Accessibility links

"Қызыл сызықтан өткендерге қатаң жауап болады". Путин жолдауда не айтты?


Ресей президенті Владимир Путин жолдау жолдап тұр. Мәскеу, 21 сәуір 2021 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин жолдау жолдап тұр. Мәскеу, 21 сәуір 2021 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин 21 сәуірде халыққа жолдау арнап, Мәскеумен байланыста "қызыл сызықтан" өткендерге, "қатаң жауап болатынын" айтты.

ПУТИН БАТЫСҚА ШҮЙЛІКТІ

Путин сөз сөйлеп жатқанда түрмеде отырған оппозиционер Алексей Навальныйдың жақтастары наразылыққа жинала бастады. Кремль сыншысының жақтастары жұртты 21 сәуір кешкі жетіде билікке қарсы митингіге шығып, Навальныйға дұрыс медициналық көмек көрсетуді талап етуге шақырған. Ресей билігі Навальныйды қолдау акцияларының бәрін заңсыз деп санап, қатысушыларын күштеп ұстайды. Сәрсенбіде де полиция бірнеше адамды ұстағаны хабарланды.

Оппозиционер Алексей Навальныйды қолдауға келгендер. Новосібір, 21 сәуір 2021 жыл.
Оппозиционер Алексей Навальныйды қолдауға келгендер. Новосібір, 21 сәуір 2021 жыл.

Путин бұл жолдауын Мәскеу мен Батыстың арасы суыған сәтте, Украинаның шығысында қақтығыс қаупі төнген тұста жасады. АҚШ пен Еуропа одағы Ресейді Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдады, Украинамен шекара маңына 100 мыңнан аса солдат қойды деп айыптайды. Батыс Мәскеуге Навальныйды қамағаны және Украинаның шығысындағы әрекеттері үшін бірнеше рет санкция салған.

"Біз халықаралық қауымдастықтың барлық өкілдерімен, кейінгі кезде байланысымыз нашарлап кеткен тараптармен жақсы қатынаста болғымыз келеді. Бірақ біздің адал ниетімізге бейқамдық я әлсіздік деп қараса, көпірді өртеп я жарып жібергісі келсе, Ресейдің жауабы жылдам әрі қатаң болады" деді Путин жолдауында.

Путин Киплингтің "Джунгли кітабын" еске алып, Ресейге "тиіскен" елдерді Шерхан жолбарыстың маңын торуылдап жүретін "қорқауларға" теңеді.

"Бізге қарсы шыққандар істеген ісі үшін қатты өкінетін болады. Ресеймен қарым-қатынаста "қызыл сызықтан" өтуге ешкімнің дәті жетпейді деп ойлаймыз. Ал "қызыл сызық" қай жерден өтетінін біз өзіміз белгілейміз" деді ол.

"ЛУКАШЕНКОҒА ҚАСТАНДЫҚ"

Путин әлдекімдер Александр Лукашенкоға "қастандық жасап, мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды" деген Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) мен Беларусь басшылығының мәлімдемесін қолдады.

"Жоғары лауазымда отырғандарды өлтіріп, саяси қастандық жасау арқылы мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыру жоспары - шектен шыққандық. Тым шектен шығып кетті. Батыс, әдеттегідей, мұндай әрекеттерді айыптамай отыра береді… Лукашенкоға деген көзқарас әртүрлі шығар. Бірақ Беларусьте мемлекеттік төңкеріс жасалса не болар еді? Беларусьте қанша адам зардап шегер еді?" деді ол.

Путин Беларуське "жаппай кибершабуыл жасау жоспарланған" деп санайды. Беларусьте былтыр тамызда өткен президент сайлауынан кейін саяси жағдай ушыққан. Сайлауда авторитар басшы Александр Лукашенко жеңімпаз деп танылған соң елде наразылық күшейді. Оппозиция мен халық сайлау нәтижесін мойындамайды. Батыс та сайлау заңсыз өтті деп есептеп, Беларусь шенділеріне санкция салған.

Путин жолдауында пандемияға тоқталып, бүкіл халықты екпе алуға шақырды. Ол Ресей күзде халық арасында жаппай иммунитет қалыптасу керек деп санайды. Ресей президенті пандемияны жеңудің жалғыз жолы вакцина деді.

Путин жолдауы ірі қалаларда осындай экрандар арқылы көрсетілді. Екатеринбург, 21 сәуір 2021 жыл.
Путин жолдауы ірі қалаларда осындай экрандар арқылы көрсетілді. Екатеринбург, 21 сәуір 2021 жыл.

Ресей пандемиядан қатты зардап шеккен елдердің қатарында. Мәскеу елде коронавирустан 106 мың адам қайтыс болды дейді. Ал федералдық статистика агенттігі елде Covid дертінен 225 мың адам көз жұмды деп санайды.

Путин жолдауын оқыған сәтте залда шенеуніктер мен депутаттар ара қашықтық сақтамай отырды. Маска таққандары да аз болды.

68 жастағы бұрынғы КГБ офицері Путин төрт жылдық премьерлік қызметін қоса есептегенде, Ресейді 1999 жылдан бері басқарып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG