, Қазақстанда вирустың британдық, оңтүстікафрикалық және бразилиялық деп аталатын үш штамы тараған. Аталған штамдардың қайсысы қауіптірек?

Әсел Мұсабекова: Әзірге британдық штамм туралы ақпарат көп. Осы штамм түрімен ауырған адамдар бақылауға алынған. Ғалымдар науқастарды әрқайсысы 1700 адамнан тұратын екі топқа бөліп, зерттеу жүргізген. Бірінші топта қарапайым коронавируспен ауырғандар, екінші топта вирустың британдық штамы жұққан науқастар болған. Ғалымдар әр топтағы жағдайы ауыр науқастар саны мен өлім көрсеткішін салыстырып, ешқандай айырмашылық байқамаған. Бұл зерттеу қаңтардың басында жарияланды.

Кейін жарық көрген тағы бір зерттеуде вирустың британдық нұсқасынан көз жұматын адамдар саны 64 пайызға жоғары екені анықталған. Бірақ екінші зерттеуде адам көп болған, оған әр топта 50 мың адамнан, жалпы саны 100 мың науқас қатысқан. Қарапайым коронавируспен ауырған топта 164, екінші топта 220 өлім тіркелген. Бірақ шын мәнінде бұл сандық деректермен ойнауға ұқсайды. Бұл деректерге қарап, вирустың британдық нұсқасынан болатын өлім саны көп деп айта алмаймыз.

Қоғамдық денсаулық сақтау саласы мен ауруханаларға түсетін жүктеме жағынан алғанда, маған оңтүстікафрикалық және бразилиялық нұсқалар әлдеқайда ауыр болып көрінеді. Өйткені бұл штаммен ауырған адамдарға тағы да вирус жұғуы мүмкін. Вирустың бұл түрі вакцинаның көмегімен қалыптасатын иммунитеттен қорғануға қабілетті сияқты.

Азаттық: Демек бұл штамдарға қарсы вакцина да әсер етпеуі мүмкін ғой?

Әсел Мұсабекова: Вакцина салғызған адамның ағзасында иммундық жад, яғни, екпенің құрамына байланысты әртүрлі антиденелер түзіледі. Кей антидене әсер етпейді, өйткені Pfizer вакцинасындағы РНК бөліктері вирустың бразилиялық және оңтүстікафрикалық нұсқаларында өзгеріске ұшыраған. Сондықтан Pfizer немесе AstraZeneca вакциналары жаңа штамдарға қарсы әсер бермеуі мүмкін деп топшылап отырмыз. Кей антидене жұмыс істемегенімен, вирустың маңызды бөлігіне әсер ететін басқа антиденелер ағзаға көмектеседі. Өйткені вирустың маңызды бөліктері бірден өзгермейді. Вирус баяу мутацияға ұшырап, бірінші кезекте, маңыздылығы төмен бөліктер өзгереді.

Иммундық жадтың бірінші бөлігі – антидене болса, екінші бөлігі – Т-жасушалы иммунитет. Ағза вирус зақымдаған жасушаларды өлтіретін Т-жасушаларды дайындықтан өткізеді. Т-жасушалы иммунитет оңтүстікафрикалық және бразилиялық нұсқалардағы өзгерістерге қарсы күресте де жақсы көмектеседі. Антидене көмектеспесе де, Т-жасушалы иммунитет қандай өзгеріске ұшырағанына қарамастан, коронавирусты есте сақтап алып, оған қарсы күреседі. Бұл нені білдіреді? Адам коронавирустық инфекциямен қайта ауырса немесе вакцина алғаннан кейін жаңа штамның бірін жұқтырса, оның иммундық жады сырқаттың ауыр формаға өтуіне жол бермейді. Ұғынықты тілмен айтсақ, вакциналау вирус жұғудан сақтай алмаса да, аурудың ауыр салдары мен өлімнен қорғайды. Бастысы – осы.

ҚАТЕМЕН ЖҰМЫС ІСТЕГЕН ЖОҚПЫЗ

Азаттық: Денсаулық сақтау министрлігінің "шынайы сценариіне" сәйкес, сәуір-шілде айларында 250 мың адамға коронавирус жұғуы мүмкін. Бұл бір жылда ресми тіркелген науқастар санымен бірдей. Бұл болжам туралы не айтуға болады? Билік осы арқылы пандемияның жаңа толқыны әлдеқайда күшті болатынын мойындап отыр ма? Әлде көп сынға қалғаннан кейін үкімет шынайы статистика жүргізе бастады ма?

Әсел Мұсабекова: Мен эпидемиолог емеспін, эпидемиологиялық модельдер жасай алмаймын. Бірақ түсінгенім бойынша, қазір пандемияның жаңа толқынына қатысты модельдердің бәрі коронавирустың жаңа нұсқаларымен байланысты.

Статистикаға келсек, деректердің әлдеқайда ашық жарияланғанын мен де қалаймын. Әлі күнге статистиканы қалай жүргізетіні белгісіз. ПТР тест нәтижесі теріс шыққан науқастар статистикаға кіре ме, оны да білмейміз. Сондықтан бұл эпидемияға қарап, есеп жүргізу жүйесінде қандай олқылықтар барын түсіну үшін қатемен жұмыс істеуіміз керек. Мүмкін мұнда статистиканы жасыру немесе асырып көрсету сияқты жаман пиғыл жоқ та шығар. Мүмкін шынымен жүйеде көп науқас есепке кірмей қалған болар. Кінәліні іздеп, ешкімді айыптамастан, эпидемиологтарды жинап, статистиканы қалай дұрыс жүргізу керегін ойланған жөн.

Азаттық: Бұл толқынның салдары былтыр жазда көргенімізден әлдеқайда ауқымды болуы мүмкін бе?

Әсел Мұсабекова: Үкіметтің науқастар саны көп болады деген эпидемиялық моделі дұрыс болса, әрине, солай. Эпидемия салдарының бір жанама көрсеткішін білеміз. Бұл жерде былтыр шілдеде болған шектен тыс өлім көрсеткішін меңзеп отырмын. Тәуелсіз деректерге сүйенсек, 28 мыңға жуық адам көз жұмған. Биыл әлдеқайда көп адамға вирус жұқса, өте қиын болады. Қазір мемлекеттің ресурстары азайғанын көріп отырмыз. Бірінші кезекте, медициналық қызметкерлердің ресурсы. Әлі күнге оларға уәде етілген төлемдерді беруге қатысты мәселелер бар. Дәрігерлерге жақсы қараса, эпидемияны еңсеруге болады.

Азаттық: Былтыр жазда коронавирустың өршуі денсаулық сақтау жүйесінің, жалпы алғанда мемлекеттік басқару жүйесінің сынақтарға дайын емесін көрсетті. Олар осы жолы сынақтан өте ала ма?

Әсел Мұсабекова: Былтыр жіберілген қателіктерді мойындау керек. Ол қателіктерді мойындамай, пандемияның жаңа толқынына дайын болмаймыз. Өйткені бізде өрескел қателіктер болды. Ауру белгісі жоқ науқастарды ауруханаға жатқызу да дұрыс болмады. Осыдан эпидемия басталмай тұрып дәрігерлер мен медбикелердің жұмысы көп болды. Басында ешқандай толқын болмаса да, медициналық қызметкерлерге көп ауыртпалық түсті.

Біз әлі қателіктермен жұмыс істеген жоқпыз. Мысалы, ауру белгісі жоқ науқастарды ауруханаға жатқызуды алайық. Дәрігерлер мен MedSupport қауымдастығының ғалымдары Алматының бас санитар дәрігерінің қаулысына қатысты мәлімдеме жасап, бұлай жасауға болмайтынын түсіндірді. Ауру белгісі жоқ адамдарды ауруханаға жатқызу басқа қателіктерге жол ашады. Бір жыл өтсе де, осы қателіктерімізді түсінген жоқпыз. Өйткені билік әлі күнге бұл қателіктерді ашық мойындаған жоқ. Алдағы уақытта мойындай ма, оны да білмейміз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG