Accessibility links

Тролльдар ордасын әшкерелеу


Людмила Савчук.
Людмила Савчук.

Санкт-Петербургтегі «Интернет-зерттеулер» компаниясының бұрынғы қызметкері Людмила Савчук мекеменің үстінен сотқа шағымданған.

Маусымның 1-і күні Санкт-Петербург қаласы Петроград аудандық сотында жұрт «интернет-тролльдар фабрикасы» деп атап кеткен ұйым өкілдеріне қарсы сот өтеді. Қоғамдық белсенді әрі осы ұйымды әшкерелеуді ұйғарған бұрынғы «жалдамалы тролль» Людмила Савчук «Интернет-зерттеулер» компаниясы үстінен сотқа шағымданған.

Людмила Савчук бұрын да сұхбат берген, бірақ журналистерден аты-жөнін көрсетпеуді сұраған. Енді ол «Ақпараттық әлем» тобын құрып, «Ольгино тролльдары» (кеңсесі Санкт-Петербургтағы «Ольгино» темір жол станциясы маңында орналасқан мекемені жұрт солай атайды) ұйымына қарсы ашық күресуді ұйғарған. Ол Иван Павловтың «29» тобындағы адвокаттардың қолдауымен «Интернет зерттеулер» компаниясын сотқа берген. Людмила Савчук компанияны не мақсатпен сотқа бергенін айтпас бұрын, өз басынан өткен оқиғаны баяндады.

– 2014 жылдың желтоқсанында әлгі мекемеге кіру мүмкіндігі туды. Қаптаған хабарландыруларын көріп, олардың немен айналысатынын тексеріп көргім келді. Қаңтардың 2-сі күні міндетіме кірісіп, бірінші күннен бастап ақпарат жинап, журналистерге беріп отырдым.

– «Интернет-зерттеулер» компаниясында жұмыс істейтіндер немен айналысады?

– Ол жерде жүздеген адам отырады. Бірнеше ауысымға бөліп тастаған әлгі адамдар тәулік бойы жұмыс істеп, әлеуметтік желі, блогтарға мыңдаған комментарий, мәтін, постар жазады. Сурет салып, видеоблогтар жүргізеді... Олар орыс тілді интернет қана емес, ағылшын тіліндегі сайттарда да отырады. Кәдімгі адамдардың кейпіне еніп, БАҚ-та жарияланған материалдарға комментарийлер жазады, блогтар жүргізеді. Жоғарыдан ауызша немесе жазбаша түсетін идеяларды жұрт санасына тықпалайды.

– «Интернет-зерттеулер» компаниясынан кеткен кезде берген алғашқы әшкерелеуші сұхбатыңызды бұрынғы әріптестеріңіз қалай қабылдады?

– Әлгі мекеме мүлде жоқ ұйым сияқты түр танытады. Журналистер де, қарапайым азаматтар да айналшықтап, суретке түсіріп жатқан ұйымның қандай мекеме екенін қазір бүкіл әлем біледі. Қазір олардың ешқайсысымен араласпаймын. Әлгі жерде отырғандардың ішінде дені дұрыс адамдар бар сияқты көрінген. Кезінде кейбірін түкке тұрғысыз сол шаруаны тастауға көндіруге тырысып көргенмін. Бірақ олар бас тартты, әлі жұмыс істеп жүр. Ол жақтағы жайттарға бей-жай қарамайтын Марат Буркхард деген блогер жігіт қана бар. Кезінде екеуіміз қатар жұмыс істегенбіз, қазір сөйлесіп тұрамыз. Ол да сұхбат береді. Бұл құбылыстың қыр-сырын жүрген жерімізде айтып келеміз. Қазір жалғыз сол жігітпен ғана араласамын.

– Бұрынғы әріптестеріңізден ешқандай ақпарат алмайсыз ба?

Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы «Интернет-зерттеулер» компаниясының кеңсесі орналасқан ғимарат.
Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы «Интернет-зерттеулер» компаниясының кеңсесі орналасқан ғимарат.

– Бұл сұрағыңызға жауап бере алмаймын. Өйткені, мүмкін ол жақта тролль болып жалданып емес, мен сияқты ақпарат жинау мақсатымен отырғандар бар шығар. Басқа ештеңе айта алмаймын.

– Ал әлгі ұйымды қандай мақсатпен сотқа бердіңіз?

– Бүгін осы тақырыпқа жазылған мақаланы оқыдым. Кейбір тұстары дұрыс ашылмаған. Адвокат Иван Павлов басқаратын «29» компаниясы заңгерлерімен кеңесіп, әлгілерді әшкерелеудің әзірше жалғыз амалы – еңбек заңын бұзғаны үшін сотқа беру деп шештік. Өйткені, ол фабрика жүздеген адамды жинап алған, бірақ оларды жұмысқа ресми түрде қабылдамайды, жақпаса – жұмыстан шығарып жібереді, жалақысын төлемей қояды, айыппұл салады. Салық та төлемейді. Жалақыны қолма қол ақшамен береді. Тіпті конверт те жоқ. Ақшаны бухгалтердің қолынан аласың. Ал бұл тиісті органдардың назарына ілінбейтін «арам жалақы» екені түсінікті. Мемлекеттің қыруар ақшадан қағылып жатқанына билік пен қоғам назарын аударғым келеді.

Адвокат Иван Павловтың «29» тобы заңгері Дарья Сухих алдағы сот процесінің негізгі мақсаты бөлек екенін айтады.

– Біз мұны заң тұрғысынан былай негіздемекпіз. Кезінде Людмила әлгі «тролльдар фабрикасына» жұмысқа орналасқан. Жұмыс берушілер онымен еңбек қатынасын ресми түрде ресімдемеген. Бірақ, еңбек кодексіне сәйкес, қызметкер өз міндетіне кіріскен сәттен бастап ұйымда жұмыс істейді деп саналады. Демек, ондай қызметкер еңбек заңында қарастырылған барлық нормаларды пайдалануға құқылы. Людмиланың жұмысқа орналасқаны құжат жүзінде ресімделмеген. Соңғы жұмыс күні оған уәде етілген жалақыны толық төлемеген. Әлгі фабрика жайлы ақпарат жинағаны үшін ешқандай ақша төлеместен, оны жұмыстан шығарып жіберген. Сол мекеменің немен айналысатынын білу үшін жұмысқа кірген, ал кейін олар бұл мақсатын сезіп қалып, оны жұмыстан шығарып жіберген. Әзірше талап арызымызда «еңбек ету құқын қорғауды, оны жұмысқа қабылдауды да, жұмыстан шығаруды да құжат жүзінде ресімдеп, жалақысын төлеуді талап етеміз» деп бердік. Бірақ, шын мәнінде, негізгі мақсатымыз бұл емес. Людмила да, біздің командамыз да жұртқа әлгі ұйымның шын бейнесін көрсеткіміз келеді әрі заң мен сот алдында өзінің немен айналысатынын жария түрде түсіндіруін талап етеміз.

XS
SM
MD
LG