Accessibility links

Бауыржан Байбек оппозиция белсендісі Жанболат Мамайды сотқа берді


Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашы топ жетекшісі Жанболат Мамай "несие амнистиясы", жерді шетелдіктерге сатпау және Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны елден шығаруды талап еткен митинг өткізіп тұр. Алматы, 13 қыркүйек, 2020 жыл.
Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашы топ жетекшісі Жанболат Мамай "несие амнистиясы", жерді шетелдіктерге сатпау және Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны елден шығаруды талап еткен митинг өткізіп тұр. Алматы, 13 қыркүйек, 2020 жыл.

Биліктегі "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек саяси белсенді Жанболат Мамайды және оның әйелі Инга Иманбайды сотқа берді. Заңгер Айжан Ташенова Алматыдағы Әуезов аудандық №2 сотына Байбектің "ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы талап арыз бергенін" Facebook парақшасында хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, Бауыржан Байбек партия өкілі ретінде емес, жеке тұлға ретінде арыз берген және "жауапкерлерді қылмыстық және әкімшілік жолмен қудалаудан бас тартып, тек азаматтық іс шеңберінде қалуға шешім қабылдаған". Бұған қоса ол "моральдық шығын үшін материалдық өтемақы талап етпейтінін" де айтқан.

Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашы топ жетекшісі, билікке қарсы пікір айтып жүрген саяси белсенді Жанболат Мамай сәуірде Youtube-тегі "Демократиялы Қазақстан/Демократический Казахстан" арнасында "Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы" атты видео жариялаған. Деректі фильм стилінде түсірілген видеода Жанболат Мамай Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекті "мемлекеттік қызметте жүріп үлкен бизнес-империя құрды", "Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапты", "құрылысқа және көлік тұрағына" қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің "жерін берді", "пара алды", "көмір мафиясын құрды" және Алматыдағы ЖЭС-2-ні "газға көшіруді кешеуілдетті", "адам құқықтарын бұзды" деп айыптайды.

Байбектің заңгері жауапкерлер бұл сөздерді "нақты фактілер мен құжаттар негізінде дәлелдеуді" талап етті.

Мұның алдында берген сұхбатында "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Жанболат Мамайды "тірі өлік" деп атап, оны сотқа беретінін мәлімдеген.

Ал Азаттыққа сұхбатында Мамай сотқа дайын екенін, Байбекті ашық дебатқа шақыратынын айтқан.

Талап арыз берілгенін растаған белсенді Инга Иманбай Facebook-тегі парақшасында "Ұрыны ұры дегенім үшін соттаса, соттасын. Өлсем де сөзімнен бас тартпаймын" деп жазды. Әрі бұл сот "сөз бостандығы жолындағы, ұрыны "ұры" деп атау құқығы жолындағы күрес болады" деді.

Жанболат Мамай – ұзақ жылдан бері билікке өткір сын айтып жүрген журналист әрі саяси белсенді. Ол 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғалары кезінде "әлеуметтік араздықты" қоздырды деп істі болып, кейін "шын өкінуіне байланысты" қылмыстық жауаптылықтан босатылған.

Алматы соты 2017 жылғы қыркүйекте "банктен ақша жымқырды, қылмыстық топ құрды және оны басқарды" деп, сырттай ұзақ жылға сотталған, қазір шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың ұрлаған қаржысының бір бөлігін газеті арқылы жасырған" деген айыппен оның бас бостандығын 3 жылға шектеу туралы үкім шығарған.

Мамай 2019 жылы қыркүйекте оппозициялық бағыттағы Демократиялық партия құратынын жариялаған. Алайда, "бастамашыл топ мүшелеріне және белсенділерге қысым жасалуына байланысты" партияның 2020 жылғы 22 ақпанға белгілгенген құрылтай съезі өтпей қалды, оның орнына Мамай бастаған топ сол күні наразылық митингіне жиналды.

Содан бері Жанболат Мамай мен оның серіктері наразылық митингілерін жиі өткізіп тұрады. 2021 жылғы 10 қаңтарда және 28 ақпанда наразылыққа шыққан оны полиция жасағы бір топ жақтасымен қоса сағаттап құрсауда (кеттлингте) ұстаған. Халықаралық ұйымдар полицияның бұл әрекетін "адам құқықтарын бұзу" деп атады.

Оның әйелі әрі саяси күрестегі серіктесі Инга Иманбай Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюрода адам құқықтарын қорғаумен айналысады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG