Accessibility links

"Путинді неге жақтырмайсың?" Ресейде наразылық акциясына шыққан жастар қудалауға түсті


Владимир Путин Ресей премьер-министрі болған кезде Кемеров қаласындағы дзюдо үйірмесіне қатысушы балаға күрес тәсілін көрсетіп тұр. 24 қаңтар 2012 жыл.
Владимир Путин Ресей премьер-министрі болған кезде Кемеров қаласындағы дзюдо үйірмесіне қатысушы балаға күрес тәсілін көрсетіп тұр. 24 қаңтар 2012 жыл.

Қаңтар-ақпан айларында Ресейде қамаудағы оппозиция лидері Алексей Навальныйды қолдаушылар наразылық акциясын өткізген кезде үкімет көшеге шыққан жастарды түртіп алған тәрізді. Содан бері кей студент оқудан шығарылса, енді біреулерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Осы екеуінен де зардап шеккендер бар. Билік жастарды осылайша жазалап жатыр.

15 жастағы Савелий Нарижный Ресейдің солтүстік-батысындағы Вологда қаласындағы орта мектепте оқитын. 23 қаңтарда оны оппозиция лидері Алексей Навальныйды қолдаушылар биліктің рұқсатынсыз жаппай наразылық білдіріп көшеге шыққаннан кейін қала ортасында полиция тоқтатқан. Ол кезде билік абақтыда отырған Навальныйға қатаң қылмыстық айыптар таққан еді. Нарижный ұсталған жоқ, бірақ телефонын полиция тартып алған. Ал үш күннен кейін полиция жасөспірімді үйінен алып кеткен.

Нарижный аймақтық әкімшілік орталық қабырғасына Ресейдің авторитар президенті Владимир Путинді "ұры" деп атап, граффити жазған. Прокурорлар мұны "бір топ адам жасаған және саяси, идеологиялық, нәсілшіл, ұлтшыл немесе діни өшпенділік немесе алауыздық сипаты бар" әрекет деп бағалаған. Қылмыстық айып тағылғаннан кейін Нарижныйды мектеп әкімшілігі шақырып алып, мектептен кетуге мәжбүрлеген.

– Олар маған "бізге қылмыскерлер керек емес" деді және тағы сондай нәрселер айтты. "Өз еркіңмен кеткенің жақсы болады" деді, – Нарижный Азаттық радиосының Орыс қызметіне осылай дейді.

Қазір ол сотты күтіп, кешкі мектепке барып жүр.

"ОППОЗИЦИЯ ЖАСТАРДЫ "ЗАҢСЫЗ ІСТЕРГЕ" АРАЛАСТЫРАДЫ"

Қаңтар-ақпанда Навальныйды қолдап, Путин билігіне қарсы өткен акциялар кезінде ресми өкілдер мен мемлекет бақылауындағы бұқаралық ақпарат құралдары наразылыққа жастардың көптеп қатысқанын айтып, оппозицияны кәмелетке толмағандарды "заңсыз істерге" араластырады деп айыптады.

"Кәмелетке толмағандарды алға салу дұрыс қылық емес. Әрі-беріден соң, бұлай терроршылар істейді" деді Путин.

Оппозиция лидері Алексей Навальныйды тұтқындауға қарсылық білдіріп, наразылық акциясына шыққандарды полиция ұстап, әкетіп барады. Санкт-Петербург, 31 қаңтар 2021 жыл.
Оппозиция лидері Алексей Навальныйды тұтқындауға қарсылық білдіріп, наразылық акциясына шыққандарды полиция ұстап, әкетіп барады. Санкт-Петербург, 31 қаңтар 2021 жыл.

Мемлекеттік телеарна жүргізушісі Дмитрий Киселев прайм-таймда өтетін шоуында оппозицияны мінеп, оларды "балаларды саясатқа тартатын саяси педофилге" теңеді. Оппозиция жақтастары Киселевтың тирадасына жауап ретінде биліктегі "Единая Россия" партиясы ұйымдастырған іс-шараларда отырған балалардың суретін салып, монтаждалған видео таратты.

Наразылықтардан кейінгі бірнеше аптада жергілікті лауазымды тұлғалар ел бойынша наразылыққа қатысқан жастарға, соның ішінде кәмелетке толмағандарға да шара қолданды. Билік кәріне ілінген жастардың көбі оқудан шығарылды, қылмыстық жауапқа тартылды. Кейбірі Нарижный сияқты осы екеуін де көрді.

Полиция қызметкерлері оппозиционер Алексей Навальный қамауда отырған "Матросская тишина" түрмесінің қасында өткен наразылық акциясы кезінде ұстаған жасты әкетіп барады. Мәскеу, 31 қаңтар 2021 жыл.
Полиция қызметкерлері оппозиционер Алексей Навальный қамауда отырған "Матросская тишина" түрмесінің қасында өткен наразылық акциясы кезінде ұстаған жасты әкетіп барады. Мәскеу, 31 қаңтар 2021 жыл.

"СЕНДЕРДІ ПАЙДАЛАНЫП ЖАТЫР"

Вологдадағы наразылықтарға 17 жастағы Илья Ельшин де қатысқан. Спасск орта мектебіндегі нашар оқушылардың бірі болған Ельшин бос уақытында YouTube арнасына түрлі видео салып отырған. Мысалы, кемінде алты сағат бойы ресейлік рэпер Моргенштерннің клиптерін көріп отырғаны немесе -20 градус аязда жеңсіз жейде киіп далада жүргені түсірілген видеоны жариялаған.

Қаңтарда Навальный Германиядан Ресейге қайтуға дайындалып жүрген кезде Ельшин арнасына саяси контент сала бастаған. Олардың арасында жастардан Путин мен Навальный екеуінің қайсысын қолдайтынын сұраған сауалнама да бар. Былтыр тамызда қатты уланғаннан кейін Германияда емделген Навальный өзін ФСБ (Ресей қауіпсіздік қызметі – ред.) агенттері жоғарыдан түскен бұйрық бойынша улады деген болатын.

23 қаңтарда Ельшин Вологдадағы наразылық болып жатқан жерден тікелей эфирге шыққан.

– Мені сол кезде Ресейде болып жатқан оқиғалар мазалай бастады. Жағдай әлі де нашар. Наразылықтар басталған соң мен зерттеп, қазбалай бастадым. Ресей мәселелерін, Путинді, оның сарайын, – дейді ол Азаттық радиосына.

Наразылық қарсаңында мұғалімдер оқушыларға мұндай іс-әрекетке барудың "қаупі" туралы дәріс оқыған. Бірақ акцияға кезінде Ельшинге ештеңе болмаған. Ертеңіне жай киімдегі екі полицей келіп, Ельшинге жауапқа тартылатынын ескерткен. Содан кейін оны облыстық прокуратура шақыртқан.

"Бұған араласып, басыңды қауіпке тігіп отырғаныңды түсінбейсің бе? Сендерді пайдаланып жатыр. Олардың сені қалай пайдаланатынын түсінбейсің де" дейді оған прокурор. Ельшин оның сөзін таспаға жазып алып, кейін әлеуметтік желіде жариялаған.

"Ал сен өзіңді қалай пайдаланып жатқанын ойладың ба?" деп прокурорға қарсы сауал қояды Ельшин.

"ЕКІЖҮЗДІ ДИРЕКТОР"

Оппозиционер Навальныйдың жақтастары жұртты 31 қаңтарда өтетін тағы бір ірі наразылыққа шақырды. Соның қарсаңында Илья Ельшин "Барғың келсе, бар. Бірақ бармаймын деп шешпес бұрын, жақсылап ойлан" деп айтып, видео жариялайды.

Ельшиннің адвокаты Сергей Тихоновтың айтуынша, Илья оқыған мектептің директоры полицияға осы видео туралы хабарлаған. Содан кейін небір қиындық басталған.

Түрмеде отырған оппозиция лидері Алексей Навальныйды қолдап қарсылық акциясына шыққандар мен олардың жолын бөгеп тұрған полиция жасағы.Қазан, Татарстан, 23 қаңтар 2021 жыл.
Түрмеде отырған оппозиция лидері Алексей Навальныйды қолдап қарсылық акциясына шыққандар мен олардың жолын бөгеп тұрған полиция жасағы.Қазан, Татарстан, 23 қаңтар 2021 жыл.

Спасск орта мектебінің директоры Людмила Гусева Азаттыққа бұл мәселе туралы пікір білдіруден бас тартты.

Вологдалық саясаткер, Навальныйдың "Партия прогресса" партиясы орталық кеңесінің мүшесі Евгений Доможиров Гусеваның 29 қаңтарда полицияға телефон шалып хабарлаған ақпараты бойынша әзірленген полиция хаттамасын жариялады. Доможиров оқушыларды саясатқа араласпауға шақыратын директордың өзі мектепте "Единая Россия" партиясын қолдайтынын айтып, Гусеваны "екіжүзді" деп кінәлады.

"Мектептің веб-парақшасынан алаяқтар мен ұрылар партиясының постыларын көшіріп басқанын және олардың мектептегі іс-шараларының суреттерін көруге болады" деп жазды Доможиров блогында. Онда саясаткер "Единая Россия" партиясын Навальный ойлап тапқан лақап аттармен атайды. Саясаткердің жазбасында Спасск мектебінің әлеуметтік желілердегі постыларына сілтемелер де берілген.

"БҰДАН ДА ЖАМАН БОЛАДЫ"

Илья Ельшин 31 қаңтардағы наразылық кезінде ұсталды. Гусева жазып алған видеоның кесірінен полиция оны наразылықты ұйымдастырушылардың бірі деп тапты. Оған екінші рет рұқсат етілмеген акцияға қатысқаны үшін 20 мың рубль (260 доллар) айыппұл салынды. Бұған қоса ата-анасына да "ата-ана міндетін орындамағаны үшін" 100 рубль (1,30 доллар) айыппұл салды.

Бірнеше күннен кейін Ельшин де Нарижный сияқты мектеп әкімшілігіне шақырылып, мектептен кетуге мәжбүр болған.

"Илюша, әрине, біз сені ештеңе істеуге мәжбүрлемейміз, бірақ кеткенің жөн" депті олар Ельшинге. "Олар маған "бұдан да жаман болатынын өзің де сезесің ғой" деді".

Ол мектептен кеткен соң YouTube арнасына көбірек уақыт бөле бастаған. "Мектептен қалай қуылғаны" туралы видео да жариялаған.

"Мен енді оқушы емеспін. Еш жерде оқымаймын. Қысқсы, тұрақты жері жоқ бос адаммын" дейді Илья Ельшин.

Түрмеде отырған оппозиционер Алексей Навальныйды қолдап қарсылық акциясына шыққандарды полиция көшеден ұстап, әкетіп барады. Мәскеу, Ресей, 31 қаңтар 2021 жыл.
Түрмеде отырған оппозиционер Алексей Навальныйды қолдап қарсылық акциясына шыққандарды полиция көшеден ұстап, әкетіп барады. Мәскеу, Ресей, 31 қаңтар 2021 жыл.

"ПОЛИЦЕЙЛЕР ҰРЛАП ӘКЕТТІ"

Ресейдің оңтүстігіндегі Астрахан қаласында 22 жастағы Вера Иноземцева мен тағы екі студент Астрахан мемлекеттік университетінен оқудан қуылды. Бұған олардың 23 қаңтарда Навальдыйды қолдап наразылық акциясына шығуы себеп болған. Наразылықтан кейін қарапайым киімдегі полицейлер Иноземцованы "ұрлап әкеткен". Вераның сөзінше, әлгі адамдар оның телефонын тартып алып, студенттің әлеуметтік желілердегі парақшаларына оған айып тағуға ілік болатын жазбалар қалдырған.

– Мені бір бөлмеден екінші бөлмеге апарды және соңғы бөлмеге "Э" орталық офицері кірді, – дейді өзін полиция бөлімшесіне жеткізген соң болған жайтты баяндаған Вера.

"Э" орталық – Ресей ішкі істер министрлігінің экстремизмге қарсы күрес департаменті. Оның қызметкерлері бейбіт саяси наразылықтарды басып-жаншитыны үшін жиі сынға қалады.

– Мен [әлгі адаммен] әңгіменің қаншалықты заңды екенін сұрап, телефонымның қайда екенін анықтауға тырыстым. Бірақ "Э" өкілі сұрағыма жауап бермеді. Тек "Путинді неге жақтырмайсың?" деп сұрады, – дейді Вера.

Бұдан соң әлгі офицер бөлмеден шығып кетіп, маска таққан үш ер адам кірген. Олар Вераны полиция бөлімшесінен алып шығып, нөмірі белгісіз көлікпен үйіне қайтарған. Вера көліктің алдыңғы орындығына жайғасқан адамның өзін "ұрлап әкеткендердің" бірі екенін таныған.

– Ол маған "Өзіңді жақсы ұстайсың ғой, солай ма?" деді. Мен прокуратураға шағымданамын деп жауап бердім, – дейді Вера.

Түрмеге қамалған оппозиция лидері Алексей Навальныйды қолдап қарсылық акциясына шыққандарға күш көрсетіп жатқан полиция қызметкерлері. Санкт-Петербург, Ресей, 31 қаңтар 2021 жыл.
Түрмеге қамалған оппозиция лидері Алексей Навальныйды қолдап қарсылық акциясына шыққандарға күш көрсетіп жатқан полиция қызметкерлері. Санкт-Петербург, Ресей, 31 қаңтар 2021 жыл.

Маска таққан адамдар Вераны қоя бергеннен кейін оның жанына екі полицей келіп, өздеріне ілесуді бұйырған.

– Есімнен адасқан шығармын немесе бір сұмдық жағдайға тап болдым ғой деп ойладым, – дейді Вера. Ақыр соңында билік Иноземцоваға наразылыққа қатысқаны үшін 10 мың рубль айыппұл салған.

24 қаңтарда ол прокуратураға арыз түсірді, бірақ тергеу комитеті тергеу жүргізуден бас тартты. Бұған наразы Вера шағымданатынын айтқан.

Наурызда жергілікті сот Иноземцеваның университеттен оқудан шығарылғанына келіспейтіні жайлы арызын қабылдамай қойған.

– Қазір тағы бір арыз дайындап жатырмыз. Жоғарғы сотқа және Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотына да жүгінуге дайынмын, – деді Азаттыққа Вера Иноземцева. Ол университеттен шығарылмас бұрын саясаттану мамандығы бойынша магистратурада оқыған.

– Бірақ мен университетке қарсы істі Еуропа сотында емес, Ресейде жеңгім келеді. Мені 23 қаңтарда ұрлап әкеткендердің де жазаға тартылғанын қалаймын, – дейді Вера.

"Бұны тастағым келмейді. Нені тастаймын? Мұны тіпті белсенділік деуге де келмес, не істеу керек, соны істедім. Бірақ мұны қойсам, мен де енжар адамдардың біріне айналамын. Ресей мені сүймесе де, оған немқұрай қарағым келмейді" дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG