Accessibility links

Алматы мен Нұр-Сұлтанда митинг өтетін аумақта интернет өшірілді, жиналғандарға ескерту жасалды


Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда жедел жәрдем көлігі, интернетті бұғаттайтын құралға ұқсас жабдығы бар көліктер тұр. 27 наурыз 2021 жыл.
Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда жедел жәрдем көлігі, интернетті бұғаттайтын құралға ұқсас жабдығы бар көліктер тұр. 27 наурыз 2021 жыл.

Алматы мен Нұр-Сұлтанда митинг өтеді деген аумақтарда интернет өшірілді. Билік жиналғандарға ескерту жасап жатыр.

Алматыда Шоқан Уәлиханов атындағы алаң қоршалмағанмен онда өте көп полиция қызметкері жүр. Айналаға жедел жәрдем көліктері, автобустар қойылған. Бұған дейін тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясы өкілдері жақтастарын осы алаңға келуге шақырған еді.

Белсенді Инга Иманбайдың айтуынша, аумақта интернет күндізгі сағат 11-де болмаған. Кейбір азаматтар алаңнан жоғары қарай да байланыстың нашар екенін айтты.

Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасының өкілі Айдар Есімбеков алаңға жиналып жатқан адамдарға "індет өршіген шақта қоғамдық шара өткізуге болмайтынын" ескертіп, тарауды ұсынды. Бірақ жиналғандар "жер мәселесінің маңыздылығын" алға тартып, қалай болғанда да митингінің өтетінін айтты.

Қоғамдық даму басқармасының өкілі Азаттық тілшісіне "жиналғандарға бірнеше рет ескерту жасаймыз, егер тарамаса полиция, құқық қорғау органдары өздері шешім қабылдайды" деп жауап берді.

Мұнда бетін бүркеген, қара киген адамдар да байқалады. Бұған дейін осыған ұқсас митингілер кезінде бетін бүркеген белгісіз біреулер ақпарат құралдарына оқиғадан хабар таратуға кедергі жасаған еді.

Астанада митинг өтеді делінген цирк аумағын полиция тұтас қоршаған. Нұр-Сұлтан, 24 сәуір 2021 жыл.
Астанада митинг өтеді делінген цирк аумағын полиция тұтас қоршаған. Нұр-Сұлтан, 24 сәуір 2021 жыл.

Ал Нұр-Сұлтанда митинг өтеді делінген цирк аумағы тұтас қоршалған. Әр жерде полиция көліктері тұр. Алматыға қарағанда митинг өтеді деген аумақта жүрген адам өте аз. Азаттық тілшісі қоғамдық көлікте билет тексеретін униформа киген адамдардың аялдамада тұрған адамдарды "автобус келмейді, тараңдар" деп қуып жатқанын көрді.

Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі де орталық саябақ маңында қауіпсіздік шарасы күшейтілгенін, ондаған полиция көлігі қаз-қатар тізіліп тұрғанын айтты.

Орталық саябақ маңына қойылған полиция көліктері. Шымкент, 24 сәуір 2021 жыл.
Орталық саябақ маңына қойылған полиция көліктері. Шымкент, 24 сәуір 2021 жыл.

Жанболат Мамай бастаған Қазақстанның демократиялық партиясын құру бастама топ өкілдері шетелдіктерге орман шаруашылығы үшін ұзақ жылға жер беруге мүмкіндік беретін парламентте жатқан жер қатынастары туралы заң жобасына қарсылық білдіретінін айтқан. Аталған топ бұған қоса, Қазақстанда қытайлық 56 зауыт құрылысын тоқтатуды талап ететінін де хабарлаған.

Бұған дейін Шымкент, Орал, Нұр-Сұлтан, Зайсан ауданы (ШҚО) және өзге қалалар мен елді мекендерде белсенділердің бейбіт митинг өткізу туралы өтініштері қабылданбағаны хабарланған. Жергілікті атқару органдары оларға коронавирус індетін алға тартып, қоғамдық шара өткізуге болмайтынын айтқан. Алматы СЭС-і де осы аптада тіркелмеген партия өкілдеріне митинг өткізуге болмайтынын ескерткен.

Митинг қарсаңында жер-жерде белсенділердің полицияға шақыртылып, қамалғаны хабарланды. Сенбі күні таңертең Шымкентте кемінде үш белсендіге полиция митингіге баруға кедергі келтірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG