Ресей президенті Владимир Путиннің суреті ілінген кабинетте бетін тұмшалап, балаклава киіп отырған полицейдің суреті бұл елде соңғы кезде болған наразылықтардың символына айналып кетті.
Фотограф Дмитрий Марков Азаттықтың Орыс қызметіне суреттің тарихын айтып берді.
Ресейдегі белгілі фотографтардың бірі саналатын Марков 2 ақпанда жемқорлықпен күрес қоғалысының басышысы, оппозиционер Алексей Навальныйдың қамалуына наразылық білдірген Мәскеудегі топ қатарында болған.
Навальныйдың көзқарастарымен келісе бермейтін Марков сонда да оны қолдауды жөн көріпті.
"Навальный сияқты 20 саясаткер болса, "ананы таңдаймын, мынаны таңдаймын" дей аласың. Ал қазір ол сияқты бір-ақ адам бар. Кейбір көзқарастарымен келіспесем де, оны қолдаймын" дейді Марков.
Фотограф Навальныйдың соты болып жатқан ғимарат маңында жүргенде ОМОН қатарынан бірнеше адам бөлініп шығып, оның қасына келген. "Бәрі сыпайы болды, маған келді де "Кеттік" деді. Олар мені жұрт арасынан алып шықты да, полицей фургонына апарды" дейді фотограф.
"Полицейлердің бірі екіншісіне "Біреуін ғана емес, үшеуін бірдей ұстау керек еді" деп жатты".
Полицей: "Тоқта, арамызда журналистер не шетелдіктер бар ма?" дегенде, босап кетуге мүмкіндігі болса да, Дмитрий үнсіз қалыпты.
"Қарапайым адам ретінде осының бәрін басымнан өткеру керегін түсіндім" дейді фотограф.
Фургонда адамның көп болғаны сондай, 2000 жылдардағы арзан қоғамдық көлік есіме түсті дейді ол.
Наразылыққа шыққан жастармен бірге полиция бөлімшесінде болғанда Путин портретінің түбінде маска киіп отырған полицей көзіне түсе беріпті. "Бет-жүзін көрсеткісі келмей, ұялған полицей ыстық бөлмеде балаклавасын шешпей отырды" дейді ол.
"Навальный [биліктегі] үрей туралы көп айтқан, бұл соның жарқын мысалы болды".
Ол байқатпай полицейді IPhone-ға түсіріп алып, сол сәтте әлеуметтік желідегі парақшаларына сала қояды. Instagram мен Facebook-та оның 1 миллионға тарта оқырманы бар.
"40 минут өткенде полицейлер телефондарына үңіліп, бір-біріне көрсетіп, күле бастады, наразылыққа шыққан басқа адамдар да телефондарына бір, маған бір қарап отырды" дейді фотограф.
"Бір полицей қабағы қатулана кіріп келді. Ол суретті кім түсіргенін білмеді. Бөлменің мен суретке түсірген тұсына қараған ол: "Ей, оңбағандар, бұларың мүлде дұрыс емес!" деді де, тез кетіп қалды. Қатты ашуланып, жылауға шақ тұрды" дейді Марков.
"Әрине, сол кезде оған "Кешір, жеке басқа еш қатысы жоқ, бұл – бар болғаны менің жұмысым" деп айтсам болар еді" дейді ол.
Азаттықтың Орыс қызметінің материалы.
ПІКІРЛЕР