"Фабрика" қызметкерлері жұмысқа кірерде қызметі туралы ақпарат таратпауға міндеттеледі. Басшылық сыртқа ақпарат шығармау үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Тәртіпке бағынбағандарға күш қолданылған кездер де болған. Соған қарамастан, бұрын ресейлік "Интернет-зерттеулер агенттігінде" жұмыс істеген бірнеше "оператор" журналистерге қандай жұмыспен айналысқанын айтып берді.
2021 жылы 23 ақпанда Twitter әкімшілігі тағы да Петербургтегі "тролльдер фабрикасы" қызметкерлерінің аккаунттарын өшірді. АҚШ пен Еуроодаққа қарсы жалған ақпарат таратқан 31 аккаунт біржола жойылды. Кремльдің боттары әлеуметтік желілерде бірінші рет бұғатталып отырған жоқ. Осыған дейін АҚШ әкімшілігі "фабрикаға" қарсы арнаулы операция да жүргізіп көрген, бірақ атауын бірнеше рет өзгерткен, "Путиннің аспазы" Евгений Пригожинге қатысы бар саналатын агенттіктің қызметі әлі күнге жалғасып келеді.
26 ақпанда АҚШ-тың федералды тергеу бюросы Пригожинді тұтқындауға негіз болатын ақпарат ұсынған адамға 250 мың доллар сыйақы беретінін мәлімдеді. Кәсіпкерге 2016 жылы АҚШ-та өткен президент сайлауына араласты деген айып тағылған.
2018 жылы Оксфорд университеті мен Graphika талдау компаниясы "фабриканың" АҚШ-тағы саяси процестерге әсер ету талпынысына арналған зерттеуін жариялады. Америка қоғамына жік салу үшін тролльдер ЛГБТ, афроамерикалықтардың құқығы мен полицияның қатыгездігі, мигранттар, қару-жарақ айналымы сияқты тақырыптарда провокациялық жазбалар дайындаған. Әртүрлі аудиторияға сол адамдардың көзқарасына сәйкес келетін, көбіне бір-біріне қайшы ақпараттар берілген. Мысалы, консервативті америкалықтар арасында исламға қарсы ұрандар, ал мұсылман америкалықтар арасында ислам діні мен оның құндылықтары туралы жағымды контент пен АҚШ-тың Таяу Шығыстағы сыртқы саясаты туралы сыни жазбалар таратылған.
"Біз әлеуметтік желіде тұрақты шабуылдар толқынын көріп отырмыз. Кремль бұл мәселеге өте салмақты қарайды және ресейлік стандарт бойынша бұған өте көп қаржы жұмсайды. Кремль мен АҚШ-тағы тролльдер елде тұрақсыздық орнатып, америкалық саясатты қаралайтын, қоғамды әртүрлі топтарға бөліп, ашу-ыза туғызатын пікірлер таратады. Ашығын айтсақ, бұл шынымен нәтиже беріп отыр" дейді америкалық сарапшы Джон Шиндлер.
Азаттық радиосы америкалық жаңалықтар порталымен жұмыс істейтін "фабриканың" шетелдік бөлімінің бұрынғы қызметкері Александр Молчановпен (қауіпсіздік мақсатында кейіпкердің аты-жөні өзгертілді) сөйлесіп көрді. Оның ой-пікірі Георгий Чернавиннің "Тролль философиясы" деп аталатын кітабына енген.
Александр копирайтер болып істеуге мүмкіндік іздеп, 2016 жылы "фабрикаға" жұмысқа тұрған. Ол басында өзіне қандай міндет жүктелетінін білмеген. Александр Азаттыққа берген сұхбатында "фабрикадағы" жұмысы туралы әңгімелеп берді.
"ТРОЛЛЬДЕР ФАБРИКАСЫНЫҢ" ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БӨЛІМІ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?
– "Фабрикадағы" алғашқы жұмыс күніңіз қалай өтті?
– Әр бөлімде жұмыспен таныстырып, жаңа қызметкерлерге көмектесіп, қатесін түзетіп отыратын бірнеше жетекші бар. Менің жетекшім "Саған шығармашылық тапсырма: шетелдік жаңалықтар сайтынан мақала оқып, мәселені түсініп, мазмұнын қысқаша жеткізіп, онда қамтылған өзекті тақырыптарға қатысты төрт-бес пікір ұсынуың керек" деді. Әр қызметкерге өте көп сим-карта беріледі. Соларға аккаунттар тіркеледі. Парақшалар жергілікті тұрғын, мемлекеттік қызметкер, қарт адам, жас азамат, әйел, қара нәсілді әйел сияқты әртүрлі прокси бойынша ашылады. Кейіпкерлер көп. Жұмысты меңгеру қиын емес, қызметкердің міндетіне 12 сағат отырып, мақала оқып, пікір жазу кіреді. Күніне кем дегенде 100 пікір жазу керек. 120 болса, тіпті жақсы. Мен жаңалықтар сайты бойынша жұмыс істедім. Басқаларда әлдеқайда салмақты "Нью-Йорк Таймс", "Вашингтон Пост" сияқты басылымдар болды. Біреу Facebook-ті, екінші бір қызметкер YouTube-ті алады. Бұл жұмыс күндіз-түні, тәулік бойы жалғасады. Реакция туғызып, талқылауға негіз болатын пікірлер жазу керек.
– Шетел азаматы екеніңізді жасыру үшін ағылшын тілін жоғары деңгейде білу талап етілетін шығар?
– Тіл деңгейі бірінші күні-ақ тексерілді. Ағылшын тілін жақсы білемін. Тролль екенімді жасыру үшін үнемі сленгпен сөйлеуге тура келді. Бір-екі сөйлемнен тұратын, талқылауға азық болатын қысқа пікірлер қалдыратынбыз. "Вашингтон Пост" және басқа да салмақты басылымдарға тілді меңгеру деңгейі мен берілген тақырып бойынша білімі терең мастодонттар жазатын. Эссе жазатын қызметкерлер де болды. Олар күн сайын екі-бес көлемді хикая жариялап, форумда жанайқайын жеткізіп отырған АҚШ азаматының рөлін сомдайтын. Оқырман Канзаста тұратын шынайы адам жазып отыр деп ойлауы үшін әр жолы кейіпкерлерді ауыстырып, жаңа суреттер, локациялар тауып отыру керек.
– Адамдардың ашу-ызасын туғызу үшін экстремистік, радикалды көзқарастағы пікірлер айту керегі рас па? Пікірталас бастау үшін бір адам оңшыл, екінші адам солшыл көзқарастағы азаматтардың атынан жаза ма?
– Террорға немесе зорлыққа шақыру деген міндет болған жоқ. Мақсат – оқырмандарды АҚШ-тағы билік нашар деген ойға итермелеу. Гей адамдардың некесі заңдастырылды ма? Менің кейіпкерім – пастор-баптист "Не деген масқара, мен мұндай адамдардың некесін қия алмаймын, бұл дінге қайшы келеді" деп ашуланады. Медициналық реформа жүрді ме? "Оның жүзеге аспай қалғаны онсыз да түсінікті ғой". Полиция қара нәсілді азаматты өлтірді ме? "Бұған халықты қорғамаған үкімет кінәлі". Жұмыста 10 шақты адам болып, таңғы жиналыста мына 10 мақаланы алып, оқырмандар арасында алаңдаушылық туғызамыз деп келісетінбіз. Біреу бір тақырып бастайды, екінші адам дәйектер келтіреді. Кез келген мақаланың астындағы бірінші пікір өте маңызды. Оған көп адам лайк қойып, сол туралы жаза бастайды. Бастысы – пікірталас бағытын орнату.
– 10 адам тек жаңалықтар сайтымен жұмыс істесе, шетелдік бөлімде барлығы қанша қызметкер болды? Барлық тілде жұмыс істейтін редакциялар бар ма?
– Біздің қабатта тек шетелдік бөлімдер отырды. Бірақ басқа кабинеттерге кіргізбейтін. Біздің компьютерлік клубқа ұқсайтын үлкен бөлмеде 25 адам отырды. Facebook-ке жазатын жігіттер үлкен үстелде отыратын, үш-төрт адам эссе дайындайтын. Бөлмедегілердің негізгі бөлігін біз – жаңалықтар сайтымен жұмыс істейтін қызметкерлер құрайтын. Тілді өте жақсы білетін және өз жұмысын төрт сағатта бітіретін жоғары деңгейлі бес сарапшы болды. Бізге қарама-қарсы суреттермен жұмыс істейтін бөлім отырды. Олар оқырмандардың назарын аударатын әртүрлі мемдер жасайтын. Мақсаты – адамдарды мем немесе тартымды сурет арқылы сілтемені басуға итермелеп, трафикті қамтамасыз ету. Үлкен орыстілді бөлім Ресей, Қазақстан, Украина деп бөлінген. Онда "Ресей – мықты, Қырым – біздікі" деген идеялар таратылатын.
– Ағылшынтілді оқырмандарға да "Ресей бәрінен мықты" деп жазу керек пе?
– Ресей тақырыбы тікелей көтерілмейтін. Мысалы, Путин туралы бір хикая болса, "Жігіттер, қараңдар, Америкада ештеңе жұмыс істемейді, ал Ресей сияқты түсініксіз елдің өзінде мынадай нәрселер бар" деп жазуға болады. Бірақ тікелей "иә, Ресей – мықты" дей алмайсың. Аризонада тұратын адам Ресейді қорғап қайтеді?
– Кейіпкеріңіз күдік туғызбауы үшін оған жеке ақпараты бар парақша ашасыз ба?
– Сайтқа емес, пікір қалдыру құқығын беретін сервиске тіркелесің. Оған көп ақпарат керек емес, ал Facebook-ке жазатын адамдар парақшасын толтырып, оны ұзақ уақыт бойы жүргізіп, шынымен жеке ақпаратында көрсетілген компанияда жұмыс істейтіндей сыңай танытатын. Парақшаны жүргізіп отыру үшін тамағын суретке түсіретін. Facebook-те пікір қалдырушылар белсенді, сондықтан ол жақта ұрыс-керіс шығарып, қызу талас туғызуға болады.
ТРОЛЛЬДЕР ҚАНШАЛЫҚ ЖИІ ӘШКЕРЕЛЕНЕДІ?
– Оқырмандар кейіпкердің тролль екенін әшкерелейтін кездер жиі бола ма?
– Әшкерелеу деген не? Саған біреу "Тролль екеніңді білеміз" дейді. Ал сен оған жауап ретінде "Біз сенің тролль екеніңді білеміз" дейсің. Одан не шығады?
– Қанша кейіпкердің атынан пікір жаздыңыз?
– 50-60. Америка бойынша карта жасап қойдым. АҚШ-тың барлық бөлігінде, әсіресе, қандай да бір оқиғалар болып жатқан аудандарда тұратын кейіпкерлерім болды. Үнемі әртүрлі парақшаларға кіріп, қайта шығып отыруға тура келетін. Бұл әдетке айналып, тоқтаусыз жұмыс істейтін құрылғы сияқты ойлана бастайсың.
– Жетекшілер "Алты баптист, бір гейге парақша ашыңдар" деп айта ма? Әлде мұның бәрін өздеріңіз жасайсыздар ма? Қандай кейіпкер ойлап тапқаныңызды ешкім тексермей ме?
– Жоқ, бәрі қатаң болатын, нақты тапсырма беріледі. Мысалы, Вьетнам соғысына немесе Ирактағы қақтығысқа қатысқан ардагер, әлеуметтік қызметкер, жәрдемақыға күн көретін, бодипозитивті қолдайтын толық әйел, колледжге түсуді жоспарлап жүрген жас жігіт, қаранәсілді адам немесе мексикалық азаматтың атынан жазу керек деп айтылатын. Менде тіпті, "Оңбағандар, сендер біздің күл-талқанымызды шығардыңдар” деп жазатын бірнеше үндіс те болды. Гей-некелерге қатысты реформаға байланысты гейлерді қолдайтын парақшалар мен консерватор кейіпкерлер ойлап табуға тура келді. Билікте кім ашық гей екенін көрсететін кесте болды. Оны пайдаланып, "Үкіметте не болып жатқаның қараңдар" деп жазасың. Басқалар керісінше, "Жоқ, әркімнің өз құқығы бар" дейді.
– Яғни, сіз гей некелерді қолдап жазып, бес минуттан кейін өзіңіз қалдырған пікірге гомофоб азаматтың атынан жауап бересіз бе?
– Бәрі пікірлерге байланысты. Басқа пікір болмаған кезде ғана өзіңе жауап жазасың. Ал қалған кезде гейдің атынан жазғаннан кейін өзге жаңалықтар бойынша басқа кейіпкердің атынан пікір қалдыруға кетіп, бір сағаттан кейін оралсаң, саған 50 адам реакция білдіріп кетеді. Соларға жауап жазасың. Басында гей, кейін дін қызметкері, артынша полицей, соңында үндіс боласың. Біреу "Сүйісіп жатқан екі ер адамның қасынан өттім, фуу, жүрегім айнып кетті, солай етуге бола ма?" деп жазады. Келесі жолы "гей парад, алақай, қаралы күнде той тойлау!" деген пікір айтады. Барлық жерде "не Америкадағылардың бәрі есінен ауысқан, не бәріне үкімет кінәлі" деген астар жатыр.
– Бір тролль жанындағы екінші тролльге жауап жазатын кездер бола ма?
– Иә, осындай жиналыс болған. Бәрі кейіпкерлерін көрсетті, өз адамдарымызға жауап бермейміз деген нұсқау берілді. Біраз уақыт бәрі осы ережені ұстанып жүрді де, кейін қайтадан ұмытып кетті. "Мынадай есімді қолданушының атынан мен жауап беріп отырмын, неге жауап жазасың?" дейтін күлкілі жағдайлар да болып тұратын. Келісуге тырысатынбыз.
– Бұл психикаға ауыр емес пе?
– Өте ауыр. 12 сағат бойы экранның алдында отырасың, оның үстіне, осының бәрін оқу керек. Жұмыс кестесі бойынша, екі күн істеп, екі күн демаласың. Басқа адаммен ауысуға болады. 5 күн бойы 12 сағаттан жұмыс істесең, төртінші күні көп нәрсені түсінуден қаласың. Кей қызметкерлер жұмыстан алшақтап кеткендей сезімде болатын. Ондай сезім менің басымнан да өтті: бәрін салмақты жасап жатқаныңа сене бастайсың, қандай да бір даулар, моральдық дилеммалар пайда болады. Шынымен басым ауыратын. Сондықтан төрт айдан кейін ол жақтан кетіп қалдым.
ҚАНША ТӨЛЕЙДІ?
– Қанша жалақы алдыңыз? "ВКонтакте" немесе Facebook парақшасына орыс тілінде пікір жазатын бөлімдерде қызметкерлерге айына небәрі 40-45 мың рубль төлеген. Бірақ сіз ерекше позицияда жұмыс істедіңіз ғой?
– Ешқандай ерекшелігі жоқ, бәріне шамамен 45 мың рубльден төлейтін. Одан бөлек, қосымша ауысымға шығу мүмкіндігі болды. Түнгі ауысымда істейтін бөлімге көбірек ақша төледі. Көп лайк жинайтын пікір жазсаң, кішкене үстеме ақша қосатын. Бірақ шынымды айтсам, үстеме ақшасы болмайтын тиын-тебен ғана. Қатаң айыппұлдар болды. Бір минутқа кешіксең, жалақыдан мың рубль ұстап қалады. Жұмысқа әр қызметкер аты-жөні жазылған карточкамен кіреді: 5 минутқа кешіксе, 5 мың рубль айыппұл салады. Жақсы жұмыс істесең де, бәрібір қолыңа 40 мың рубль аласың. Өйткені кешіккен күндерің үшін 5 мың рубль алып қояды. Айыппұлдың жиі болатыны соншалық, 45 мың рубль алу үшін кәдімгідей күш салу керек. Яғни, олар – өте сараң адамдар. Тек IT мамандарға ғана жақсы ақша төлеген шығар деп ойлаймын. Бірінші қабатта сервер бөлмелері болды. Онда төбеге дейін сервер құрылғылары тұрады, температураны бір қалыпта ұстау үшін кондиционерлер қосылады. Міне, сол жерде көзілдірік киген IT мамандар жұмыс істейді.
– Сізге неге үндіс не гей болып пікір жазуыңыз керегін түсіндіретін қандай да бір ақпараттық жұмыстар жүрді ме?
– Курстар мен шеберлік сыныптары болды. Онда не болып жатқанын түсіндіретін. Бірақ неге бұлай жасап жатқанымызды ешкім сұраған да жоқ. "Осындай жұмыс бар, ұнаса – жақсы, ұнамаса, кете бер" дейді. Жұмыс кезінде шылым шегуге шыққанда өзара сақ болып, сөйлесетінбіз. Лингвистикалық мәселелерге байланысты пікір таластырып, белгілі бір сөздерді ағылшын тілінде қалай дұрыс айтуға болатынын талқылайтынбыз. "Мұның бәрін не үшін істеп жүрміз?" деген сұрақ болмайтын. Істеу керек, болды.
– Сіздің сүйікті кейіпкеріңіз болды ма?
– Одан да қай кейіпкердің есімде қалғанын айтайын: ештеңеде шаруасы жоқ, ақ нәсілді, республикашыл ардагер болды. Ол бәріне өзі қол жеткізген, тіпті тозығы жеткен комбайнын да өзі сатып алған. Одан бөлек, 18 жастағы қара нәсілді рэпер болды. Ол "Неге мені есірткі сатады деп ойлайды? Бұл қандай стереотип? Достарымның бәрін атып өлтірді, олар 16 жасқа жетпей көз жұмды. Бізді шіркей құрлы көрмейді, бұл туралы ешкім жақ ашпайды" деп жазатын. Салмағы екі центнерге жуық толық әйел медициналық реформаға наразылық білдіреді. Оның атынан "Дұрыс қызмет көрсетілгенін қалаймын. Неге маған көмектеспейтін дүниеге екі-үш мың доллар төлеуім керек?! Осы себептен ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркеліп, мүмкіндік бар кезде мемлекеттің қанын ішіп, есімнен танғанша тауық етін жеймін" деген пікірлер жазылады.
КЕЙІПКЕРЛЕРДІ КІМ ОЙЛАП ТАБАДЫ?
– Бұл кейіпкерлердің бәрін жетекшілер ойлап тапты ма?
– Олар жай ғана нұсқалар ұсынады, ары қарай өзім ойлап табамын. YouTube-тегі жаңалықтардан куәгерлердің видеосын көріп, олардың түрін, жасын, не туралы айтатынын біліп аламын. Мысалы, Америкада тұратын, жергілікті халықтың арасына сіңісіп кеткен араб кейіпкер шығару керек болса, "Сақалым болғаны үшін ғана мені террорист деп есептейсіңдер ме?" деп жазамыз. Кейіпкерлер жазатын "Мектептен келе жатқанымда, оқ дауысын естідім. Велосипедте едім, барып қарасам, мынадай оқиға болып жатыр екен" деген хикаяларды өзіміз ойлап табатынбыз.
– Сайлау кезінде америкалық саясаткерлердің бір тобын сынап, кейбірін мақтау туралы тапсырма берілген жоқ па?
– Арасында мұндай тапсырмалар да болып тұратын. Кейде таңертең админ келіп, "Бүгін демократтарды қолдаймыз" немесе "Республикашылдарға жақтасамыз" деп бағыт беріп кетеді. Ондайда "Мына шаршаған мемлекетті тым болмаса Трапм аяғынан тұрғызсын. Кім болса да, Обамадан басқа адам болсын" деп жазамыз.
– Барлық кінәні Обамаға артасыздар ма?
– Толық қара нәсілді әйел жазса, ол "Бауырым, саған рақмет, сен біздің қоғамға назар аудардың. Ұлым кісі өлтіргені үшін 10 жылдан бері түрмеде отыр. Сен әйтеуір, көмектесіп жатырсың" деп, Обаманы мақтайды. Басқа кейіпкерлердің атынан "Obamacare – жалған әрі пайдасы жоқ дүние" деген пікір жаудырамыз. Яғни, кез келген мақтау негативке айналып шыға келеді.
– Сіз тек Америка оқырмандарымен ғана жұмыс істедіңіз бе? Басқа ағылшынтілді мемлекеттер бойынша тапсырмалар болмады ма?
– Тек Америка бойынша жұмыс істедім. Ұлыбритания бойынша тапсырмалар болған-болмағанын білмеймін. Жұмыста жүрген соңғы айларымда араб және қытай тілінде пікір жазатын шығыс бөлімі құрылды. Ол жаққа тілді білетін салмақты мамандар алып, оларға көбірек жалақы төленетін болды.
– Сізге басқа бөлімдерге кіруге рұқсат бермеді ме?
– Иә, "басқа кабинеттерге кіруге болмайды" деген ереже бар. Дәлізде серуендеуге де болмайды. Асханаға барып немесе шылым шегуге шығып, кері қайтамыз.
– Сіздің бұрынғы әріптесіңіз әлі күнге ары мазалап, осындай іспен айналысқаны үшін ұялатынын, "фабриканы" әшкерелегісі келетінін айтты. Сізде ондай сезім болмай ма?
– Шынымды айтсам, жоқ. Интернеттегі біреудің сөзіне сену – барып тұрған ақымақтық. Жаңалық оқымаймын, саяси акцияларға қатыспаймын, ешқандай саясаткерге сенбеймін. Осыған дейін де біраз уақыт саясатта жұмыс істеп, Ресейді аралап, мемлекеттік думаға сайлау кезінде деректер жинаумен айналысқанмын. Сондықтан мұндай лас істерге таңғалған жоқпын, бәрін жақсы түсіндім. Бұл – жай ғана тәжірибе.
ПІКІРЛЕР