Accessibility links

Петропавл соты "ҚДТ-ны қолдады" деп айыпталған белсенді Нұрбол Өнерханды түрмеге қамады


Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан енді алты ай түрмеде отырады. Петропавл қаласы Ғабит Мүсірепов ауданы Старобелка ауылы. 14 ақпан 2020 жыл.
Азаматтық белсенді Нұрбол Өнерхан енді алты ай түрмеде отырады. Петропавл қаласы Ғабит Мүсірепов ауданы Старобелка ауылы. 14 ақпан 2020 жыл.

4 мамырда Петропавлдағы Ғабит Мүсірепов аудандық соты "экстремистік деп танылған ұйым жұмысына араласты" деп айыпталған белсенді Нұрбол Өнерханға үкім шығарып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын 6 ай 2 күнге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды.

2020 жылы 2 қарашада сот Өнерханды елде экстремистік деп танылған, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясы" қозғалысын қолдады деп айыптап, бір жылға бас бостандығын шектеген.

Биыл 27 сәуірде жергілікті пробациялық бақылау қызметі Өнерхан жазаны өтеу шарттарын бұзды деп, оның бас бостандығын шектеу жазасын түрме жазасына ауыстыруды сұраған.

Сот барысында Өнерханға пробациялық жұмыстарға кешікті, бірнеше рет рұқсатсыз үйден шықты, профилактикалық әңгімелесуге келмеді деген айыптар тағылды. Пробациялық қызмет белсендіге төрт рет ескерту қағазы жіберілгенін алға тартады.

Өнерхан пробациялық жұмыстарға кешікті деген айыппен келіспей, бұл туралы жауапты адамдарды алдын ала ескерткенін айтқан. Қалған айыптарды да негізсіз санап, ол үшін маңызды себептері болғанын жеткізген. Бірақ сот дәлелдердің аздығына алға тартып, оның бас бостандығын шектеу жазасын түрмеге қамау жазасымен ауыстыру туралы шешім шығарды. Өнерханды сот залынан бірден қамауға алды. Белсендінің заңгері Константин Дарий соттың шешімімен келіспейтінін, аппеляциялық шағым түсіретінін айтты.

Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептердің бірінде сабақ берген 27 жастағы Нұрбол Өнерхан елде қызметіне тыйым салынған ҚДТ қозғалысының жетекшісі, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "идеологиялық және заңға қарсы әрекеттерін әлеуметтік желіде қолдады" және "Көше партиясы" қызметіне араласты" деп айыпталған. Белсенді "ҚДТ-ны қолдайтынын, бірақ қозғалысқа мүше емес" екенін айтқан болатын.

Өнерхан 2019 жылдың қазанынан бері Youtube, Instagram әлеуметтік желілерге видео жариялап, елде "диктаторлық жүйе орнағанын, биліктің саяси реформалар жүргізбей жатқанын" сынаған еді.

Қазақстан билігі ҚДТ мен "Көше партиясын" қолдайтындарды жиі қудалап, сотқа тартады. Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды "экстремизмге қарсы заңдарды" қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, ҚДТ мен "Көше партиясының" ісіне араласты деп айыпталған немесе күдікке ілінгендердің саны 300-ден асып жығылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG